Жаңа жылдың бюджеті мақұлданды
Жаңа жылдың бюджеті мақұлданды
Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен палатаның кезекті жалпы отырысында еліміздің ең басты қаржылық құжаты – «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Жалпы отырысқа Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері түгел қатысты. Заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады.
Елдің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылға арналған нақтыланған ІЖӨ-нің және халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсуі мен тауар нарықтарындағы әлемдік бағалардың болжамдары негізінде әзірленді, деп бастады өзінің сөзін Қ.Бишімбаев. Министр 2017 жылғы мұнай бағасы халықаралық қаржы институттарының болжамына қарағанда 41 мен 61 АҚШ доллары аралығында болатынын айтты. Осының ішінен бюджеттің параметрлерін негіздеуге мұнай бағасы 35 доллар болады деп консервативтік деңгей алыныпты. Ал металл бағаларына 2016 жылмен салыстырғанда 20121 жылы 11 пайызға өседі деген болжам негізге алынған. Мұнай өндіру көлемі 2017 жылы 79,5 млн тоннаны құрап, 2021 жылға қарай 86,5 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде, деді министр. Ал ІЖӨ-нің 2017 жылғы нақты өсуі 1,9% болып, 2021 жылға қарай 3,1% дейін жетеді деп болжанған. Ақшаға шаққанда бұл – 2017 жылғы 48,4 трлн теңгеден 2021 жылы 63,6 трлн теңгеге дейін өседі деген сөз. Ал халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 2017 жылғы 7,5 мың АҚШ долларынан 2021 жылы 10,0 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп болжанған. Одан әрі Қ.Бишімбаев экономиканың секторлары бойынша қанша өсім болатыны болжанғанын айтып өтті. Сонымен қатар, инфляция деңгейінің 2017 жылғы 6-8% шегі 2021 жылға қарай 3-4%-ға дейін төмендейтіні болжанып отырғанын жеткізді. Осындай болжамдар негізінде 2017 – 2019 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер мынадай болмақшы: Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 4 338,2 млрд теңге; 2018 жылы – 4 562,3 млрд теңге; 2019 жылы – 4 877,2 млрд теңге;
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыруға бұдан бұрынғы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 720 млрд теңгенің ішінен 2017 жылы 441,6 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда. Қалған 278,4 млрд теңге Ұлттық қордың резервінде қалды. Оларды пайдаланылу экономикада қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, 2017 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылады, деді министр.
2017 жылға арналған нысаналы трансферттің мына бағыттарға жұмсалатыны да айтылды:
1.«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына 387,4 млрд теңге, оның ішінде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға – 150,5 млрд теңге; «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының индустриялық инфрақұрылымын дамытуға – 7,7 млрд теңге; жылумен және сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғыртуға – 53,0 млрд теңге; тұрғын үй құрылысы аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және жеке тұрғын үй құрылысына – 57,4 млрд теңге; 2018 жылдың соңына қарай апаттық мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою үшін білім беру объектілерінің құрылысына – 71,7 млрд теңге және т.б.
2) Басқа басым бағыттарды қаржыландыруға – 54,3 млрд теңге;
Республикалық бюджеттің жалпы шығыстары 2017 жылы 8 563,1 млрд теңге, 2018 жылы – 8 368,1 млрд теңге және 2019 жылы – 8 746,8 млрд теңге көлемінде айқындалған.
Республикалық бюджеттің осы параметрлерін өзінің баяндамасында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов та қайталап, кірістер мен шығыстардың бағыттарын нақтылап өтті. Соның ішінде 2017 жылы бюджет шығыстарының 41,7 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалса, бұл үлес 2019 жылы 49 пайызға дейін жететінін атап өтті. Соның ішінде ең төменгі зейнетақы көлемі болжанған инфляция 7 пайыз болғанына қарамай, 9 пайызға дейін өсетінін атады. Ал денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығыстар 2017 жылы биылғыдан 28,7 пайызға артатыны жеткізілді. Сондай-ақ, білім беру, мәдениет пен спортты дамыту салаларына қарастырылған қаражат көлемдері де аталып өтті.
