Жаңалықтар

Ұлттық музейде «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрме ашылды

ашық дереккөзі

Ұлттық музейде «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрме ашылды

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты  көрменің ашылуы өтті.  

Мақсаты – Ұлт көшбасшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметі және өмір жолымен байланысты шынайы оқиғаларға негізделген көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туындыны көрермен назарына ұсыну.

Тарихи шығарманың сюжеті №8 Кәсіби-техникалық училищенің түлегі Н.Назарбаевтың 1960 жылы Алматы облысы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесу сәтіне құрылған. Кездесуге болашақ Президенттің қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалған арнайы мақаланың «Дзержинецъ» газетінде жарық көруі себеп болды.

Бұл картинаның ерекшелігі – ауылдастардың қуанышқа толы басқосуын бейнелеген суретшінің басты рөлдегі жас жігіттің келбеті мен мінезінен көрнекті қоғам қайраткеріне тән болмысын байқауында. Кейін бұл тарихи тұлғаның мол ерік-жігері мен кемеңгерлік қасиеттерінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танылып, әрі оның тең құқылы мүшесі атанып, тәуелсіз демократиялық мемлекетке айналды.

Н.Третьяковтың «В начале Большого пути» атты туындысы ұстаздары А.Черкасский мен Л.Леонтьевтің бейнелеу стилінің ықпалын көрсететін «импрессионистік» сипатта жазылған.

ҚР Ұлттық музейінде өткен бұл көрмеге Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың фотоқұжаттары да қойылды. Көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туынды көрермен көңілінен шықты.