Швейцария банктерінде басшылық қызмет атқарған қазақ Қазақстанды әлемге танытқысы келеді
Швейцария банктерінде басшылық қызмет атқарған қазақ Қазақстанды әлемге танытқысы келеді
Атахан Тосун – Түркияда дүниеге келгенімен, Швейцарияда өсіп-өнген қазақ. Қаржыгер мамандығын игерген ол он жыл бойы Швейцарияның беделді банктерінде жұмыс істеп, басшылық қызмет атқарған. Бірақ 2015 жылы атажұрты – Қазақстанға саяхаттап келген соң, туризм ісін дамытуды қолға алып, INDY GUIDE халықаралық платформасын құрастырып шығарған. Орта Азия елдеріне саяхат жасайтын туристерге қызмет түрлерін ұсынатын бұл плафторманың аз уақыт ішінде қолданушылар саны арта түсті. Алдағы уақытта Швейцариядан кем түспейтін Қазақстан табиғатын әлем туристеріне танытқысы келетін қандасымызға хабарласып, әңгіме өрбіткен едік.
– Білуімше, Қазақстанға алғаш рет сол 2015 жылы келгеннен кейін INDY GUIDE халықаралық платформасын құру ісін қолға алыпсыз. Қазақстанға бір келгеннен-ақ, Швейцарияда банктегі басшылық қызметіңізді тастап, ел туризмін дамытуға бел шеше кіріскеніңізге таңғалып отырмын.
– 2015 жылы шаңырақ көтердім. Жолдасым екеуіміз жаңа өмір бастап, бір үлкен істі қолға алуды жоспарлап жүрген едік. Бірақ қандай кәсіппен айналысатынымызды шешпес бұрын алдымен Қазақстанға саяхат жасауды құп көрдік. Қанша дегенмен, Қазақстан – атажұртымыз. Ол жерде ешқашан болып көрмеген бізге қызық болды. Сол себепті үйлене сала, екеуіміз Қазақстанға жол тарттық. Алматыда тұратын ағам мен өзге туыстарым ерекше ілтипатпен қарсы алып, жылылық танытты. Отыз күнге жалғасқан саяхатымызды Алматыдан бастап, кейін Шымкентке, сосын Түркістанға, одан әрі Нұр-Сұлтанға, одан соң Өскеменге бардық. Айта кетерлігі, Қазақстанға келгенде алған әсерім қызық болды. Бір жағынан позитивті көңіл күйде жүрдім, бірақ біртүрлі сезімде болғанымды да айта кеткен жөн. Швейцарияда көп қазақты көрмейсің ғой. Ал мында айналамның барлығы қазақ, көшеде жүрсем де, мейрамханаға кірсем де қазақша сөйлегендерге көп кездестім. Бұрын-соңды мұндай ортада болып көрмеген маған бұл қызық болды. – Еуропалықтар мен америкалықтар Қазақстанның қай өлкесіне көп барғысы келеді?
– Көбі Алматы облысын аралағысы келеді. Бұл – түсінікті жайт. Өйткені Алматы қаласында туроператор мен тәжірибелі гид көп. Сондай-ақ, Алматы облысының әсем жерлері әлеуметтік желіде жиі жарияланады. Саяхатшылар кезекті саяхатқа шығу үшін алдымен әлеуметтік желіні «сүзіп» шығатыны белгілі. Ал әлеуметтік желілердегі контенттің 80 пайызы Алматы облысының әсем жерлерін қамтиды. Бірақ сол жерлерден кем түспейтін көрікті орындар Қазақстанның Шығысы мен Батысында да баршылық. Ол жақта да туристерді таң-тамаша қылатын жерлер көп екеніне көзім жетті. Сол үшін де туризмге қатысты контентті кеңейткен жөн. Ал туристер қазір әлеуметтік желілерге күн сайын салынатын Көлсай мен Шарынды көреді де, тез арада сол жерге саяхат жасауға тапсырыс береді. Ал олар Маңғыстау, Өскемен және Түркістан жақта да көздің жауын алатын көріністер бар екенін білсе дейсің.
– Алдағы уақытта платформаны бұдан да кеңейткіңіз келе ме? Жоспарыңыз қандай?
– Әлбетте, кеңейткім келеді. Қазақстанда әлем тамсанатын Швейцарияның табиғатынан асып түсетін табиғат бар. Осыны әлемге көрсеткім келеді. Алдағы уақытта «Қазақстан қайда орналасқан немесе Қазақстан қандай туристік орындармен танымал?» деген туристердің сұрақтарына түсініктеме беріп жатпайтын уақыт келетініне сенімім мол. Қазір біз әлеуметтік желіде Қазақстан туралы көп контент салып, әлем туристерінің қызығушылығын тудырып жатырмыз. Тиісінше, нәтижесі де көп күттірмеді. Елге барамын деушілердің саны артты. Сол себепті Қазақстан туризмінің дамуына елеулі үлес қосып отырмыз деп айта аламын.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