Швейцария банктерінде басшылық қызмет атқарған қазақ Қазақстанды әлемге танытқысы келеді

Швейцария банктерінде басшылық қызмет атқарған қазақ Қазақстанды әлемге танытқысы келеді

Швейцария банктерінде басшылық қызмет атқарған қазақ Қазақстанды әлемге танытқысы келеді
ашық дереккөзі
Атахан Тосун – Түркияда дүниеге келгенімен, Швейцарияда өсіп-өнген қазақ. Қаржыгер мамандығын игерген ол он жыл бойы Швей­царияның беделді банктерінде жұмыс істеп, басшылық қызмет атқарған. Бірақ 2015 жылы атажұрты – Қазақ­стан­ға саяхаттап келген соң, туризм ісін дамытуды қолға алып, INDY GUIDE халықаралық платформасын құрастырып шығарған. Орта Азия елдеріне сая­хат жасайтын туристерге қызмет түрлерін ұсы­натын бұл плафторманың аз уақыт ішінде қол­данушылар саны арта түсті. Алдағы уақытта Швей­цариядан кем түспейтін Қазақстан табиғатын әлем туристеріне танытқысы келетін қандасымызға хабарласып, әң­гіме өрбіткен едік.  width=– 2016 жылдан бері Қазақстан туризмін дамытуға үлес қосып жүрсеңіз де, көпшілік сізді танымайды. Сіз құрған INDY GUIDE халықаралық платформасы көп жерде швейцариялық компанияның өнімі деп жазылып жүргендіктен, елдегілер бұл істі еуропалықтар жүргізеді деп ойласа керек. – Оныңыз рас. Қазақстан туризмін дамытуға атсалысып жүрсем де, мені көпшілік танымайды. Бәлкім, елдегі қоғаммен байланыс орнатуды дұрыстап қолға алу керек шығар. Оның үстіне, контентті ағылшын тілде әзірлеймін. Алдағы уақытта қазақ және орыс тілінде жазуды жоспарлап жүрмін. Осы орайда Қазақстандағы көпшілікке өзімді таныстыра кетсем, аты-жөнім – Атахан Тосун. Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын қазақтың бірімін. Осында өсіп-өнгеніммен, Түркияның орталық бөлігінде орналасқан Алтай елді мекенінде дүниеге келдім. Атам мен әжем елуінші жылдары Алтайдан үдере көшкен қалың елмен бірге Түркияға қоныс аударып, Алтай ауылына тұрақтаған. Кейін мен 6 жасқа толған кезде Швейцарияға көшіп баруды ұйғарған. Осы ретте мұндай сын сәтте сабырлық танытқан ата-анамның алдында бас иемін, олар – үлгі тұтар адамдар. Швейцарияға қоныс аударғанда жергілікті халық сөйлейтін тілді білмегендіктен, өз ортасы әрі көп қаражаты жоқ болғандықтан бастапқыда оларға қиын болған. Ол уақытта бүкіл Швейцарияда тек екі қазақ отбасы тұратын, Цюрихке қоныстанған бізден бөлек, Базель қаласында тұрып жатқан бір отбасы болды. Ал Еуропаға бет алған қазақтардың басым бөлігі Франция, Германия және Аустрия секілді елдерге тұрақтады. Сондықтан ата-анама жаңа ортаға бейімделудің қаншалық қиынға соққанын енді түсініп жатырмын. Олардың қазақтар көп шоғырланған ортаға көшіп кетуіне болатын еді, бірақ біздің жарқын болашағымыз үшін бөтен ортада күн демей, түн демей жұмыс істеп, тырмысып, шыдап-бағып, білікті маман болғанымызды қалады. Олар қалағандай үйдегі үшеуіміз білікті маман атандық. Мен Цюрихтегі Швейцария Федералды технологиялық институтын (ETH Zurich), сосын Цюрих университетін қаржы ісі мамандығы бойынша тәмамдадым. Сосын Швейцарияның UBS, Credit Suisse, Цюрих Кантонал банкі секілді ірі банктерінде он жылдан астам уақыт бойы түрлі лауазымда жұмыс істеп, соның ішінде басшылық қызмет атқардым. Қазір ата-анам бауырыммен бірге Ыстанбұл қаласында тұрады. