Алтайы Оразбаева: Жеті томдықты «Қазақ Елі тарихы» деп атау орынды
Алтайы Оразбаева: Жеті томдықты «Қазақ Елі тарихы» деп атау орынды
Тәуелсіздік – қолға ұстап, көзге көрінбес, сана арқылы қабылданып, жүрекпен сезінер дүниетанымдық деңгейдегі Ұлы ұғым. Әлемдік тәжірбиеге көз жүгіртсек, кей елдерде тәуелсіздік тарихи үдеріс нәтижесінде табиғи жолмен орнықса, келесі бір ел егемендікке қандыбалақ қақтығыстар не отарсыздану саясаты салдарында қол жеткізгендігін байқаймыз. Сол себепті де, сүйек қақсата желтоқсанның «қара суығымен» енген төл егемендігіміздің алғашқы күнінен бүгінде тамыры қатайған тәуелсіз дәуіріне аяқ басқан әрбір қадамына тірі куәгер Сіз бен Біз, адамзат атаулының таңдаулы буын санатына жатар шексіз мүмкіндік пен алпауыт жауапкершілік артынған ерекше ұрпақпыз деуге негіз жеткілікті. 30 жыл тарихи өлшем тұрғысынан «қас-қағым» сәт көрінгенмен, тап осы аралықта Адам, Қоғам, Уақыт өлшемдерінде орын алған «сингулярлы» үдерістер салдарында: «цифрлы абориген» атаулы жаңа ұрпақ, жаһандық «ауа-райына» тәуелді алмағайып әлем, жасанды, виртуалды шынайылық заманы орнықты. Ол аздай, табиғаты бейтаныс ағымдағы індет кеше ғана саналуанды әлем бірлігін аңсап, мультимәдениеттер ұранын жамылған жаһандану дәуірінің көрін қазып, заманауи мемлекеттердің ұлттық, аймақтық құндылықтар төңірегінде қайтара шоғырлануына ықпал етіп отыр. Көріп отырғанымыздай, «тәуелсіздік дәуірімен» қабаттаса қалыптасқан сыртқы геосаяси ахуал қысымына қарамастан, Елбасының ерік-жігері мен қоңыр мінезді қазақ халқының сабырлығы салдарында: нарықтық экономикаға негізделген Президенттік мемлекет, «еститін үкімет», көпвекторлы дипломатия, түрлі мәдениет, этнос, конфессияаралық үйлесім, бірлік пен ынтымақтастық басты қағидаты болып табылар біртұтас ұлт қалыптастыруға бағытталған ішкі саясат, білім мен ғылым, индустрия мен ақпарат т.с.с. салаларында саналуан стратегиялық маңызды реформалар мен бағдарламалар жүргізіліп, еліміз сара жолындағы талай қилы да қатерлі «тар жол тайғақ кешуден» аман өтіп келеді. Дей тұра, адами, азаматтық, кәсіби қалыптасу кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бүгінге дейін жалғасын тауып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, Қазақстан атты азат елдің еркін сарапшы ғалымы ретінде ендігі әңгімені тәуелсіздігіміздің тұғыры болып табылар құндылықты асылымыз – ұлттық тарих ғылымының әлеуеті төңірегінде өрбітсем... Болашақ ұрпаққа өткенін бүгін баяндар тарих пәнінің құдіретін түйсінер кез келген қоғам, қай заманда болмасын осы бағыттағы басымдықтарға баса назар аударған. Айталық, бүгінде тарихи сана-сезім жаңғырту, заманауи шынайылығы мен талабы тұрғысынан өркениеттік, ұлттық, мемлекеттілік сәйкестілікке сай келердей ұлт тарихының тұтасты бейнесін қалыптастыруға қатысты қобалжушылық танытып отырған тек біз емес, халқының мүддесі мен ел бірлігін сақтауды көздеген әрбір заманауи мемлекет. Айталық, тәуелсіздік жылдары ұлт тарихының тиесілі дәрежеде зерделеніп, ғылыми негізде сомдалу мақсатында қабылданған мемлекеттік стратегия мен арнайы бағдарламалар аясында, жаңа мұрағаттық қорлардың ашылуы, отандық зерттеушілердің жаһандық тарихтың заманауи тәсіл-тұжырымдамаларымен танысуға, төл тарихымыз бен мәдениетіміздің оқиғаларын көп жағдайда жаңаша бағалауға мүмкіндік туғызды. Өз санатында бірегей «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» т.б. мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде тың жазбаша, ауызша дереккөздер мен материалдар, артефактер жинастырылып, ғылыми айналымға енгізіле бастады. Қазақстан тарихы және мәдениетін талдауға арналған кешенді, жан-жақты, көп салалы, халықаралық ғылыми зерттеулер жүргізілді, арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары ашылды. Қытай, Түркия, Иран, Монғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-іздеу, археографиялық экспедициялары ұйымдастырылып, нәтижесінде Қазақстан тарихы мен этнологиясына тиесілі мыңдаған жаңа қолжазбалар мен басылымдар анықталып, қыруар кітап жарық көрді. Сонымен қатар, тап осы тұста жаһандық тарихи таным құрал-саймандарымен жеткілікті дәрежеде қаруланған ұлттық тарих зерттеушілерінің жаңа буыны қалыптасты. Оған негіз: хронологиялық шеңбері, географиясы, әдіснамалық деңгейі, ғылыми аппараты мен тілдік мүмкіншіліктері, мазмұндық және пәнаралық шекарасының кеңдігімен ерекшеленер соңғы 20-30 жыл шамасында қорғалған диссертациялық жұмыстар. Заманауи ізденушілеріміз бұрын-соңды бара алмаған, тың салаларда: деректану, шежіретану, ауызша тарих айту, күнделікті тарих, мұрағаттану, мұражайтану, дінтану, тұлғатану, өркениетнама, дипломатия, диаспорология, гендерлік мәселе, әлеуметтік саясаттану, этномәдениет, дүниетаным, демография, тарихи география т.б. бағыттары бойынша қалам тартып, іргелі зерттелімдер, жаңа қойылымды тақырыптарда пәнаралық, ғылыми жобалар жүргізе бастады. Отандық тарих ғылымында қол жеткізілген келесі бір көрнекті көрсеткіш – бүгінде бір емес бірнеше ғылыми мектептер іргесін қалап үлгерген, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленер ұлттық Алаштану, халықаралық деңгейде танымал болған қазақстандық шығыстану, «Алтын адамдар» гвардиясын әлемге паш еткен қазақ археологиясының нәтижелері отандық ғылыми ой жеңісі болып табылатындығы даусыз! Осылайша, ұлттық тарихымызды жүйелендіру кезеңі деп бағалауға тұраралық алғашқы отыз жылда ақтаңдақтарымызды айқындап, жаралы да жанды тұстарымызды зерделеп, рухани мұра-құндылықтарымызды біршама түгендеп, ата-баба арманына айналған тәуелсіздігіміздің аспаннан түспей, қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық үшін күрес нәтижесінде орныққандығы жайлы жеткеншек ұрпақ жадында сақталар сомды ой түйінделді. Дегенмен, қазақстандық заманауи зерттелімдер әлі де болса, үйреншікті өлі даталар мен фактілер, орынсыз саясаттандыру, мифологияландырудан түпкілікті арыла алмай келеді. Өкінішке орай, жарық көрген тау-тау басылым астында көмулі қалған мылқау деректердегі күнделікті өмір тарихына қатысты қызықты сюжеттерге жан бітіріліп, татымды тілмен жазылған ұлт тарихы қалың жұртшылыққа жеткізілмей қалып отыр. Отандық тарихшыларымыздың осы күнге дейін «тісі батыңқырамай» жүрген қазықты мәселелер санатындағы: «жанды» ауызша деректер мен «тәнді» деуге тұрарлық жазбаша тарихи дереккөздер арақатынасы, дәстүрлі қоғам, дәстүрлі билік, қазақ жүздері феномені, далалық дәстүр-институттары, қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлері мен құндылықтары, құқықтық мәдениет, тарихи сабақтастық, ұлттық тарих философиясы, төл өркениетіміз бен мәдениетіміздің табиғаты тәрізді бірқатар ілімдік-әдіснамалық деңгейдегі тақырыптарға тиесілі мән берілмей келеді. Кең мағынасында қарастырар болсақ, аталмыш дүниелердің игерілуі қазақ халқының, одан қалды дәстүрлі қазақ қоғамының, Ұлы Дала көшпелілер өркениетінің рухани азығы, мәдени қазығы, діні, ділі, ғаламы төңірегіндегі ірі әрі даулы сауалдарға толыққанды жауап алуға себін тигізері хақ. Дей тұра, егер бұдан былай да, тарихымызды зерделеуде, қоғамдық ой-санамызға сіңіп үлгерген отарлық комплексі мен дағдылы «балалық ауру» әдетімізге салып, әлемдік мәнтіннен тысқары, Л.Н.