Нағыз қазақ қай қазақ?

Нағыз қазақ қай қазақ?

Нағыз қазақ қай қазақ?
ашық дереккөзі
Қазақ қазақ болғалы «нағыз» деген атаққа талас көп өз ішімізде. Өзінің «Шын қазақ» екенін этникалық жақтан негіздеуге құштар қазекем өзіне көңілі толса да, өзгенің руынан, таныс болса ата тегінен кінәрат іздеуге құмар. Себебі өзгенің «қазақ еместігін» дәлелдей алса, өзінен қазақ екені «сонадайдан көрініп» тұратын сияқты. Сондықтан өзінің «текті» екенін дәлелдеуге келгенде құлшына кірісетін біздің ағайын өзгенің тектілігіне бір шекелеп қарауға бейім. Иә, бұл енді негізінен бұрынырақтағы әңгіме ғой, қазіргісі қандай екен? Қазақшылық деген бұрында мұсыл­ман­­­шылық, адамгершілік деген сөз­дердің синонимі сияқты естілетін және ол адамның қулық-сұмдықтан ада, ерекше та­залықтың белгісіндей ұғылатын. Бірақ уа­қыт өте келе қазақ болып шіреніп жүрген­дер­дің ішінен өзінен бірдеңе ұнамаса «қа­зақ­шылық қой», «бұл қазақшылықты қой­саң­шы» деп кекете сөйлейтіндер пайда бола бас­тады. Ал бұл тегін бе? «Құландай өз қа­ғы­нан жеріген» деген тәмсіл бар қазақта. Ол түсінгенге өте ауыр сөз, тегінен қашқанды адам да, тағдыр да қолдай бермейтіні бар... Қазақ атауы − тарихи үдерістің өзі ұсынған атау. Қай жағынан қарасаң да, бірдей оқылатын осы сөзді атау қылып Құ­дайдың өзі бізге бере салған. Тек соны көп­сінбейік. «Шорманның Мұстафасы атымды алып, атан­дым сол себептен Жаяу Мұса» деп Мұса Бай­жанұлы күштіден зорлық көріп, зар­ла­нып жүрген тұста қазақ жеріне дендеп кіре бастаған Ресей империясы тұтас ұлттың атын алып қойып, құжаттарға киргиз деп жа­зып жүрген шақ еді. Неге екенін қайдам, ка­зақтың өз алдына жеке ұлт екенін білетін орыс­тар «қазаққа» тілі келмеді ме әлде өз­дерінің «айда» десе атына міне шауып, бір кез­дегі өз қандастарын (түркілерді) шауып қай­татын жалаң қылыш казакпен шатас­тырғысы келмеді ме немесе казак пен қа­зақ­тың атауы ғана емес, түп сүйегі бір еке­нін сезіп қалмасын деді ме, әйтеуір қазақты о бас­тан киргиз дейтін болды. Тіпті Патша үкіметі құлап, билікке кедейлердің үкіметі саналатын большевиктер келген соң да 1920 жылдың 16 маусымында өз аумағымен бө­лек республика болып елге РКФСР құра­мындағы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Со­циалистік Республикасы деген атау берді. Бі­рақ елінің өзге ұлттың атымен жүргеніне на­мысы келген жігіттер бұл атауды арадан бес жыл өткен соң барып өзгертті. Оны 1925 жылғы 19 сәуірде Орынбор қаласында өт­кен Кеңестердің 5-съезінде Сұлтанбек Қо­жанов дауысқа салып, көпшіліктің қолдауымен ел атын Қазақ Республикасы деп өзгерттіреді. Ал «кара киргиз» атанып жүр­ген ел «кыргыз» деген өз атына иелік етіп­ті. Бүгінгі қазақтың есінде жүретін әңгі­ме бұл. Тарих деген қандай аласапыран, иә? Бұ­дан бес жарым ғасырдан аса уа­қыт бұрын Қазақ хандығы құрылғанда мың сан ру жиналып қазақ атансақ, кейін ауыз­бірлігіміздің жоғынан елдіктен айырылып, аты­мыздан айырылып, оны қайта тірілт­ке­ні­мізге