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, олар Түркиядағы қазақы ортаға қайтып баруды жөн көрді. Олардың зейнетке шыққанға дейін сол ортаны сағынып, үнемі барғысы келіп тұратынын жиі байқайтынбыз. Бір айта кетерлігі, ата-анам үйде тек қазақ тілінде сөйлесетін. Сол кісілердің арқасында қазақ мәдениеті, дәстүрі мен ұлттық тағамдар туралы жиі еститінмін. Сөйтіп, мың рет естігенше, бір рет көрейін деп, атажұртқа тұңғыш рет 2015 жылы табан тіредім.  width=– Білуімше, Қазақстанға алғаш рет сол 2015 жылы келгеннен кейін INDY GUIDE халықаралық платформасын құру ісін қолға алыпсыз. Қазақстанға бір келгеннен-ақ, Швейцарияда банктегі басшылық қызметіңізді тастап, ел туризмін дамытуға бел шеше кіріскеніңізге таңғалып отырмын. – 2015 жылы шаңырақ көтердім. Жолдасым екеуіміз жаңа өмір бастап, бір үлкен істі қолға алуды жоспарлап жүрген едік. Бірақ қандай кәсіппен айналысатынымызды шешпес бұрын алдымен Қазақстанға саяхат жасауды құп көрдік. Қанша дегенмен, Қазақстан – атажұртымыз. Ол жерде ешқашан болып көрмеген бізге қызық болды. Сол себепті үйлене сала, екеуіміз Қазақстанға жол тарттық. Алматыда тұратын ағам мен өзге туыстарым ерекше ілтипатпен қарсы алып, жылылық танытты. Отыз күнге жалғасқан саяхатымызды Алматыдан бастап, кейін Шымкентке, сосын Түркістанға, одан әрі Нұр-Сұлтанға, одан соң Өскеменге бардық. Айта кетерлігі, Қазақстанға келгенде алған әсерім қызық болды. Бір жағынан позитивті көңіл күйде жүрдім, бірақ біртүрлі сезімде болғанымды да айта кеткен жөн. Швейцарияда көп қазақты көрмейсің ғой. Ал мында айналамның барлығы қазақ, көшеде жүрсем де, мейрамханаға кірсем де қазақша сөйлегендерге көп кездестім. Бұрын-соңды мұндай ортада болып көрмеген маған бұл қызық болды.  width=Жоғарыда айтып өткендей, қазақ тілімен бала күнімнен «таныспын». Бірақ мұны әкем мен шешемнің арасындағы екеуара диалогтан ғана еститінмін, ал Қазақстанға келгенде айналамдағы көпшіліктің маған таныс тілде сөйлегенін естігенде жүрегің жылып сала береді екен, бірақ ара-тұра түсініксіз күйде жүрдім. Дегенмен қандастармен бар білетін қазақшаммен сөйлесуге тырыстым. Жұмыс бабымен Қазақстанға жиі келетіндіктен, алдағы уақытта тілді жетік меңгеріп аламын деп ойлаймын. Ал INDY GUIDE туралы сөз қозғасақ, елге келместен бұрын мұндай жоба құрамын деп ойламағаным рас. Сөздің шыны керек, Қазақстан туристер қызығатын ел деп жиі естісем де, мұны өз көзіммен көргенде атажұрттағы табиғаттың сұлулығын сипаттауға сөз жетпейді дегізетін күйге жеткізетінін еш күтпедім. Дархан даланың дидарын көріп, табиғатына тамсандық, талантты адамдармен таныстық. Бірақ бұл әдемілікті мен секілді шетелден келген саяхатшыларға көру оңай болмайтынын түсіндік. Қазақ тілін жетік білмесем де, діттеген жерге жетуге