Жаңалықтар

"Негізі 187 мың теңге алуым керек, 36 мың ғана қолыма тиді": Шымкентте мұғалімдер наразылық білдірді

ашық дереккөзі

"Негізі 187 мың теңге алуым керек, 36 мың ғана қолыма тиді": Шымкентте мұғалімдер наразылық білдірді

Шымкенттегі №115 мектепте екі жылдан бері жалақы төңірегіндегі дау тыншымаған. Былтыр бас есепші ауысқаннан кейін мұғалімдер тиісті жалақысын алудан қалған, ал биыл келген директор ұжымнан шу шығармауды талап етеді екен, деп хабарлады Turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Мұғалімдердің айтуынша, бірде айлық жырымдап беріледі, кейде мүлдем берілмеді. Оған қоса есепші ұстаздарды жеке-жеке шақырып, "мектепке қарызсыңдар" дейді екен. "Мен негізі 187 мың алуым керек. Содан 36 мың-ақ қолыма тиді. Кредитім бар. Оны үкімет күте тұрмайды ғой. Әсіресе үйсіз жүрген жастарға қиын, зейнетақы қоры да быт-шыт болды. Мына кісілердің барлығы кредит алғысы келеді. Ол да жоқ. Айлық мүлдем жоқ. Біреуі 400 мың қарыз. Біреуін 200 мың қарыз қылып қойған. Бәріміз қарызбыз, әйтеуір. Түсініксіз. Түсіндірмейді", - дейді Нағима Пернешова. Мұғалімдердің зейнетақы қорына бөлінген қаржысы да жоқ. Яғни жарнаға деп айлықтан ақша ұсталғанымен, жарнаға бір бөлігі түссе, кейде мүлдем аудармайтын көрінеді. "Оқу жылы басталғалы қарызсыңдар" деп, мектептің жарығы мен интернетін де өшіретінді шығарған. Биыл қыркүйек айында тағайындалған директор сабырға шақырғаннан, бөлек істейтіні жоқ дейді. Енді айлық берер уақыт жақындағанда ұжым тағы да не директор, не есепшіні таппай отыр. Ал шенеуніктер бұл жағдайды бүгін ғана білдік, директор мен есепшіні іздеп тауып, мәселені шешеміз деп сендіріпті.