де бір ғасырдай уақыт болып қалған екен. Ал қазір дүниенің қызығы, біреудің қа­бағы үшін ұлтымыздың атынан безіп кет­кісі келетін адамдар бар жан-жағы­мыз­да... Қалай қарасаң да көзіңе шалынбай, есіңе түспей тұрмайтын бір сөздер бо­лады ғой, соның бірі «Сананы тұрмыс би­лейді» деген сөз (авторы Карл Маркс есім­ді қаба сақал кісі екенін білетін шығарсыздар деп ойлаймын). Сол пәле қазаққа келгенде дұрыс шыға беретінін қайтерсің?! Кеңестік кезеңде КСРО-ны билеген Н.Хрущев деген авантюристің «Коммунизмге орыс тілімен бара­мыз» дегенін естіген қазақтар жаппай ба­лаларын орысша оқытып, олар құжатын­да ғана қазақ болып, басқа жердің бәрінде орыс болып кеткен еді. Кейін олардың ба­ла­­­ларының балалары да орыс тілінде оқып, бүгінде «қазақсың ба?» десең арланатынды шы­ғарды, тіпті бетіңе бажырайып қарап «я ва­шего языка не понимаю» дейтіндері бар. Бі­рақ қазақтықтан безінудің дәурені ұзаққа бармады. Тәуелсіздік таңы атып, қазақтар оянды. Оянды да, қазақ болудың басты құра­лы тіл білу екенін сезінді. Қазақ тілі Конс­титуциямызда арнайы баппен «Мем­лекеттік тіл» мәртебесін алды. Алайда бір­ден қазақ болып кете алмадық. Оның себебі еңсесін енді көтерген, идеологиялық алаңы бос қалған елде сауатсыздар белсенді болды. Қысқа сөздердің өзін қатесіз жаза алмайтын біреулер «шежіре» кітаптарын шығарып алып қазақтың рушылдығын қоздырып, ел­ді ру-руға бөліп, бірінен екіншісінің ар­тық екенін дәлелдеп, әп-сәтте қоңданып шы­ға келді. Енді қазақпыз дегеннен гөрі әркімге өз ата-бабасы жақын көрініп, ұлттың атына бас қатырмасақ та, рудың әңгімесін сапырып болдық. Дегенмен мұндай майда-шүйде әңгімеден тысқары жер­лерде қазақ мәселесі бөлекше қара­ла­тын. Сөйтіп тіл үйрену өзге ұлттардың ара­сында да баяу да болса жүріп жатты. Сөйтіп бір күндері біздің шала қазақтардың беті қарамай жүргенде өзге ұлт өкілдері арасынан қазақ тілін тәп-тәуір білетіндер шыға бастады. Максим Рожин, Оксана Лоскутова, Оксана Петерс, Игорь Сахар, Мая Веронская, Ирина Тен, Анна Данченко се­кілді «өзге ұлт өкілдері» теледидарда бағ­дарламаларды қазақша жүргізе бастағанда біреулер аузын ашып, көзін жұмып жатса, тағы біреулер «өзгелердің қазақша сөй­ле­генін бірінші рет естіп отырсыңдар ма, Қы­зылорда мен Шымкентте бұрыннан солай» деп тыйып тастап отырды. Негізінде бұл заңды құбылыс болатын. Қазақ бала­ларымен кішкентайынан араласып өскен өзге ұлт балалары тез арада тілді үйреніп ала­тын. Енді солар неге қазақшасын мақам­дап елдің алдына шықпасқа? Шықсын. Бірақ олар өздерін қазақ санай ма? Қазақтың бәрі жақсы көретін, күллі әлем танитын Геннадий Головкин бір­­де Елбасының алдында шығып сөй­ле­ге­нінде: «Мой отец − русский, мама − ко­реян­ка, ал мен − қазақпын!» дегенінде біреулер тү­сінбей, біреулер таңғалып, енді біреулер мәз болып жатты. Ол шындық еді ғой! Біз секілді руға қатып қалатындар болмаса, қа­зақ тілін біліп, қазақ мәдениетін ұста­на­тын былайғы жұрт