Түркілік дәстүрді жаңғыртқан ғалым

Түркілік дәстүрді жаңғыртқан ғалым

Түркілік дәстүрді жаңғыртқан ғалым
ашық дереккөзі
Түбі бір түркі әлемі. Біз сол түркі әлеміне қай­та оралып жатырмыз. Биыл қараша айы­ның 12 күні Ыстанбұлда Түркі мемлекеттер ұйымы бас­шыларының басын қосқан Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Сам­митте сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардақты ағайын! Тұтас түркі жұр­тын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа ша­қырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тари­хы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра тү­сері сөзсіз» деп атап өтті. Сонау тамыры тереңде жатқан түркі дүниесінің саясатта ғана емес, ғы­лымда да көзқарасы, ой-пікірі үйлесім тауып жатқанын елордамыздағы С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агротехникалық уни­верситетінің профессоры Қарлығаш Амангелдіқызының қазақ педагогикасын зерттеген ғылыми еңбегімен танысқанда көз жеткізе түстім. Қазақ педагогикасының ауқымы кең, ол – түрік өркениеті мен көш­пелі мәдениетке негізделген қазақ хал­қы­ның ұлттық болмысына, халықтық тәжі­ри­бесіне сай балалар мен ересектерді тәр­биелеу, білім беру және оқыту заңдарын зерт­тейтін ғылым. Ғалым қазақ педагогика ғылымының қа­лыптасуы мен дамуын мынадай кезең­дер­ге бөледі: 1-кезең – қазақ халық пе­да­гогикасы; 2-кезең – орта ғасырда түркі тек­тес халықтардың педагогикалық ой-пі­кірлері; 3-кезең – қазақ педагогика ғылымының әлемдік педагогиканың құрам­дас бөлігі ретінде қалыптасуы мен да­муы. Ол қазіргі таңда білім беру жүйе­сінде әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қаш­қаридің білім беру мазмұны, оқыту әдіс­тері және оқыту әдістемесіне байла­ныс­ты дидактикалық идеяларын ең өзекті деп санайды. Білікті ғалым Қ.Амангелдіқызы 2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды мемлекеттiк университетiнiң «Жал­пы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойын­ша «Қазіргі қазақ педагогика ғы­лымындағы әл-Фарабидің, Ж. Бала­сағұ­нидің, М. Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идея­лары» тақырыбындағы диссерта­ция­ны сәтті қорғап, оған педагогика ғы­лым­дарының докторы ғылыми дәрежесі беріл­ді. Ғылыми кеңесшісі – педагогика ғы­лымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімұлы. Ғалым зерттеу бары­сында жоғары және арнайы орта педаго­ги­калық оқу орындары мен жалпы білім бере­тін мектептердің оқу-тәрбие үдері­сінде, мұғалімдерінің біліктілігін арттыру ісінде пайдалануға арналған оқу құрал­дары мен электрондық оқулықтар дайын­дады және «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстарының оқу-әдістемелік кешенін жасады. Педагогика ғылымдарының док­торы, профессор, диссертациялық кеңес төрағасы болған С.Каргин «Қ.Сарба­сованың зерттеу жұмысының маңызы – қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздерін ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан негіздеу, бұл – бүгінгі күнде өте көкейкесті мәселе. Теориялық маңызымен бірге, практикалық жағынан алып қарасақ та, оқу процесіне енгізуге ұсынып отырған элективті курстардың оқу-әдістемелік ке­шені, бірнеше оқу құралдары, электрон­ды оқулықтары педагогика тарихын толық­тыруда өз орнын алады» деп жоғары баға берді. Қарлығаш Амангелдіқызы 2011 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алды. 2012 жылы Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1993 жылдан бастап өзі үздік бітірген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемле­кет­тік университетінде қызмет істеді. Терең бі­лі­мін лауазымды қызметпен ұштас­тыр­ды. Аталған университетте 1998-2005 жыл­дар аралығында педагогика факуль­теті деканының орынбасары және бас­тауыш оқытудың педагогикасы және әдіс­темесі кафедрасының меңгерушісі қыз­меттерін атқарды. Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды мемлекеттiк университетiнiң бiрiккен диссертациялық кеңесiнің құра­мына еніп, аталмыш кеңесте дис­сер­тациялық жұмыстарға сараптама жасауға бел­сене атсалысты. Жалпы, педагогика, пе­дагогика және білім тарихы, этно­пе­дагогика мамандығы бойынша док­торан­тура­да оқыды. 2011 жылы C.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық университетіне қыз­метке шақырылды. Бір жылдан кейін Президенттің «Болашақ» халықаралық сти­пендиясының иегері болды. Осы уни­верситетте 2018-2021 жылдар аралығында «Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінің деканы лауа­зымын абыроймен атқарды. Бүгінде Ака­демиялық мәселелер жөніндегі депар­тамент директоры. Қатарынан екі рет Білім және ғылым министрлігінің ше­шімімен «Жоғары оқу орнының үздік оқы­тушысы» (2008 ж.; 2014 ж.) атанған Қ.Сарбасова білікті мамандар дайындап келеді. Магистранттар мен ізденушілердің зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен екі ғылым кандидаты, екі PhD философия докторы, онға жуық ғылым магистрі даярланды. Соңғы бес жылда тәжірибесі мол ғалым­ның жетекшілігімен орындалған студент­тердің ғылыми-зерттеу жұмыстары рес­публикалық, жоғары оқу орны деңгейіндегі байқаудың, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конферен­ция­лардың жеңімпазы атанды. Қ.Амангелдіқызы ғалым ретінде Қа­зақ­стан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқулықтарға сараптама жасауға белсене атсалысады. Сонымен қатар алыс шетелдегі халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция­ларға қатысып, баяндамалар жасап, кәсіби білікті маман екенін таныта білді. Ұлыб­ританияда Рединг университетінде, Чех Республикасындағы Karlova универси­тетінде, Малазия Келантан университе­тінде, Оңтүстік Кореяда Донгук универси­тетінде ғылыми-педагогикалық тағылым­дамадан өтіп, тәжірибе алмасып, халық­ара­лық дәрежедегі сертификат алды. Қ.Сарбасованың ғылыммен айналыс­қанына бірнеше жыл болды. Ғалымның 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді, оның ішінде «Қазақ педагогикасының ойшылдары» және «Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері» атты екі монографиясы бар. Ғылыми-әдістемелік жұмыстарына тоқталсақ, 40-тан астам оқулық, оқу құралы, оқу-әдістемелік құрал­дары жарық көрген, заманауи электронды оқулық, ЭЕМ-ға арналған оқыту бағдарламасы бойынша авторлық куәліктері және қазақ, орыс, ағылшын тілінде көптеген ғылыми мақалалары бар. Оның ғылымда ерекше орын алған «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» және т.б. оқу құралдары бірнеше данамен республикаға таралды. Профессор Қ.Сарбасова ғылыми көз­қарасын: «Қазақ педагогикасы – әлемдік педагогиканың құрамдас бір бөлі­гі. Егер де біз қазақ педагогика ғылы­мын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек» деп түйіндейді. Жарты ғасырлық өмірінің көбін еліміздің ғылым саласын да­мыту­ға арнаған белгілі ғалым алдағы уа­қыт­та да ғылым-білім саласына қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.

Нұрлан ҚАЛҚА, журналист