маған аса қиын емес. Ал бірақ қазақ тілін білмейтін туристерге мәселе туындатады екен. Мұны біз Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Қатонқарағайға саяхат ұйымдастыру кезінде байқадық. Ол жақта көпшілік орысша сөйлейтіндіктен, бізге жол көрсететін адам таба алмай, екі күн әлек болдық. Туроператор іздедік, бірақ олар ағылшынтілді туристерге қызмет көрсетуге тіпті қызықпайды екен. Сосын ағылшын тілін меңгерген адам тауып, сол кісінің көмегімен Қатонқарағайда уақытты тамаша өткіздік. Қазір ол кісі INDY GUIDE-та жұмыс істейді. Жалпы, Орталық Азия аймағындағылар туристердің жоспарлаған жеріне жетуін жеңілдететін Airbnb, Tripadvisor секілді күллі әлем туристері қолданатын негізгі платформалардың көмегіне сирек жүгінеді. Тиісінше, аталған платформаны құрастырушылар бұл аймаққа аса көңіл бөлмейді. Сондықтан Қазақстан туризмінің әлеуеті орасан, сөйте тұра өткір қажеттілік, біраз олқылық бар екенін байқаған соң, жолдасыма «осы саланы дамытуды тырысып көрелік» дедім. Тағы бір айта кетерлігі, Швейцариядағы достарымыз елде түсірген суреттер мен видеоларды көргенде «Қазақстанның осыншалық әдемі екенін білмеппіз. Біз де бір күні барғымыз келеді» деп таңғалысын жасырмады. Ал Қазақстанда жүргенде жолай бізге қызмет көрсеткен адамдар «Сендер жіберген қонақтарды қуана-қуана күтіп алуға дайынбыз» деп ағынан жарылды. Сөйтіп, барлығы келісіп тұрған соң, жергілікті провайдерлер мен саяхатшыларды байланыстыратын платформа құрып, сайт әзірледік. Қазақстаннан кейін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия елдеріне саяхат жасадық. Сол сапар барысында бірлесіп жұмыс істегісі келетін көп адамды кездестірдік. Ойлана келе платформаны кеңейтіп, Орта Азия елдеріне саяхат жасағысы келетіндерге қызмет ұсынуды ұйғардық. Аз уақыт ішінде ісіміз алға басып, біз құрған INDY GUIDE сенімді платформаға айналды. Пандемияға дейін барлығы біз ойлағаннан да жоғары деңгейде болды. Кейіннен пандемия салдарынан америкалықтар Американы, еуропалықтар Еуропа аумағына ғана саяхаттағандықтан, біраз қиындық туындады. Қазақстан аумағына кіруге рұқсат жоқ болды, десе де Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанға жол ашық болғандықтан, аталған елге қыдырып барғысы келетіндердің саны арта түсті. Қазір жағдай бірте-бірте түзеліп келеді. Негізі, бұған дейін тек қаржы индустриясында жұмыс істеп үйреніп қалған мен туризм ісін жүргізуден хабарым жоқ еді. Бірақ бұл істі дөңгелетуге септігін тигізетін амал-айлаларды тез үйреніп алатыныма сенімді болдым. Әр іске икемді болып, ашық болсаң болғаны, қолыңнан келмейтін нәрсе жоқ екенін түсіндім. Бұрын жұмыс істеген саламен салыстырғанда мұнда көп ақша таппайтының белгілі. Бірақ мен бұл іс арқылы қыруар ақша тауып, байып кетуді көздемеймін. Бар болғаны, жарқын сәттерге толы өмір сүргім келеді.  