Жетпіс жетідегі желаяқ Жапония Олимпиадасына даярлық үстінде

Жетпіс жетідегі желаяқ Жапония Олимпиадасына даярлық үстінде

Жетпіс жетідегі желаяқ Жапония Олимпиадасына даярлық үстінде
ашық дереккөзі
Салтанат Түйтебаев – жасы жетпіс жетіден асса да, талай желаяқты жолда қалдырып, беделді мара­фон­дарда топ жарып жүрген ардагер спортшы. Әлемдегі ең ірі және ең танымал марафондардың бірі – Нью-Йорк марафонында екінші орын иеленіп, жүлделі оралғанына екі-ақ апта болған қарт атлет қазір келесі жылы Жапо­ния­да ардагерлер арасында өтетін Олимпиадаға дайын­дық жұмыстарын жүргізуде. Әлемнің көптеген елін шар­ласа да, астанадағы спорт алаңдарына ештеңе жетпейтінін айт­қан қарияға хабарласып, сұхбаттасқан едік. –Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қыз­мет атқарып, зейнетке шықсаңыз да, сүйік­ті ісіңіз – жүгіруден сырт айнал­май келе жатқаныңызға таңғалдық. Ма­рафонда жүгірумен қай уақыттан бе­рі әуестеніп жүрсіз? – Аяққа тұрып, қалай жүре бастадым, со­лай спортпен айналыса бастадым. Бұл – шындық. Қазір, тіпті кішкентай балалар да те­лефонға үңіледі де отырады. Ал біздің заманда буыны қатайып, бұғанасы бекіген ба­ла далаға шығып, спортпен шұғыл­да­на­тын. Қала берді, ауылда көшенің шаңын шы­ғарып, улап-шулап, аударыспақ ойнап, ләң­гі теуіп, көкпар тартатынбыз. Еңбекке ер­те жастан араласқан соң, ширақ әрі шы­мыр болып өстік. Бұдан ешкім жаман бол­ған жоқ. Байқасаңыз, әлемнің мықтысын жең­ген чемпиондардың барлығы ауылдан шыққан. Ауылдастарымның көбі волейбол, ен­ді бірі баскетболмен кәсіби түрде ай­на­лыс­са, мен өзіме жақын жүгіру спортын таң­дадым. Тіпті, Литвада әскер қатарында жүр­сем де, жүгіруден түрлі сайыстарға қа­ты­сып жүрдім. Бірақ әскерден оралған соң жү­гірумен кәсіби түрде айналысатын мүм­кіндік болмады. Тек денсаулығымды дұрыс қа­­­лыпта ұстау үшін аптасына бес рет 10-15 ша­қы­рым жүгіретінмін. Әскери боры­шым­ды өтеп келген соң, Алматыдағы мем­ле­кет­тік уни­вер­ситеттің физика факультетіне оқу­ға түстім. Оны бітір­ген соң, туған ауы­­лым Жам­был облысы Мойын­құм ауданы Көк­терек ауы­лын­­дағы Ки­ров мектебіне мұ­ғалім бо­лып жұмысқа тұрдым. Сосын сол ауданға қа­райтын мектеп­тер­дің бірінде же­ті жыл директор қыз­метін атқардым. Кейін Жаңатас қаласын­дағы мектептердің бірінде директор, кейіннен қалалық білім бө­лімінде инспектор, сосын кәсiптiк-тех­никалық училищенің ди­рек­торы болып жұ­мыс істедім. Алмағайып тоқ­саныншы жыл­дарда өндіріс коопера­тивінің бастығы бол­дым. Сол аласапыран уақытта жан ба­ғып, күн көру үшін отба­сыммен Алматыға қоныс аудардым. Сосын 1999 жылы ас­танаға көшіп, біраз уақыт кәсіпкерлікпен айналысқан соң зейнетке шықтым. – Ел атынан халықаралық сайыс­тар­ға жиі қатысатын ардагер спорт­шы­лардың бірісіз. «Мұндай бәсі биік бә­секеде бақ сынаңыз» деп спорт бас­шы­лығындағылар қолқа салды ма, әлде? – Жетпіс жасқа келгенде Серік деген інім «Аға, кезінде мықты марафоншы едіңіз ғой. Алматыда жыл сайын марафон өтеді. Соған қатысып көрсеңіз қайтеді?» деп ұсы­ныс айтты. Ол кезде Алматыда мұндай ірі ма­ра­фон өтетінін тіпті де білген жоқпын. Се­рік «Ұшаққа билет әперемін. Сізді күтіп ала­ды, барып, қатысып қайтыңыз» деп қай­та-қайта айта берген соң, одан ұялғаннан ке­лісім беріп, Алматы