"Балам қуып жіберді": Әйгілі "Гүлдер" ансамблінің 82 жастағы әншісі көшеде қаңғып жүр

"Балам қуып жіберді": Әйгілі "Гүлдер" ансамблінің 82 жастағы әншісі көшеде қаңғып жүр

"Балам қуып жіберді": Әйгілі "Гүлдер" ансамблінің 82 жастағы әншісі көшеде қаңғып жүр
ашық дереккөзі
82 жастағы алматылық қария Амангелді Шыңғысов бүгінде мегаполистегі вокзал маңы мен хостелдерді жағалап, күн кешуде. 40 жыл тұрған үш бөлмелі пәтеріндегі ұлы мен келініне сыймадым деген қарт әке қаңғып кетуге мәжбүр болғанын айтады. "Алматы" телеарнасының "Шешімі бар" бағдарламасында кезінде атағы жер жарған "Гүлдер" ансамблінің солисі болған, филармонияда талай жыл қызмет істеген қарияның бүгінгі қаңғыбас күйі баяндалды. 82 жастағы қарияның айтуынша, 33 жастағы ұлы мен келіні сыйдырмай, үйінен кетуге мәжбүр болған. Содан бері ол қала вокзалдарындағы ақылы жатын орындарда түнеп, хостел жағалап жүр. Киген киімі ұқыпты, мәдениетті, сөзі түзу ақсақалдың вокзал маңында көмек сұрап тұрғанын көрген Шыңғыс Байсеріков есімді азамат мән-жайды біледі. Айтуынша, ол қарттың бойынан ішімдікке құмар, үй-күйсіз адамдарға тән ешбір белгі байқамаған. Сол себепті қарттың сөзіне сеніп, көмек қолын созып, хостелдердің біріне орналастырған. Амангелді қарттың сөзіне сенсек, оның қазіргі үш бөлмелі пәтерінде ұлы мен келіні тұрады. «Келінім босаға аттаған күннен бастап-ақ мені жақтырмады. Ұлым келінімнің сөзіне еріп, осылай жасап отыр. Маған көп нәрсенің керегі жоқ, бір бөлме берсе болды, менде қанша жыл өмір қалды» дейді ақсақал. Қарияның ұлы әкесін ішімдікке құмар деп айыптап отыр. «Қарым-қатынасымыз дұрыс емес. Ішімдікке құмар. Барлық туысымыз сөзімді құптайды. Ес білгелі ішіп келе жатыр. Үйленгенге дейін де тәуліктеп далада жүретінмін. Ол ұйықтап қалған кезде үйге келіп, түнейтінмін», - деп қысқа қайырды ол журналистерге. Ақсақалдың өзі ұлының айтқанын жоққа шығарды. Жұбайы қайтыс болған кезде үйінде баласы екеуі жалғыз тұрған. Ұлы үйленгеннен соң әке мен баланың қатынасы бұзылған. Бүгінде хостел жағалап жүрген қарияның зейнетақысы 117 мың теңге. Соның арқасында хостелдерде түнеуге мүмкіндігі бар. Десек те, қария ұлымен бірге тұруды армандайды. Бұған дейін де пәтердің коммуналдық шығынын өзі көтеріп, тіпті отбасылы баласына ақша беріп тұрғанын айтады. Заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, ақсақалдың ұлы тұрып жатқан үйдің бір бөлігі, ең алдымен, ақсақалға тиесілі. Сондықтан, жергілікті учаскелік полиция ол үйге барып, ақсақалды кіргізуін талап етуге әбден құқылы. Бірақ Амангелді Шыңғысов бұл іске полицияны араластырып, мәжбүрлі түрде үйге кіруге келіспеді. Айта кету керек, Амангелді Шыңғысов әнші, "Гүлдер" ансамблінің құрамында солист болып істеген. Одан бөлек, ол кейінгі жылдары Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда қызмет еткен. Осы мекеме қызметкерлерінің бірі, ақсақалдың бұрынғы әріптесі Жағыпар Хасеновтің айтуынша, оның мұндай күйге түскенінен әріптестері бейхабар. "Бұрыннан танимын. Филармонияда бірге жұмыс істедік. Көрмегеніме 10 шақты жылдай болды. Отбасын, барлығын білемін. Жұбайын көргем. Мұндай күйге түскенін білген жоқпын. Бірақ, бастысы бала-шағасы аман болса, қалғаны реттеледі деп ойлаймын. Кішкене көмек көрсетсе болғаны", - деді ол. Бағдарлама барысында қаладағы қонақүйлердің бірінің қожайыны жағдай біржақты болғанша, қарияға жатын орын тауып беруге уәде етті. Ал арна журналистері оқиғаның қалай өрбитінін бақылауда ұстайтынын айтты.