Жаңалықтар

«Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

ашық дереккөзі

«Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, депи хабарлайды turkystan.kz Халықаралық Түркі академиясының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. “Достық” үйінде өткен ауқымды шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге өлшеусіз үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қорытындылауға, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті перзенттері Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Тағылымды шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев,  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев,  Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты  Каныбек Иманалиев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы  Мәмбет Қойгелдиев, белгілі қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты. Конференция аясында Жүсіп Абдрахмановтың қызметіне және Қырғыз Республикасының құрылуына қатысты архив материалдары мен тарихи фотосуреттерден арнайы көрме ұйымдастырылып, Қасым Тыныстанов өлеңдерінің түрік тіліне аударылған академиялық жинағы таныстырылды. Конференцияны Халықаралық Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Алқалы жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қырғызстандық әріптесіне Қазақстанға арнайы сапары үшін ризашылығын білдіріп,  қазақ пен қырғызға ортақ тұлғаларды ұлықтауға арналған салтанатты жиын екі елдің рухани байланысын биік белеске көтеретін игі бастама екенін атап өтті. Өз кезегінде Қырғыз Республикасының  Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов қонақжай қабылдауға алғыс айтып, тағылымды шараның бауырлас халықтардың бекем достығының айқын көрінісі екенін жеткізді. Мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерінен кейін танымал тарихшы ғалымдары баяндамалар оқып, Ж. Абрахманов пен Қ. Тыныстанов және  ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз зиялылары туралы ғылыми жаңалықтармен бөлісті. Конференциядан қатысушылар Жамбыл жылына орай Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Жамбыл жырау» операсын тамашалуға қатысты.