Жаңалықтар

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Тұңғыш Президент осылай сайланған

ашық дереккөзі

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Тұңғыш Президент осылай сайланған

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайладық. Жаңа ғана Пре­мьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған кезім. Сайлау науқанын ұйым­дастыруға, Президентке кандидат Н.Назарбаевтың сайлаушылармен кездесулерін өткізуге мен тікелей басшылық жасадым. Қоғамдық ұйымдар шулағанмен, Нұрекеңе тең келетін кісі жоқ еді, өзін жал­ғыз жібердік. Шынында да, талан­ты­мен жарқ етіп, елді аузына қара­т­қан, қалың жұртқа қамқоршы болған­дай азаматқа тең келетін жан жоқ еді. Жұмыс қызу жүрді. Ұмытпасам, сайлау желтоқсанның 21-і күні өтті. Нәтижесі ойдағыдай бол­ды – 97,8 пайыз. Науқан ойдағыдай аяқ­тал­ған соң бәріміздің де көңіліміз кө­теріл­ді. Бір айдан соң Президентті тақ­­қа отырғызу рәсімін өткізуіміз ке­рек. Бір күні түскі тамақ үстінде Пре­зи­дент мұны маған тапсырды. Прези­дент­­тің инаугурациясын өткізу тәжі­ри­­бесі бізде атымен жоқ. Оны дайын­дау­ға әрі дәстүрін қалыптастыруға кі­ріс­тім де кеттім. Өзімнің қарама­ғым­да­ғы жігіт­терді жәрдемшіге ал­дым. Әлем­нен тә­жірибе іздедік. Қазақ хан­да­рын көтеру рәсімін де зерделедік. Ел­мен, жөн біледі-ау деген азамат­тар­мен үнемі ақылдасып отырдық. Бір ап­­тадан кейін сценарийін Нұрекеңе бер­­дім. Толық мақұлдады. Республика сарайында өткізетін боп шештік. Түске дейін Жо­ғар­ғы Кеңес жұмыс істеп, түскі үзіліске шы­­ғады да, түстен кейін сағат 15.00-де сал­­танатты мәжіліске ұласады. Мә­жі­ліс­ті С.Әбділдин басқарып, H.Назарбаев, Е.Асанбаев үшеуі төрде отыратын бол­ды. Президенттің орнын басқаларынан кө­теріңкірейік деп келістік. Сол сал­та­натты мәжілісте Президент ант береді. Көп ойландық. Қазақ хандарды ақ киізге салып көтереді екен. Олай ететін Н.Назарбаев хан емес, Пре­зи­дент. Сондықтан ант беретін мін­бе­нің астына ешкімнің аяғы тимеген, еш­кім баспаған ақ киізді төсеттім. Өмірбек Бәйгелдиев: – Хан тұсында қан шашылмасын деп ақсарбас шалады екен, ақсарбас шал­­дыр, – деді. Ол Алматы облысынан та­­был­май, оны Өмірбек Қордайдан ал­­дырды. Маңғыстаудың бір жігітіне ал­тын­­нан зерлетіп шапан, хан­ның мұрағын тіктірдік. Шебер жігіт­терге үш жүздің таңбасын салдыртып, беліне күміспен қап­татып кемер белдік жасаттық. Ба­тагөй етіп, Абайдың көзін көрген ақын, тоқсаннан асқан Шәкір Әбеновті ал­дыр­дық. Осының бәрін де Нұре­кең мақұл­дады. Сын сағаты да келді. Салтанатты мәжіліс басталар ал­дын­­да Нұрекеңнің он бес ми­нут­­тей ер­те келуін өтіндім. Келді. Пре­­­зи­дентті же­ке бөлмеге кіргізіп ша­пан­­ды, мұра­қ­ты кигізіп, беліне белдікті тақ­тым. Айнаның алдында қарап тұрып: – Мырзатай, бүгін маған мына ша­пан­ды кигізіп, белдік байласаңдар, мы­на салтанатқа дүниежүзінен қан­ша­ма журналист келіп отыр, қазақтың жаңа ханы туды деп дүниежүзіне тара­тып, әлемге жар салады. Сондықтан бұлай етпейік. Әр ұлттан батагөй шал­да­рым бар деп ең ғой. Мәселен, ұйғыр Құдыс Қожамияров белдікті, орыс Дмит­рий Снегин мұрақты ұсынсын, Шәкір Әбенов, Ыбырайымжан Қожах­метовтер шапан жапса жөн басқа ғой, – деді. Егер әлгінің бәрін кигізіп сахнаға шығарғанда, өзі айтқандай, қазақ хан сайлады деп дүниежүзінің шу­лайтынын ойламаппын. Ақылына риза болып, алғысымды айттым. Күткен сәт те келді. Салтанат басталды. Президент ант берді. Ақ киіздің үстінде тұрғанда Нұрекең толқыды, көзіне жас алды. Ант берген соң 20 рет салют берілді. Республика сарайы­ның түбінде ақсарбас шалынды. Теледидар, радио бәрін Қазақстанға таратып жатты. Иығына шапан жабыл­ды, қолына мұрақ пен белдік ұсынылды. Шәкір ақсақал тамаша бата берді. Президенттің оң қол жақ ту сыр­тында ту тұрды. Сол ту сах­на ашыл­ғанда жел кеулеп құлай жаз­да­ды. Құлап бара жатқан туды Президент көтеріп алды. Менің жүрегім өкшеме түс­кендей болды. Салтанаттан соң үлкен концерт беріл­ді. Кешкісін қабылдау бол­ды. Президент елді аралап жүріп, ән сал­ды. Түн ортасында аз ғана кісіні үйі­не алып келді. Қала сыртындағы ре­зи­денцияға Е.