марафонына қа­тыс­тым. Несін айтайын, отыз жылдай уақыт жүгірумен кәсіби түрде шұғылданбаған мен әлгі марафонда мәре сызығын ең соң­ғы болып кестім (күліп). Бұған намыс­тан­ға­ным соншалық, үйге оралған соң «Бұрын Қа­зақстан чемпионы болған, мықты өнер көрсеткен марафоншыны үлкені бар, кі­шісі бар, озып кетті. Бұлай болмас!» деп өз-өзімді қайрап, жас кезімде қалай шы­нықсам, жетпістен асқан соң тура солай жат­тыға бастадым. Сөйтіп, бұл іске шындап кіріс­тім. Күніне 20-25 шақырым жүгіруді әдет­ке айналдырдым. Дәл сол жылдың күз мез­гілінде Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет Астана марафоны әлемдік деңгейде өт­кізілетін болды. Үш ай бойы жатпай-тұр­май дайындалып, сол марафонда бірінші орын­ды иелендім. Сөйтсем, жетпістен ас­қан спортшылардың арасында Азия ре­кордын жаңартыппын. Интернеттен қара­сам, ардагер спортшылардың арасында әлем чемпионаты, тіпті Олимпиада ойын­дары өткізіледі екен. Мен бұған дейін біл­мей жүріппін. Осыдан кейін жүгіруге деген қы­зығушылығым еселене түсті. Желтоқсан айында Сингапурде он алты мыңнан астам адам қатысқан марафонда мәре сызығын бірінші болып кессем, бір айдан соң Ду­бай­да ұйымдастырылған марафонда топ жар­дым. Ол аздай, Түркияның Анталия қа­ла­сында өткен марафонда да бақ сынап, мәре­ге бірінші болып келдім. Сосын 2016 жы­лы Аустралияда өткен әлем біріншілігіне қатысып, екінші орынды місе тұттым. Келесі жылы сәуір айында Жаңа Зеландияда спорт ардагерлерінің Олимпиадасында бақ сы­надым. Бұл Олимпиаданың кәдімгі Жаз­ғы Олимпиада ойындарынан еш айырмасы жоқ, тек бокс пен күрес сайыстары өткі­зіл­мейді, қалған спорт түрлерінің кіл мы­қ­ты­лары өзара кім мықтыны анықтайды. Бұл Олим­пиадада 10 шақырымға жүгіруде екінші орынды иелендім. Ал өзімнің сүйік­ті сайысым марафонда жүгіруде алтын медальді еншіледім. Әлбетте, мұның бар­лығында оқ бойы озып келуге елдегі фе­дера­циялар мен ұйымдардың көмегі көп тиді. Есептеп қарасам, күні бүгінге дейін көршілес елдерді қоспағанда жиырма екі елде ұйымдастырылған марафонға қаты­сыппын. Негізі, інім Серік болмағанда мұ­ның бірде-біріне қатыспас едім, барлығына сол кінәлі (күліп). Үйде тып-тыныш отыр­ған, жетпіс жетіні алқымдаған зейнеткердің қызығушылығын оятып, ақыр соңында жарыстарда алдына жан салмайтын дең­гейге жеткізді. Әйтпесе шетелге барамын, марафонға қатысамын деген ой тіпті де болған жоқ. [caption id="attachment_159464" align="aligncenter" width="533"] width= Нью-Йорк мара­фо­ны кезінде[/caption] – Жыл сайын қарашаның бірінші жек­сенбісінде өтетін Нью-Йорк мара­фо­ны – әлемдегі ең ірі және ең таны­мал марафондардың бірі. Ереже бойын­ша, онда жүгіру үшін арнайы нор­матив тапсырып, алдын ала ірік­теуден өту қажет. Былтыр панде­мия сал­дарынан өткізілмеген әйгілі мара­фонға биыл қайта шақырыл­дыңыз ба әлде тағы да іріктеуден өттіңіз бе? – Жалпы, әлемде жоғары деңгейде ұйым­дастырылатын жүзден астам марафон бар. Байқаған боларсыз, кейінгі кезде Қазақстанда да марафондар жиі өткізіліп жүр. Сол марафондардың көбіне мүшелік жар­на ақысын төлесең болғаны, қатарға қо­сылып, қатыса беруге рұқсат. Ал сол жүз­дің ішінде бәсі биік, беделі жоғары бес мара­фон бар, олар: Токио, Лондон, Берлин, Бостон және Нью-Йорк марафондары. Бұл сайыс­тарға «Қой, жарнасын төлеп, барып қаты­сып қайтайын» деуім жоқ. Осы бес ма­ра­фонға қатысу үшін алдын ала нор­матив тапсырып, тіркелген құжатты ұйым­дастырушыларға жіберуің керек. Олар барлығын жіті тексерген соң, арнайы шақыру жіберу қажет. Осы бесеуінің ішін­дегі ең үлкені саналатын Нью-Йорк мара­фо­нына жыл сайын елу екі мыңға жуық адам қатысады. Одан артық қатысушыны қала көшелері «көтере» алмайды. Ал не­гізінде бұған қатысқысы келетіндердің саны екі есе көп екенін естідім. Қазан айын­да Нидерланд астанасы Амстердам­дағы бір сайыста нормативті орындап, ізін­ше сол марафонға қатысуға шақырту ал­дым. Бірақ былтыр пандемияға бола кейін­ге шегерілгендіктен, бұл марафон өт­пей қалған еді. Биыл шілде айында былтыр норматив тапсырғандарды қайта шақырды, сөйтіп, көптен күткен әйгілі марафонға қуана-қуана қатысып, екінші орын алып қайттым. – Бірақ сіз Нью-Йоркке марафон бас­талуға аз күн қалғанда бардыңыз. Ак­ли­матизация процесінен өту қиын­дық тудырған болар? – Иә, сол жағы қиын болды. Бұрын қай жа­рысқа барсам да, бір апта ерте барып, аклимитизация процесінен оңай өтетін едім. Ал бұл жолы олай болмады. АҚШ пен Қазақстанның уақыт айырмашылығы – 11 сағат. Бізде қазір күндізгі уақыт болса, Нью-Йорк­те қазір түн. Сосын тағы бір қиындық тудырған мәселе – марафон көбіне қай жерден басталса, сол жерден аяқталады. Ал 42 шақырымға созылған Нью-Йорк мара­фонының сөресі бір жерден басталғанымен, мәрені мүлде басқа жерден кесіп өттік. Жалпы, Нью-Йорктің бес ауданы бар. Бір Бруклин ауданының өзі бір Алматымен тең, онда шамамен екі миллион адам тұра­ды. Елестетіп көріңіз, осындай бес ірі аудан орналасқан аумақты жүгіріп өту оңай емес. Одан соң, көпірден жүгіріп өту де оңай болмады. Нью-Йорктің көпір­лері тым ұзын әрі биік, соңына дейін жет­кенше әлсіреп қа­­ласың. Оның үстіне, қала кедір-бұдырлы жер­де орналасқан, бір түсесің, бір көтері­лесің. Көшелері де ұзын. Жалпы айтқанда, өмірімде қатысқан ең қиын марафон осы болды. – Десе де сол ұзын көшелерде «Сал­танат ата, алға!» деп айқайлап, Көк бай­­рағымызды желбіретіп тұрған қа­зақ­стандықтарды көргенде жігер­леніп, рухтанып қалған боларсыз? – Иә, алдымен осыны айт! Қатты таң­ғалдым. Жүгіріп келе жатқанда бейтаныс адамдардың «Салтанат ата, алға! Алға Қа­зақ­стан!» деп айқайлағанын естігенде сасып қалдым. Қарасам, қолдарына Қа­зақ­станның туын ұстап алған өзіміздің қара­домалақ балалар екен. Сөйтсем, олар менің Америкаға барғалы жатқанымды естіп-біліп, бір-біріне хабарласып, жиналып, қолдау үшін арнайы келген екен. Нью-Йоркте тұратындар «Ата, қандай кө­мек керек? Айтыңыз, қазір-ақ жетіп бара­мыз!» деп хабарласты. Ал басқа штат­та тұратындар телефон нөмі­рімді өзгелерден сұрап алып, сонда келіп, қолдау көрсете алмаса да, сырттай жанкүйер болып отыр­ғанын ай­тып, ақ тілегін жаудырды. Ал ма­рафонда маған қолдау көрсет­кен қазақстан­дықтар жарыс аяқ­талған соң кетіп қал­май, мен ор­наласқан қонақүйді тауып алып, шоқ-шоқ гүлдер көтеріп келіп, көпшіліктің көзінше құт­тықтады. Артынша мені кафеге шақырып, барлығымыз бірге отырып, тамақтанып, біраз шүйірке­ле­сіп қайттық. Жалпы, біздің жастар­дың болашағы зор екеніне көзім жетті. Десе де жастарға айтар бір ауыз сөзім бар: спорт­ты жаныңа серік қыл! Ұзақ өмір сүр­гің келсе денсаулығыңды күт, спортпен шұ­ғылдан! Қазір заман басқа, заң басқа, десе де қол созсаң барлығына жетуге бола­ды. Бұрын біз спорттық аяқ киімді қолдан тігіп киетінбіз. Қазір дүкенге кірсең сөре­лерде аяқ киімнің түр-түрі тұр. Жүгіретін орын­дар жетерлік. Көшелерде жаттығатын құрал-жабдықтар орнатылған. Не керектің барлығы бар. Бар болғаны, берілген мүм­кіндікті пайдалан. Жалқаулық желкеңнен басып-жаншып тұрса да, спортқа көңіл бөл. Таңертең бір сағат ерте тұр. Көпшілік бірден жоғары жылдамдықпен жүгіргенді құп көреді, бірақ әсте олай емес. Асықпай жүгірген жөн. Алдымен үш шақырымға жүгір, сосын күн сайын қашықтықты ұзартып отырсаң, ақыр соңында таза ауада жүгіргенді қалай ұнап кеткенін білмей қаласың. Сосын көпшілігі «бүгін осыншама шақырым жүгіруім керек» деп алдын ала жоспарлап, сағатына сан мәрте қарай береді. Қала берді, интернеттен жүгіруге дағдыланудың жолдарын іздеп, сырттан ақыл-кеңес іздеп жүретіндер де бар. Бұл да дұрыс емес. Бүгін қанша жүгіретініңді организмің өзі-ақ «айтып» береді. Сосын интернеттегі бапкердің айтқан ақылы саған жарамауы әбден ықтимал, өйткені әркімнің организмі мен салмағы әртүрлі. Сол үшін үйде жатып, жүгіруге әуес қыла­тын жол іздегенше алдымен жүгіру алаңы­на шық та, жүгіріп көр. Сосын шама-шар­қың белгілі болады. Құдайға шүкір, Қа­зақстанда салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалған. Жоғарыда айтып өтке­німдей, ТМД елдерін қоспағанда жиырма екі елдің трассасында жүгірдім. Дамыған елдердің бас қалаларында болдым. Сонда байқағаным, астанадағыдай жүгіретін жер ешқайда жоқ. Қазір Есілдің жағасымен бір жүгіріп өткенде, 18 шақырымды бір-ақ еңсересің. Елімізде саябақтарда демалудан бөлек, жүгіруге арналған жолақтар са­лынған. Көліктер де кедергі келтірмейді. Мысалы, осы барғанда әлемдегі танымал саябақтардың бірі саналатын Нью-Йорк қаласының орталық саябағында мәре сызығын кестік. Ұзындығы төрт шақырым­ға жалғасатын әйгілі бұл саябақта емін-еркін жүгіре алмайсың. Сол себепті спорт­пен шұғылданатын адам жерді жеті ай­налса да, Нұр-Сұлтан секілді қолайлы қала таппайды. Мен саған осыны айтайын. Көпшілік бас қалада қыста қырық градус аязда жүгіру қиын екенін айтады. Ештеңе жоқ, қазір жылуды ұстап тұратын термо­киім­дерді киіп алып жүгірсең, денең шы­ны­ғып, иммундық жүйең жақсарады. Әсіре­се, қыс мезгілінде жүгіру адамның көңіл күйін көтеріп, сергек жүруіне септігін тигізеді. Сондықтан жастарға айтарым – жүгіруді әдетке айналдырыңдар! [caption id="attachment_159465" align="alignnone" width="1024"] width= Марафон соңында[/caption] – Жаңа ғана бірнеше шақырымға жүгіріп келгеніңізді айттыңыз. Ендігі мақ­сат жоғарыда айтып өткен әлем­дегі ең ірі бес марафонның қал­ған төр­теуіне қатысу ма? Қазір қандай мара­фонға дайындалып жүрсіз? – Қазіргі мақсат – ардагерлер арасында өтетін Олимпиадада топ жару. Бұл Олим­пиада биыл Жапонияда өту керек еді, пандемия салдарынан келесі жылы өтетін болды. Атаң амандық болса мамыр айында Жапония жаққа қарай жылжиды. Ал қалған төрт ірі марафонды, әлбетте, жүгі­ріп өткім келеді. Құдай қуат берсе, бұл ме­жені де бағындырармын. Бастысы – денсаулық! Денсаулық болған жерде, бәрі де болады.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