Баяндамалар аяқталған соң депутаттар Үкімет мүшелерін сұрақтардың астына алды. Депутат Абзал Ералиев ауыл шаруашылығына лизингпен жаңа техника алу бағдарламасының неліктен орындалмай отырғанын сұрады. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов жауап беріп, бұл мәселенің алыс шетелдік қымбат техникалардан гөрі сапасы олардан кем емес, арзанырақ техникалар алатын болсақ орындалады деген мазмұнда жауап берді. Біз алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеп, машина-трактор паркін 70 пайызға дейін жаңартамыз, деді ол.
Депутат Серік Құсайынов Елбасы бекіткен таза ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес 2020 жылы қазақстандықтар онымен толықтай қамтамасыз етіледі делінген еді. Соған қарамай, таза ауыз суға қол жеткізу көптеген облыстарда әлі күнге 20-30 пайыздың деңгейінде қалып отыр. Осы мимырт қимылмен Елбасының тапсырмасы қалай орындалады, деді. Сұраққа Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев жауап беріп, 2015-16 жылдардағы бюджет шығыстарының қысқартылуына байланысты бұл бағдарламаның көздеген межеде орындалмай отырғанын алға тартты.
Бұл жауапқа Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өзі де қанағаттанбады. Елбасы бекіткен «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалмай жатқаны маған да түсініксіз, деді ол. Рас, 2014 жылы 3 жылдық бюджет шығыстарына біршама түзетулер енгізілді. Алайда, осының үстіне, 2016 жылдың 31 тамызында сіздер «Ақ бұлаққа» бөлінетін қаражатты өз тарапыңыздан тағы да азайтыпсыздар. Бекітілген мемлекеттік бағдарламаның шығыстарын министрліктің азайтуға хақы жоқ еді ғой. Оның үстіне, осы шығыстар бойынша былтыр 16 млрд теңге игерілмей қалған. Осыларды немен түсіндіресіз, деп ол министрге тікелей сұрақ қойды. Қ.Бишімбаевтың «ақша жетпеді» дегенді тағы да қайталай бастаған сылтауларын Төраға одан әрі тыңдағысы келмей, қаражаттың біраз бөлігі игерілмей жатқанда «қаражат жетпеді» деп айтудың өзі негізсіз. Сіз осы мәселені халыққа БАҚ бетінде түсіндіріп беріңіз, деп отырысты одан әрі жалғастырды.
Депутат Нұртай Сабильянов өз сұрағын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа арнады. Экономикалық тұрақтылықтың біршама сақталып тұрғанына қарамай, бюджетті қайта-қайта нақтылай беретін себебіміз не, бағдарламалардың толық орындалуы үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайды, деп сұрады ол. Премьер-Министр оған ұзақ жауап беріп, сыртқы экономикалық факторлардың әсерінен, соның ішінде түрлі саяси ахуалдардың ықпалымен мұнай бағасының өзгермелігіне байланысты бюджетті нақтылай беруге тура келетінін айтты.
Депутат Шавхат Өтемісов 2017 жылы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатының үлесі 1,6 пайыз болады деп жоспарланған еді. Қазір бұл үлес 0,8 пайыз ғана. Соған қарамай, министрліктің 2017 жылғы бюджетінде осы шараға 95 млн теңге ғана көзделген. Осындай шағын қаражатпен белгіленген межеге қалай жетесіздер, деп Энергетика министріне сауал тастады. Оған Энергетика министрінің міндетін атқарушы Мағзұм Мырзағалиев жауап беріп, келесі жылы 117 Мгвт электр қуатын өндіретін «жасыл экономика» стансалары іске қосылады. Бұл нысандардың бәріне қаражат жекеменшік инвестициялардан тартылады, деді ол. Алайда, Төраға Н.Нығматулин оған тікелей сұрақтар беріп, министрліктің стратегиялық жоспарында көрсетілген кірістің тарифтерді көтеру арқылы алынатынын анықтады.
Осындай қызу талқылаулардан кейін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет мақұлданды. Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин үшжылдық бюджет жобасының әлеуметтік сипаты басым екендігін атап өтті. Бұл Президент Н.Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік тұрғыдан жаңғырту жөніндегі бағдарына сәйкес келеді, деді ол.