Гумилев пайымдауындағы «тышқан ініндегі» тар көзқарас шеңберінде, тек қудалану, отарлану саясаты салдарынан ішкі қайғы-қасіретке құса болған халқымыздың, еңсе түсіріп, мысты басар мұңды да зарлы тұстарын қазбалай берер болсақ, қазақстандықтардың болашақ ұрпағынан өз-өзіне деген толық сенімділік пен жасампаздықты қалай талап етеміз деген заңды сұрақ туындайтын сыңайлы... Әрине, жасампаздықты, ұлт тарихындағы қайғы-қасіреттің бетін жылы жауып, тек ат жалынында ойнақтап, Батысы мен Шығысындағы елдерге қыр көрсеткен Еділ не Мөде сияқты тарихи тұлғалар ерлігін мадақтау, Шыңғысханды қазақ жариялап, Еуразия апайтөсінде алғашқы көпэтносты мемлекет болған Ұлық Ұлыс мұрасын меншіктеу, қазақтан асқан батыр, дара, еркін халық болмаған деген ұстанымды басшылыққа алу деп керісінше қабылдау қателік. Және де оған толық ғылыми негіз жоқ. Сол себепті де, тарихымызды таразылауда, қызбалыққа бой бермей, пафосты басып, байыппен зерделей келе, тарихи оқиғалардың шынайы ғылыми бағаланымын берген абзал. Мәселе ағымдағы тұста өзекті болып табылар, өз Сөзі мен Ата заңы, дәстүрі мен құндылығы, өзіндік мазмұны мен табиғаты бөлек төл тарихымыз бен мәдениетімізді бүгінгі жаһандық шеңбердегі 30 алдыңғы қатарлы мемлекет санатына талпынушы, өзге елдермен терезесі тең Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мәртебесіне сай, әзірше «құс жолы биіктігінен» бола қоймағанымен, аумақтық деңгейдегі «қорған үсті» көзқарасы тұрғысынан зерделей келе, жеткеншек буын бойына мақтаныш пен ұлтжандылық сезімдерін ұялатар, ұлттық тарихымыздың тұтасты бейнесін қалыптастыруға қабілетті тұғырлы тұжырымға бетбұру болса керек. Яғни, келесі келелі белес – заманауи ғылыми ой жетістіктері мен танымының жаңа ғылыми әдістемелері тұрғысынан, ұлттық тарихты талдау мен саралау, феномендерін дәріптеу, дереккөздер мен материалдарды ғылыми айналымға сауатты енгізу, жаңа ұрпаққа арналған оқулықтар даярлау кезеңіне аяқ басу. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ағымдағы уақытта тарихшылар қауымы білек түре кірісіп жатқан Қазақстан тарихы бойынша академиялық басылым даярлауға қатысты қосар бірер ой: - даярлану барысындағы жеті томды академиялық басылымды «Қазақ Елі тарихы» деп атау орынды. Себебі, аталмыш жаңа тақырыптық қойылым, қоғамымыздың стратегиялық маңызы басым заманауи талап-мақсаттарына толық жауап берумен қатар, сонау ежелгі түркілер заманынан қалыптасқан «Ел» ұғымымен сабақтас, ұлттық мемлекеттілігімізге тиесілі бірлік, әрі тап осы тұста, тарихи жад пен санаға сіңдірудің оңтайлы сәті түсіп тұрған, мағынасы кең, мазмұны жарасымды да жайлы ұғым. Әрине, отандық тарихшылар қауымы тарапынан жылжытылып жатқан «Қазақстан тарихы», «Қазақ халқының тарихы» немесе «Қазақ тарихы» деген өзге де нұсқаларға қарсылық жоқ. Дегенмен, аталмыш атаулар болашақта заман, адам, қоғам, уақыт өлшемдеріне қатысты қосымша түсініктемелер талап етері анық.
және де бір назар аударылар маңызды мәселе, әулеттер («история династий») тарихына негізделген Қытай, «император уақыты» («время императоров»), «құдайлар уақытымен» («время богов») өлшемдеріне тәуелді Жапон, корольдықтар мен патшалық әулеттер, князьдық кезеңдеріне бөліне қарастырылар Еуропа елдері, Ресей тарихы, вед, будда, мұсылман діндері, отаршылық дәуірлеріне қарай кезеңделер Индия тарихына т.б. үлгілерге қарағанда, «Қазақ Елі тарихы» құрылымының басты ерекшелігі, оның ең алдымен дәстүр мен құндылықтар, саяси, әлеуметтік, экономикалық үрдістердің институциялануына негізделуі шарт.Сонымен, тәуелсіздік тұғыры болып табылар ұлт тарихы хақында айтылар түйінді ой, түпкі мақсат – Ұлы Дала табиғатына бейімделе дамыған Ботайдан бастау алар ат жалынындағы Алтын адамды өркениет негізінде Түркі Елі мен Ұлық Ұлыс мемлекеттілік дәстүрлерін жалғастыра орныққан ұлттық мемлекеттілігіміз, кешегі Ақтабан шұбырынды, Зар заман, кеңестік дәуір сынағынан сүрінбей өткен Алаш азаматтарының арқасында, бүгінде өз тәуелсіздігін жаңғыртқан жасампаз Мәңгілік Қазақ Еліне айналды деген тұтасты түсінік қалыптастыру!
Оразбаева Алтайы Иранбекқызы
тарих ғылымдарының докторы, профессор