Асанбаев, C.Терещенко, мен, Н.Абықаев, С.Әбішев келдік. Сәл кештеу қазіргі Бельгиядағы елшіміз Ә.Қырбасов келді. Бірінші сөзді Прези­дентіміздің өзі айтты. Кеш болса да, жұрт шаршағанын сез­ген жоқ. Ән де айтылды. Ша­пан­ды, мұрақты киіп, белдікті беліне таңып балаша қуанған Нұрекеңнің аңқыл­даған мінезіне, қылығына риза болып, қайран қалдым. Балаша ақкөңіл екенін білуші ем, бірақ, дәл сәбидей, әп­пақ кейпін бұдан бұрын көрген емес едім. Маған да сөз кезегі келгенде, құт­тық­тап, көңілдегі сөзімді айттым, ту­дың құлай жаздағанына ақталғандай бол­дым. – Нұреке, онсыз да құлағалы тұр­ған қа­зақтың Туы еді, қисайған­да кұлатпай, кө­теріп алдыңыз, иншалла Сіздің қо­лыңыздағы қазақтың туы енді ешқашан құламайтын шығар, – дедім. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет бол­­­ған соң сыртқы саясатты ны­ғайту мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуден, жер дүниеден қа­зақ дипломаттарын жинап, Сыртқы іс­тер министрлігін нығайтып, жан-жақ­қа өзінің алғашқы Төтенше және өкі­летті елшілерін де тағайындап жат­ты. Кәнігі дипломаттар қапелімде қай­дан табыла қойсын, оларды жа­­нында жүрген, әбден ысылған, көп­ші­лікке белгілі қоғам, мемлекет қай­рат­кер­лерінің ішінен іздеді. Сөйтіп Мәдениет министрі Қанат Саудабаев Түркияға, Экономика ми­нистрі Тілеухан Қабдірахманов Фран­цияға, Талдықорған облысының әкімі Сағымбек Тұрсынов Германияға елші болып, Сыртқы істер министрі Ақ­марал Арыстанбекова Біріккен Ұлт­тар Ұйымына тұрақты өкіл болып кетті. 1993 жылғы шілденің орта­сын­да мені Нұрекең шақырып: – Тәуелсіз мемлекеттігімізді орна­ту­ға кірістік, бес жыл тізе қосып бірге іс­те­дік, үнемі жанымда болдың, елге ет­кен еңбегің аз емес, оны жұртшылық бі­леді, мен сені тағы бір жауапты қыз­мет­ке жібергелі отырмын. Иран – біз­бен тарихы сабақтас, іргелес, стра­те­гия­лық жағынан Қазақстан үшін орны ерекше ел, сонда елші болып барсаң қай­теді? – деді. Мына тосын сұраққа қапелімде не дерімді де білмей қатты қи­­­налдым… Тарихи кезеңде беймаза күн­дерім мен түндерімді ат үстінде, тәуел­сіздіктің жолында, шым-шыты­рық, қат-қабат істің басында, ел ішінде өткізіп едім, енді міне, Президент мүлде бейтаныс қызмет ұсынып отыр, үдеден шыға аламын ба, қолымнан келе ме? Елшілік кәнігі дипломаттардың кәсібі емес пе, тілін де, табиғатын да таны­ма­ған елді танытып, жақындастыра ала­мын ба?… Осындай тұңғиық терең ойдың тү­біне түсіп кетіп, есімді тез жиып ала қойдым. Елдің аманатынан, Пре­зиденттің сенімінен артық не бар? «Тари­хы сабақтас, мәдениеті төркіндес ел екені де рас қой. Талай бабалары­мыз­дың барған, тұрған да жері. Қатынас үзіліп, жол көмескі тартқан кезде со­ның бәрін қайта қалпына келтіру оңай бола қояр деймісіз, десе де ел үмітін, сіз­дің сеніміңізді ақтаудан жауапты не бар дейсіз, шешіміңіз солай болса, тәуе­келге белді байладым», – дедім. Тамыздың жиырма жетісі күні ме­ні Қазақстан Республи­ка­сы­ның Иран Ислам Республикасына елші етіп тағайындаған Елбасының Жар­лы­ғы жарияланды да, мен елшіліктің құра­мын, қаржысын айқындауға, Иран­­ның сыртқы саясатын, эконо­ми­касын, тарихын зерттеп танысуға кіріс­тім. «Қанша істесем, сен де менімен сон­ша бірге істейсің», – деген сөзі бар еді, «бірде ащы, бірде тұщы» дегендей, Құ­дай­ға шүкір, бірге келе жатырмыз.

Жазып алған

Д.Жанатқызы