өзін қазақ санаса оны несі сөкет?! Бірде әлеуметтік желіде бір жігіттің жаз­басы жұрттың назарын қатты ау­дарды. Жазып отырған неміс жігіті. «Ме­нің құжатымда неміс деген жазу тұрғаны бол­маса не немісше, не орысша бір ауыз сөз біл­меймін. Бар білетінім − қазақ тілі. Мал бағып өскен баламын. Менің қазақ болғым келеді. Осыны таныстарыма айтсам, «белгілі бір руға жатпасаң, қазақ бола алмайсың» дейді олар. Сонда мен не істеуім керек?» дей­ді шарасыз жігіт. Ойланатын-ақ мәселе. Қазақтың қан тазалығы үшін руды біліп, қаны жақын адаммен отбасын құруға болмайды дейді. Еріккеннен шыққан әңгіме емес, генология ғылымында бұл салт үлкен жетістік ретінде көрсетіледі. Енді не істемек керек?!. Қалайда бір жолын таппаса болмай- ды. Қатты ойланатын бір тұсымыз осы. Се­бебі ана тілінен безіп кеткен қа­зақ­тардың аз емесін көріп отырып (және олар қазақ тілі мен мәдениетіне қар­сы­лы­ғын жасырмайды) тілді, салтты білетін «өзге ұлт өкілдерін» қазақ санасақ нағыз қазақ­тың қатары толыға түсер ме еді? Байқасаңыз, «өзге ұлт өкілдері» деген сөзді ылғи тырнақ­ша­ға алып отырмыз, неге? Бірінші­ден қазақ тілін­де сөйлеп тұрған өзгелерді ұлты басқа деу шетке қаққандай ыңғайсыз. Тіпті ара­ларында «өзге ұлт өкілдері» деген атауды ұнат­пайтындар бар екен. Семейдің тумасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі, қа­зір елордада тұратын Яков Федоров деген аза­мат жақында «Мирас» қоғамдық кеңе­сі­нің отырысында былай депті: «Қазақстанда өзге ұлт өкілдері жақында қалмайды десем, ре­зонанс басталатын шығар. Өйткені әр адам осы сөздерді өздігінше түсінеді. Қараңыздар, қазақ тіліндегі «ұлт» сөзі басқа тілдерде 2 түрлі мағынаны біл­­діреді. «Ұлт» – «национальность, ethnicity» және «ұлт» – «нация, nation» яғни «мемле­кет». «Өзге» сөзін де әркім өз қалауынша ау­­­­­­даруы мүмкін. «Өзге» − «басқа, другой, other» немесе «өзге» − «өзіміз» сөзінің ан­то­нимы, «бөгде, чужой, alien». Сол себепті, мені «өз­ге ұлттың өкілі» деп бөлсеңіз, түсін­бей­мін. Өйткені «инопланетянин» деген сияқты естіледі. Әрине, елімізде ақылдылар да, ақы­мақ­тар да, дарынды да, дарынсыз да, жал­қау да, пысық та адамдар өмір сүреді. Бі­рақ айырмашылығына қарамастан бәрі өз­ге емес – өзіміздікі екені анық. Мен үшін Қазақстан азаматтары ара­сында өзге адамдар жоқ, барлығы – өзіміз! Елдіктің 7 тұғырының бірі – бірлік пен келісім. Бұл мен үшін жай сөздер емес. Хакім Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өте орынды ашып берді: «Бірлік – ақылға бір­лік, малға бірлік емес», яғни дүние-мүл­кін пайдаланып ағайын-достың арқасында күн көруді бірлік деп түсінемін. Ал қазақ мәдениеті, тілі және құндылықтары бірік­тіру құралы болуы керек. Менің арманым − өзге мен өзімізге бөлінбейтін, мемлекетімізде бір­тұ­тас ұлттың болуы!» дейді мемлекеттік тілде мүдір­мей сөйлейтін азамат. Көп ойымен ке­лісуге болады. Тек тарихтың талай өтке­легі­нен өткен соң секемшілдеу халықпыз. Бірақ өзім деген өзегін жұлып беретін қа­сие­тіміз тағы бар. Біз неден үркеміз? Осынша ұлан-байтақ жерге иелік етіп, осы мемлекетке ұлттың атын бер­­­сек те, әлі азбыз. Ұлт ретінде талантты бол­­­ғаны­мыз­бен, идеологиялық тұрғыдан әлі біртұтас күшті ұлт қалпына жете қой­ған жоқпыз. Сондықтан «Өзіміз күшті бол­май тұрып, өзгені қалай сіңіре аламыз?» де­ген алаңымыз бар және ол негізсіз емес. Сол үшін ертерек жетіліп, ертерек күшей­ме­сек болмайды. Біз руға бөлініп жүргенде өз­гелер ұлт болып ұйысып, аузына әлемді қа­ратып отыр. Еуропадағы айдарынан жел ескен ұлт­­­тарды айтпай-ақ қояйық, анау «Түркия түріктердікі» дейтін Анадолыдағы ағайынды, мынау іргелес орыс пен көршілес өзбекті қарасақ та, талай нәрсеге көзіміз жетуі мүмкін. Олар үшін өз елінде жасап жат­қан «өзгелер» деген ой жоқ, түрік тілін біл­генді түрік, орыс тілін білгенді орыс, өз­бек тілін білгенді өзбек деп қабылдайды. Со­­­нысымен көбейіп, іргелі елге айналып отыр. Ендеше бізге қайтпек керек? Шамасы, өзін қазақ сезінетіндерді қата­ры­мызға қосып ала береміз-ау, сонда тілді біле­тін (тіл арқылы жан дү­ние­сі де қазақ­та­­­нады ғой) сары шашты, көк көз балалар­дың бәрін қазақ деп, өзіміз деп са­насақ аз жылда санымыз арта түспей ме? Сөйтіп, сөйтіп тіл дауынан да құтылармыз бәлкім? Тек бауыры­мызға енген тілі қазақ­тар­дың жаны да қазақ бол­ғай деп тілейік. Өзгесі ештеңе. Тағы бір айта кететін нәрсе: қазақ ті­лін білген өзге ұлт өкілдерінің (осы сөзді қолданғаным үшін ренжімеңіз­дер­ші, әзірге басқа атау таба алмай тұрмын) ұлы болсын, қызы болсын қазақпен отау құру­ға дайын тұрады екен. Боксшы қыз Ма­рина Вольнова қазаққа тиіп, қазақтың ұлда­рын бірінен соң бірін дүниеге әкеліп жат­са, бәрімізге сүйкімді көрінетін Оксана Лос­кутова қазақ жігітіне күйеуге шығып, фа­милиясын Аубакирова деп өзгертті. Сол қа­зақша сөйлейтін ана жігіттердің біра­зының өмірлік жары қазақ қызы көрінеді. Де­мек, тіл арқылы жаны қазаққа айналған­дар­дың бәрі − өзіміз, қазақ! – деп асқақ пафоспен айтуға болатын шығар. Қазақ көбейе берсін! Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Кейде күлерімді де білмеймін, жыларымды да білмеймін... Өзі қа­зақ бола тұра қазақ үшін қылаудай еңбек сіңірмеген біреулер руын ай­тып, «қазақпын!» деп бөсіп, төсін ұрады. Ал кеудесін кермей-ақ, руы да жоқ, қазаққа қазақтан артық қызмет қылған тұлғалар бар. Әрине, мен қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын білмей отырған жоқпын. Олар туралы сөз басқа. Менің айтпағым... Сібір мен Моңғолия аумағынан бітік тастардағы жазуларды тауып, угро-финдер ата-бабамыздың мұрасы деп дауласып жатқанда оны көне түркі тілінде оқып, тарихымызды сан ғасырға тереңдетіп берген орыс фольклоршысы Григорий Потанинді (1835-1920), неміс ғалымы Фридрих-Вильгельм Радловты (1837–1918), дат лингвисі Вильгельм Томсенді (1842--1927) т.