Жаңалықтар

Жетпіс жетідегі желаяқ Жапония Олимпиадасына даярлық үстінде

ашық дереккөзі

Жетпіс жетідегі желаяқ Жапония Олимпиадасына даярлық үстінде

Салтанат Түйтебаев – жасы жетпіс жетіден асса да, талай желаяқты жолда қалдырып, беделді мара­фон­дарда топ жарып жүрген ардагер спортшы. Әлемдегі ең ірі және ең танымал марафондардың бірі – Нью-Йорк марафонында екінші орын иеленіп, жүлделі оралғанына екі-ақ апта болған қарт атлет қазір келесі жылы Жапо­ния­да ардагерлер арасында өтетін Олимпиадаға дайын­дық жұмыстарын жүргізуде. Әлемнің көптеген елін шар­ласа да, астанадағы спорт алаңдарына ештеңе жетпейтінін айт­қан қарияға хабарласып, сұхбаттасқан едік. –Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қыз­мет атқарып, зейнетке шықсаңыз да, сүйік­ті ісіңіз – жүгіруден сырт айнал­май келе жатқаныңызға таңғалдық. Ма­рафонда жүгірумен қай уақыттан бе­рі әуестеніп жүрсіз? – Аяққа тұрып, қалай жүре бастадым, со­лай спортпен айналыса бастадым. Бұл – шындық. Қазір, тіпті кішкентай балалар да те­лефонға үңіледі де отырады. Ал біздің заманда буыны қатайып, бұғанасы бекіген ба­ла далаға шығып, спортпен шұғыл­да­на­тын. Қала берді, ауылда көшенің шаңын шы­ғарып, улап-шулап, аударыспақ ойнап, ләң­гі теуіп, көкпар тартатынбыз. Еңбекке ер­те жастан араласқан соң, ширақ әрі шы­мыр болып өстік. Бұдан ешкім жаман бол­ған жоқ. Байқасаңыз, әлемнің мықтысын жең­ген чемпиондардың барлығы ауылдан шыққан. Ауылдастарымның көбі волейбол, ен­ді бірі баскетболмен кәсіби түрде ай­на­лыс­са, мен өзіме жақын жүгіру спортын таң­дадым. Тіпті, Литвада әскер қатарында жүр­сем де, жүгіруден түрлі сайыстарға қа­ты­сып жүрдім. Бірақ әскерден оралған соң жү­гірумен кәсіби түрде айналысатын мүм­кіндік болмады. Тек денсаулығымды дұрыс қа­­­лыпта ұстау үшін аптасына бес рет 10-15 ша­қы­рым жүгіретінмін. Әскери боры­шым­ды өтеп келген соң, Алматыдағы мем­ле­кет­тік уни­вер­ситеттің физика факультетіне оқу­ға түстім. Оны бітір­ген соң, туған ауы­­лым Жам­был облысы Мойын­құм ауданы Көк­терек ауы­лын­­дағы Ки­ров мектебіне мұ­ғалім бо­лып жұмысқа тұрдым. Сосын сол ауданға қа­райтын мектеп­тер­дің бірінде же­ті жыл директор қыз­метін атқардым. Кейін Жаңатас қаласын­дағы мектептердің бірінде директор, кейіннен қалалық білім бө­лімінде инспектор, сосын кәсiптiк-тех­никалық училищенің ди­рек­торы болып жұ­мыс істедім. Алмағайып тоқ­саныншы жыл­дарда өндіріс коопера­тивінің бастығы бол­дым. Сол аласапыран уақытта жан ба­ғып, күн көру үшін отба­сыммен Алматыға қоныс аудардым. Сосын 1999 жылы ас­танаға көшіп, біраз уақыт кәсіпкерлікпен айналысқан соң зейнетке шықтым. – Ел атынан халықаралық сайыс­тар­ға жиі қатысатын ардагер спорт­шы­лардың бірісіз. «Мұндай бәсі биік бә­секеде бақ сынаңыз» деп спорт бас­шы­лығындағылар қолқа салды ма, әлде? – Жетпіс жасқа келгенде Серік деген інім «Аға, кезінде мықты марафоншы едіңіз ғой. Алматыда жыл сайын марафон өтеді. Соған қатысып көрсеңіз қайтеді?» деп ұсы­ныс айтты. Ол кезде Алматыда мұндай ірі ма­ра­фон өтетінін тіпті де білген жоқпын. Се­рік «Ұшаққа билет әперемін. Сізді күтіп ала­ды, барып, қатысып қайтыңыз» деп қай­та-қайта айта берген соң, одан