8 жылдан астам күттік: «Жеті жол» тұрғын үйінің үлескерлеріне пәтер кілті табысталды
8 жылдан астам күттік: «Жеті жол» тұрғын үйінің үлескерлеріне пәтер кілті табысталды
Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордада «Жеті жол» проблемалық тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне пәтер кілті табысталды. Қала тұрғындары қоныс тойын 8 жылдан астам күтті, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми сайты.
Ұзаққа созылған құрылыстың аяқталуымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің уәкілетті ұйымы "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС айналысты.
"Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. 2-кезек "Жеті жол" ТК 2018 жылы проблемалық деп танылды. Бастапқы мердігердің құрылысы 2013 жылы басталды. 8 жылдан кейін "Жеті жол" ТК - нің 600-ге жуық үлескері өз пәтерлерінің кілтін алды", - деді "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС Басқарушы директоры Мақсат Шаяхметов.
Айта кетейік, Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы құрылды. "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС мемлекеттік бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы ұсынған проблемалық нысандардың құрылысын қаржыландырады.
2019 жылдың жарты жылында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 2020 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй аяқталды.
Биыл елордада тағы 57 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда, 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтерлеріне ие болады.
Үлестік құрылыстың әрбір объектісі бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылыс жұмыстарының аяқталу барысы Мемлекет басшысының бақылауында.