б. түркітанушыларды айтпай-ақ қоялық, олар біздің ұлтымыздың тарихына, тілі мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосса да, даттың, немістің, орыстың ғалымдары екеніне ешкім таласпайды. Ал башқұрт, татар, қазақ халықтарына ортақ Ақмолла ақынды (Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров) (1831-1895) бірнеше түркі халқы ортақ перзент санайды... Шығармаларын қазақ, орыс, неміс тілдерінде жазған Герольд Карлович Бельгер (1934-2015) ағамыз «қазақ десеңдер – қазақпын, неміс десеңдер – неміспін» деп талай айтты. Ал ол кісі ешқашан өзін орыспын деген жоқ! Бірақ қазақ халқына барынша адалдық танытқан фольклоршы, этнограф, ғалым, (ұлты башқұрт) Әбубәкір Диваев; қазақтың 1000 әні мен күйін ғасырлардан-ғасырларға жеткізген (ұлты поляк) Қазақ КСР халық әртісі Александр Викторович Затаевич (оны орыстар орыс дейді); жазушы, қоғам қайраткері, (ұлты татар) Сабыр Шарипов (Мухаммедсабыр Шарифович Давлетшин) (1882-1942); «Қыз-Жібек» (1934), «Жалбыр» (1935), «Ер-Тарғын» (1936), «Айман-Шолпан» (1938), «Амангелді» (1945, М. Төлебаевпен бірге жазылған), «Дударай» (1953) секілді қазақ операларын дүниеге әкелген, «Қазақ симфониясын» жазған композитор, (ұлты еврей) Қазақ КСР халық әртісі Евгений Григорьевич Брусиловский (1905-1981); «Қазақ вальсі» және «Бұлбұл» секілді ғажап әндерді шығарған, «Абай», «Төлеген Тоқтаров» (А.Жұбановпен бірлесіп жазылған), «Жамбыл» операларын жазған Латыф Абдулхаевич Хамиди (Латыйф Габделхәйулы Хәмиди) (1906-1983); қазақ тілінің синтаксисі, стилистикасы мәселелерімен айна­лысып көптеген еңбек жазған (ұлты еврей) Мәулен Балақайұлы Балақаев (1907-1995); қазақ тілінде жазып, қазақ балалар әдебиетіне өлшеу­сіз үлес қосқан жазушылар (ұлты башқұрт) Машқар Гумеров (1927-2002) пен (ұлты татар) Саид Баязитов (1929-1981), қазақ әнде­рін шырқап құлақ құрышымызды қандырған ағайынды (татарлар) Мүсілім Мүкімұлы Абдуллин (1916-1996) және Ришат Мүкімұлы Абдул­линдер (1916-1988), (ұйғыр қызы) Гульвира Разиева (1936), (ұлты грек) Лаки (Пантелей) Константинович Кесоглу (1939), «Алпа­мыс батыр» эпосынан бастап «Абай жолы» эпопеясына дейін көркем безендірген, қазақ тақырыбына қыруар сурет салған (ұлты орыс) Евгений Матвеевич Сидоркин (1930-1982), айтыскер ақын (ұлты орыс) Надежда Андреевна Лушникова (1940), бұлардан басқа спорт сала­сында үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанның көк туын желбіреткен жігіттер мен қыздар бар. Бәрін бірдей атап шығуға көп уақыт керек... Міне, нағыз қазақтар солар! Олар Үш жүздің біріне кірмейтіндіктен, рулары жоқ болғандықтан, біз оларды қазақ деп айта алмай, «орыс», «еврей», «башқұрт», «татар», «поляк» деп өзге ұлттарға телиміз. Ал ол ұлт өкілдері оларды «орыс», «еврей», «башқұрт», «татар», «поляк» деп танымайды. Қазақстандық деп қана атайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан «орыс әлемі» емес екенін, қазақстан­дық­тардың бәрін әлем халқы қазақ деп тануға тиіс екенін әлденеше рет айтты. Ендігі сөз өзімізге байланысты.