Жаңалықтар

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты: Тұңғыш Президент – елдігімізді әлемдік деңгейге көтерген тұлға

ашық дереккөзі

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты: Тұңғыш Президент – елдігімізді әлемдік деңгейге көтерген тұлға

– Сіз тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихында мемлекеттік қызметтің әр тармағында басшылық қызметтер атқардыңыз. Қазір заң шығарушы органда еңбек етіп жатырсыз. Тәуелсіздік жылдары атқарылған және қолға алынбай қалған маңызды істердің барлығын көріп-біліп келесіз. Ат үстінде, көш басында жүрген азамат ретінде осы жылдары қандай жұмыстар сәтті атқарылып, қандай істерді ұмыт қалдырылды деп пайымдайсыз? – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – тарихи өлшеммен алып қарағанда қысқа мерзім. Ал бұл – біздің ел үшін өте ауқымды әрі күрделі  жұмыстар атқарылған маңызды кезең. Қазақстанды әлемге танытқан негізгі тарихи шешімдерден бастасақ, Елбасы Жарлығымен жабылған Семей полигонын атап өту керек. Полигонының жабылу үдерісі арқылы да Қазақстанды әлем таныды. Тарихымызда халқымыз зардап шеккен қырғын, соғыс, нәубет аз емес. Бірақ Семей полигоны – адам қолымен жасалған қасірет. Қазақстанның егемендік елең-алаңында осындай тарихи батыл шешім қабылдап, зардап шеккен елдің еңсесін тіктеп, дем беруі әділеттіліктің ақ жолы еді. Бұл қуаттылығы жөнінен әлемдегі 4-орындағы сынақ алаңы болатын. Мұндай күрделі мәселені дер кезінде шешу – ойлы да жауапты қадам. Одан кейін қазір көп адам ұмыта бастаған цензураның жойылғанын ерекше атап өту қажет. Кезінде газет-журналға басылатын әрбір материал, жарық көретін барша баспа өнімдері арнайы бақылаудан өтетін. Бұл – шығармашылықты, еркіндікті шектеудің нақты көрінісі еді. Сол сияқты халқымыздың мерейін өсірген жеңістің бірі – діни сенім бостандығының орнап, мешіт-медреселердің қайта ашылуы. Мұны жұртымыз жоғалғанын тапқандай қуана қарсы алды. Ол кезде діни білімі мен ілімі бар мамандар мен молдалар да тапшы болатын. Дін тұлғалары барды құрап, бұл саланы толықтырды. Әрине, ішінде ілімді адамдармен қатар шаласауаттылар да жүрді. Сондықтан да әлі күнге сынға ұшырап жатқанмен, таза ниетті халық шүбәсіз қолдайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тосын саяси, тарихи жаңалықтар жиі-жиі жарияланатын. Азаттық алып келген ерекше тарихи үрдіс – қандастардың атажұртқа оралуы. Ол кезде мемлекеттің жағдайы кереметтей емес еді. Бірақ тарыдай шашылған халқымыздың туған жерге көш басын бұруы  халықтың күш-қуатын арттырды. Себебі шеттегі ағайын қанша қиындық көрсе де, тілін, мәдениетін, ата дәстүрін Отанға ала келуі іргелі елдігімізді байытты. Бұл ұлы көш  қазақты жоғалып бара жатқан елдік арманымен қайта түлетті. «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтылмайды. Береке басы осындай ірі-ірі саяси шаралардан басталды. Бұл тарихи оқиғалар қазіргі қайбір жас үшін жаңалыққа баланбауы мүмкін. Бірақ түптің-түбі келер ұрпақ айрықша бағалауы сөзсіз. Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуын да зор тарихи шешімге жатқызамыз. Ассамблея өзіне жүктелген міндетті, тиісті жұмысты түгелімен орындап тастады деп айтудан аулақпыз. Ол ұйым тарихи миссиясын тереңінен түсінеді деп санаймыз. Қазақ ұлтының түрлі этноспен бірге қатар өмір сүруі – ешқандай да қиындық емес, Құдай бұйыртқан артықшылық деуге болады. Себебі халқымыз өзінің де, өзгенің де жақсы қасиеттерін насихаттап, жалпыадамзаттық қоғамға бейімделеді. Айрандай ұйыған этностардың қазақ тілін үйренуі, мәдениетімізді меңгеруі – қашанда рухани байлық. Тәуелсіздіктің әрбір жетістігі – елдің жауапкершілігін мойнына алған азаматтарымыздың еңбегі. Мысалы, Алаш қайраткерлерін алсақ, барлығы өз ұлтының жоқшысы болумен бірге жапонның озық технологиясын, Батыстың іргелі ғылымын игеруді бастама ретінде көтерді. Бүгінгі замандастарымыз мұндай игі істі жалғастырса, кім кедергі?.. Негізі, біз Тәуелсіздік тарихына құрметпен қарауды үйренуіміз қажет. Қазақстанды «Отаным!» деп санайтын әрбір азамат – оның жоқшысы. Өкінішке қарай, мұндай биік мәдениетке әлі де қол жеткізе алмай жатырмыз.  Әлемнің әр түкпіріне барып қайтқан кезкелген азамат қазаққа қатысты дерек іздеп, тарихты түгендеуге қол ұшын берсе, үлкен олжа болар еді. Біздің тарихымыз өте бай. Бірақ ол туралы Тәуелсіздікке дейін жүйелі зерделеп, зерттей алған жоқпыз. Себебі арадағы байланыс үзіліп қалған. Егемендікке қол жеткен соң осы тарихи сананы қайта жаңғыртып, талай іс-шара атқарылды. Әр жылды тарихқа, мәдениетке, руханиятқа арнай жүріп, елді серпілттік. Бірақ түбегейлі тындырып тастауға экономикалық қиындықтар кедергі келтірді. Сондықтан сұрағыңызда айтылған басталып аяқталмай қалған, кейде ұмыт қалған жұмыстарды қайта жаңғыртуға болады. Біз 90-жылдардың басында бірден нарықтық жүйеге көштік. Сол кезде халық нарық қатынастары талаптарын білмейтін. Бұрынғы социалистік жүйенің адамдары жаңа экономикалық жүйеде суда жүзе алмайтын адаммен бірдей еді. Бұл жөнінен арнайы жауапты құрылымдар халықпен жұмыс істеп, нарық заңдарын тұрғындарға хабардар етуге тиіс болатын. Ондай жұмыс толығынан жүргізілмеді.