Суретші Мұратбек Жоламановтың мүсіні орнатылды
Суретші Мұратбек Жоламановтың мүсіні орнатылды
9 қараша күні ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Сырым ауданында өмірден ерте кеткен дарынды суретші Мұратбек Жоламановтың (1966-2000) 50 жылдығына арналған шаралар өткізілді. Қылқалам шеберінің туған жері — Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылында М.Жоламанов тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақта ашылды. Осы топырақтан шыққан белгілі жазушы Мұқадес Есламғалиев атындағы көшеде орын тепкен үйде Мұратбек 1972-1985 жылдары тұрған. Осында балалық, жастық шағын өткізген ол Абдолла Жұмағалиев атындағы орта мектепте білім алып, шығармашылық ғұмырындағы алғашқы қадамдарын жасады. Сондықтан аталмыш білім шаңырағында Мұратбек Жоламанов атындағы сыныптың ашылуы заңды еді. Сыныптағы «Жақсының аты өлмейді» деген тақырыптағы алғашқы сабақ суретшінің өмірі мен туындыларына арналды. Ал Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Сатыбалды Құлбеков пен Бақтығали Оразов шеберлік дәрісін өткізіп, жиналғандарды сурет өнерінің қыр-сырына қанықтыра түсті.
«Тәуелсіз еліміздің тарихын қастерлеп, бабаларымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық күресі мен арман-аңсарын өз туындыларында шынайы бейнелей білген Мұратбек Тауфихұлын қалай құрметтесек те жарасады. Бұл, әсіресе, қазіргі жас ұрпақ үшін қажет. Өйткені олар Сырымдай батыр, көсем әрі шешен, Қадырдай ұлы ақын, Мұқадестей жазушы, Мұратбектей суретшіні және басқа танымал тұлғаларды кішкентайынан біліп өсуі керек», деді аудан әкімі Абат Шыныбеков.