width=– Еуропалықтар мен америкалықтар Қазақстанның қай өлкесіне көп барғысы келеді? – Көбі Алматы облысын аралағысы келеді. Бұл – түсінікті жайт. Өйткені Алматы қаласында туроператор мен тәжірибелі гид көп. Сондай-ақ, Алматы облысының әсем жерлері әлеуметтік желіде жиі жарияланады. Саяхатшылар кезекті саяхатқа шығу үшін алдымен әлеуметтік желіні «сүзіп» шығатыны белгілі. Ал әлеуметтік желілердегі контенттің 80 пайызы Алматы облысының әсем жерлерін қамтиды. Бірақ сол жерлерден кем түспейтін көрікті орындар Қазақстанның Шығысы мен Батысында да баршылық. Ол жақта да туристерді таң-тамаша қылатын жерлер көп екеніне көзім жетті. Сол үшін де туризмге қатысты контентті кеңейткен жөн. Ал туристер қазір әлеуметтік желілерге күн сайын салынатын Көлсай мен Шарынды көреді де, тез арада сол жерге саяхат жасауға тапсырыс береді. Ал олар Маңғыстау, Өскемен және Түркістан жақта да көздің жауын алатын көріністер бар екенін білсе дейсің.  width=– INDY GUIDE сайтында клиенттеріңіздің фидбэк жазып қалдыратынын байқадым. Сіздің көмегіңізбен Қазақстанға саяхаттап қайтқан туристер нені асыра мақтайды? Неге көңілі толмайды? – Бізге келіп түскен фидбэктің 90 пайызы – жақсы пікір. Басты мәселе – ағылшынтілді гид табу. Қалған мәселенің шешімін табуға болады. Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді ірі қалалардан ары ассаң шет тілін білетін гид табу қиын. Мысалы, қазір Шымкенттен гид іздеп жатырмын. Өткенде Маңғыстаудан да іздеп таба алмаған едім. Туризмді дамытқымыз келсе, шетелдіктердің жыл сайын ағылып келгенін қаласақ, Қазақстанның барлық аймағында туризм ісіне ағылшынтілді гидтерді жұмылдыруымыз қажет. Ал былайынша көп жағдайда туристер ризашылығын білдіріп жатады. Әсіресе, олар ежелден-ақ қазақ халқының қанында бар қасиет – қонақжайлылығын ерекше атап өтеді. Сосын тағы бір таңғалатыны – қазақтар қонақты өз отбасы мүшелерінен артық күтетінін айтады. Бұған өзім де куә болдым. Бірақ швейцариялықтар келісілген уақыттан кешікпей баруды басты назарда ұстайтындықтан осында келгенде кешігудің қалыпты жағдай екенін білгенде таңғалдым. Бірақ мұны көшпенділер мәдениетімен байланыстырдым. Мұнда ешкім жеңін түріп, сағатқа қарамайды, уақытты қайта-қайта тексеріп, бас қатырмайды. Бұл маған ұнайды. Сағатқа телмірмей, емін-еркін жүргенге не жетсін? Бірақ мұның бизнеске кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті.  width=– Алдағы уақытта платформаны бұдан да кеңейткіңіз келе ме? Жоспарыңыз қандай? – Әлбетте, кеңейткім келеді. Қазақстанда әлем тамсанатын Швейцарияның табиғатынан асып түсетін табиғат бар. Осыны әлемге көрсеткім келеді. Алдағы уақытта «Қазақстан қайда орналасқан немесе Қазақстан қандай туристік орындармен танымал?» деген туристердің сұрақтарына түсініктеме беріп жатпайтын уақыт келетініне сенімім мол. Қазір біз әлеуметтік желіде Қазақстан туралы көп контент салып, әлем туристерінің қызығушылығын тудырып жатырмыз. Тиісінше, нәтижесі де көп күттірмеді. Елге барамын деушілердің саны артты. Сол себепті Қазақстан туризмінің дамуына елеулі үлес қосып отырмыз деп айта аламын.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