ұялғаннан ке­лісім беріп, Алматы марафонына қа­тыс­тым. Несін айтайын, отыз жылдай уақыт жүгірумен кәсіби түрде шұғылданбаған мен әлгі марафонда мәре сызығын ең соң­ғы болып кестім (күліп). Бұған намыс­тан­ға­ным соншалық, үйге оралған соң «Бұрын Қа­зақстан чемпионы болған, мықты өнер көрсеткен марафоншыны үлкені бар, кі­шісі бар, озып кетті. Бұлай болмас!» деп өз-өзімді қайрап, жас кезімде қалай шы­нықсам, жетпістен асқан соң тура солай жат­тыға бастадым. Сөйтіп, бұл іске шындап кіріс­тім. Күніне 20-25 шақырым жүгіруді әдет­ке айналдырдым. Дәл сол жылдың күз мез­гілінде Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет Астана марафоны әлемдік деңгейде өт­кізілетін болды. Үш ай бойы жатпай-тұр­май дайындалып, сол марафонда бірінші орын­ды иелендім. Сөйтсем, жетпістен ас­қан спортшылардың арасында Азия ре­кордын жаңартыппын. Интернеттен қара­сам, ардагер спортшылардың арасында әлем чемпионаты, тіпті Олимпиада ойын­дары өткізіледі екен. Мен бұған дейін біл­мей жүріппін. Осыдан кейін жүгіруге деген қы­зығушылығым еселене түсті. Желтоқсан айында Сингапурде он алты мыңнан астам адам қатысқан марафонда мәре сызығын бірінші болып кессем, бір айдан соң Ду­бай­да ұйымдастырылған марафонда топ жар­дым. Ол аздай, Түркияның Анталия қа­ла­сында өткен марафонда да бақ сынап, мәре­ге бірінші болып келдім. Сосын 2016 жы­лы Аустралияда өткен әлем біріншілігіне қатысып, екінші орынды місе тұттым. Келесі жылы сәуір айында Жаңа Зеландияда спорт ардагерлерінің Олимпиадасында бақ сы­надым. Бұл Олимпиаданың кәдімгі Жаз­ғы Олимпиада ойындарынан еш айырмасы жоқ, тек бокс пен күрес сайыстары өткі­зіл­мейді, қалған спорт түрлерінің кіл мы­қ­ты­лары өзара кім мықтыны анықтайды. Бұл Олим­пиадада 10 шақырымға жүгіруде екінші орынды иелендім. Ал өзімнің сүйік­ті сайысым марафонда жүгіруде алтын медальді еншіледім. Әлбетте, мұның бар­лығында оқ бойы озып келуге елдегі фе­дера­циялар мен ұйымдардың көмегі көп тиді. Есептеп қарасам, күні бүгінге дейін көршілес елдерді қоспағанда жиырма екі елде ұйымдастырылған марафонға қаты­сыппын. Негізі, інім Серік болмағанда мұ­ның бірде-біріне қатыспас едім, барлығына сол кінәлі (күліп). Үйде тып-тыныш отыр­ған, жетпіс жетіні алқымдаған зейнеткердің қызығушылығын оятып, ақыр соңында жарыстарда алдына жан салмайтын дең­гейге жеткізді. Әйтпесе шетелге барамын, марафонға қатысамын деген ой тіпті де болған жоқ. [caption id="attachment_159464" align="aligncenter" width="533"] Марафон соңында[/caption] – Жаңа ғана бірнеше шақырымға жүгіріп келгеніңізді айттыңыз. Ендігі мақ­сат жоғарыда айтып өткен әлем­дегі ең ірі бес марафонның қал­ған төр­теуіне қатысу ма? Қазір қандай мара­фонға дайындалып жүрсіз? – Қазіргі мақсат – ардагерлер арасында өтетін Олимпиадада топ жару. Бұл Олим­пиада биыл Жапонияда өту керек еді, пандемия салдарынан келесі жылы өтетін болды. Атаң амандық болса мамыр айында Жапония жаққа қарай жылжиды. Ал қалған төрт ірі марафонды, әлбетте, жүгі­ріп өткім келеді. Құдай қуат берсе, бұл ме­жені де бағындырармын. Бастысы – денсаулық! Денсаулық болған жерде, бәрі де болады.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