30 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?

30 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?

30 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
2005 жылы Қызылорда облысындағы ерте замандағы тұрақтарында қазба жұмыстарын жүргізген кезде бірегей заттар табылды. Қазба жұмыстары Жаңадария-Сырдария саласы өзендерінің жағалауында орналасқан Шірік Рабат ескі қаласының аумағында жүргізілді, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы. Бұл жұмыстар Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде өткізілді. Көлемі 40 гектар жерді алып жатқан екі қатарлы қамал - IV-V ғасырлардан қалған жәдігер. Бүгінгі таңда ол, археологиялық ескерткіштердің тізіміне енген. Қазба жұмыстары кезінде екі метрлік тереңдікте найзаның ұштары, қыш ыдыстар, алтыннан жасалған бұйымдар табылды. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Англо-Каспиан баспасынан шыққан Қазақтың киіз үйі этнографиялық-танымдық көркемсуретті кітаптың таныстырылымы өтті. Қаламгер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков күні кеше киіз үйде туып-өскен өскен қазақ баласы үшін осынау ұлттық мақтанышымызды мұхиттың арғы жағынан келген кәсіпкерлердің дүниежүзілік құнды мәдени мұра ретінде бағалап отырғаны ата-баба аруағының асқақтағаны деп білеміз, деді. Ғалым, қаламгер Асқар Егеубаев киіз үйдің этнографиялық маңызына тоқтала келіп, қазақ атам көбіне алты қанат ақ орданы тұтынып келді. Алты қанаты - Алты Алаш қазақ баласын, ал 92 уық 92 рудың баласын бір күмбез, бір шаңырақ астына жинау белгісін білдіреді, деді ол. 2005 жылы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының Қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін үкіметтік емес орденімен марапатталды. Орденді Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Олег Кузнецов, вице-президенттері Юрий Рахманин және Валентин Цой тапсырды. Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Олег Кузнецов атап өткендей, Президент Нұрсұлтан Назарбаев - көп ұлтты Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, бүкіл ТМД елдері қоғамының дамуына да үлкен үлес қосқан адам. Оның айтуынша, бұл орден шетелдік Мемлекет басшысына бірінші рет беріліп отыр. 2007 жылы Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында көрнекті қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың екі томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Сағат Әшімбаев - қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өзіндік із қалдырған танымал тұлға. Оның Елорда баспасынан шыққан екі томдық жинағында әдебиет сыншысының оқырман қауымға кеңінен танымал, қазақ сын жанрына жаңа бетбұрыс әкелген, оның дамуына кең өріс ашқан терең ойлы сыни мақалалары мен зерттеулері, философиялық ой-толғаныстар мен шығармашылық жолындағы өзге де туындылары жинақталған. Шығармалардың екінші кітабында автордың әдебиет әлеміне өшпес мұра қалдырған, ұлы тұлғалар туралы зерттеулері және эссе сипатындағы көркем дүниелері топтастырылған. 2007 жылы Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы заңнамалар институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясы - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда жаңадан өзгертулер енгізу арқылы қабылданған Ата заңымызға ғылыми түсініктеменің таныстырылымы болды. Ата заңымызға енгізілген өзгертулер өте зор мағынаға ие болды және бұл үрдістің маңыздылығы отандық ғалымдармен қатар шетелдік кәсіби мамандардың тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Осыған орай Конституциямызды толықтай халықаралық талаптарға сай келеді, әрі республикамыздың одан әрі дамуына оң әсер етеді деуге болады. 2009 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 2010 жылы Алматы облысының кейбір ауылдық округтері мен ауылдарының атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Мәселен, Заречное ауылы - Ақтоған, Қазсельхозтехника ауылы - Бәйтерек, Энергетик - Таусамалы, Мұқыры ауылы - ақын Қалқа, Лепсинск - Лепсі ауылы болып өзгертілді. 2010 жылы Беларусь елінде Қазақстан-Беларусь: Ұлы Жеңіс - біртұтас естелік атты фотокөрме өтті. 2011 жылы Алматы ресми түрде 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада астанасы болып жарияланды. 2011 жылы Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде белгілі ақын, этнограф, шығыстанушы және ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған кеш өтті. 2012 жылы Астана түркі әлемінің мәдени астанасы эстафетасын түріктің Эскишехир қаласына табыстады. 2012 жылы Петропавлда облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президентінің залы ашылды. 2012 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. 2013 жылы Германияның Дрезден қаласында Қазақстан экономикасының күндері аталып өтті. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында румын ұлттық телевидениесінде Н.Назарбаев туралы Түркі әлемінің көшбасшысы деректі фильмі көрсетілді. 2014 жылы даңқты балуан, 1980 жылғы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Әлемнің үздік балуаны атағына ие болды. Бұл марапатты әйгілі спортшыға Бірлескен күрес әлемі деп аталатын халықаралық күрес федерациясы табыстады. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өту қарсаңында Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік телеарнасы Ajman TV режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы мен өміріне арналған Балалық шағымның аспаны көркем фильмін көрсетті. 2015 жылы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның іс-қимылына арналған Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда. Өсім, реформа, даму атты Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын арнады. 2015 жылы Сербия Республикасы Белград қаласында жыл сайынғы Карич қоры сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан мен Сербия халықтары арасындағы бейбітшілікті, ынтымақтастықты, достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚР Президенті жоғары наградаға лайық деп танылды. 2015 жылы Астанада 1992 жылы шығарылған Қазақстанның почта маркаларының көрмесі өтті. 2015 жылы Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды. Жаңа банкнот қазақстандық теңгенің ең қорғалған ақша белгісі, әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі. 2015 жылы Қазақстан Республикасының президенті - Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық-оңтүстік африкалық бірлескен кәсіпорын Қазақстан Парамаунт Инжиниринг ЖШС іске қосқан брондалған дөңгелекті машиналар шығаратын зауытқа барды. 2015 жылы Болгарияда Дүниежүзілік жастар форумы өтті. Оған әлемнің 72 елінен жастар қатысты. Қазақстан атынан Астана, Қызылорда, ШҚО, Ақмола облыстарының қоғамдық ұйымдары, мәдени орталықтарының белсенділері қатысты.