Құдай сақтаған кітап

Құдай сақтаған кітап

Құдай сақтаған кітап
ашық дереккөзі

Жалғанда ерен еңбек етіп, елеусіз кеткен жаман. Талантыңа өзгелер тәнті болып, өз елің қаперіне ілмесе − ол тіпті жаман. Бірақ ру­хы мықты азаматтардың бір кереметі − Құдай бер­ген таудай салмақты төзімнің арқасында елен­бедім екен деп еңсесін түсірмейді, үлгісі бөлек үл­кен іс тындырса да, жұрт назарына жетпей қа­ла­ды-ау деп үрейге берілмейді. Керісінше, қиын­дыққа қайралып, ерік-жігерін келер күндерге мұра боп қалар, халқының қажетіне жарар құнды дүниені тиянақтап кетуге құмбыл болады.

Қазақтың да маңдайына біткен мар­ғасқалар аз емес, бірақ соларды бақи­ға кеткенше түстеп танып, елеп-ескере бер­мейтін әдетіміз де жоқ емес. Ол өзімізді өз­геден астам ұстап менсінбегеннен не іші­міз тарылып қызғанғандықтан емес, көбіне қы­зылды-жасылды көркі көз алдаудан тан­байтын ғұмырдың шектеулі екенін есі­мізден шығарып алып, тірі жүрген пендені мәң­гі өлмейтіндей көретін аңсызды­ғы­мыз­дан... Күні кеше ортамызда бір азамат жүрді. Түгел түркінің тереңдігін та­ны­тар екі ұлы мұраның бірінің қасиетін жан-тәнімен ұғып сырына қанығып, сұң­ғыла бабалар жасаған кереметті әспеттеп, соны үн-түнсіз ғана жүйелеп үлкен бір іс тын­дырып еді. Өзінің көзі жетпегенді жар­намалай жөнелетін желбуаздар секілді өрек­пімей-ақ, халқының қадірін асырар − бір кезде болған, бірақ алмағайып заманда жоғалып кете жаздаған құндылықтың қы­сылып қалған керегесін жазып, сынған уы­ғын жалғап, шаңырағын төбесіне қон­дыр­ған соң барып ата-бабалар жадынан ті­ріл­тіп алған асыл дүние жайында түсін­дірме жазып, там-тұмдап баспасөз беттеріне жариялай бастады. Көңілінде «Халқым тү­сін­бей қалар ма екен?» деген сезім үркек­тей бас көтеріп тұрса да, жұртына сенген, ұлы дүниенің тереңіне бойламаса да маңызына миы жетер деп арда азамат­тарға арқа сүйе­гісі келген. Бірақ қашанғыша жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруге бейім жұрт жан­кешті пенденің ғаламат ізденісін бағаламақ тү­гілі құптап та қарық қылмады... Сөз басталғаннан бері әркімнің кө­кейін­де «Бұл кім, ол не?» деген сауал тұр­ған шығар, енді соны ашып айтсақ ол − Қалдархан Қамбар, бұл «Тоғыс есебі» атты күн­тізбе болатын. (Қалдархан Әлсейітұлы Қамбар 1963 жыл­дың 30 желтоқсанында бұрынғы Шым­кент, қазіргі Түркістан облысы Отырар ауда­нының Шәуілдір ауылында дүниеге ке­ліп, орта мектептен соң 1985-1990 жыл­дары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін оқып бітірген. Бағы жанып ҚазҰУ студент­тері қатарына қосылған 1985 жылдан 2018 жыл­ға дейінгі аралықта «Қазақ ұлттық ка­лендарын» зерттеді, сөйтіп 33 жылда ежелгі түркілерден қалған, тек бірлі жарым адам­дардың жадында сақталып бүгінге жеткен (оны жеткізушілер арасында Қалдарханның әкесі Әлсейіт Қамбарұлы да бар) «Ай-жұл­дыз күнтізбесін», яғни «Тоғыс есебін» қайта жаңғыртып, әлемге мойындатты. 2018 жыл­дан бастап жазғандарын жүйелеп, кітапқа айналдырып баспадан шығаруға әрекет еткенмен мүмкіндік болмады). Мен Қалдархан ағаны алғаш рет «Астана» телеарнасында көрдім, сон­да ол қазақтың жаңа жылы туралы айтып отырды. Кейін бірер жыл өткенде ха­лық­аралық «Түркістан» газетінде «Түркі жұр­тының таңғажайып уақыт жүйесі не­месе «тоғыс есебі» туралы» (15.08.2014) де­ген мақаласы жарияланды. Мақала мынадай эпиграфпен басталған еді: «Егер де фантас­тикалық шығармалардағы «уақыт маши­насы» жасалып, осы мақалада келтірілген формулаларды ежелгі заман халқының кез келгеніне тарту етуге мүмкіндік туса, сол адамның әлгі елдің патшасынан сыйлық ретінде «ат басындай алтын» алары даусыз. Одан әрі автор былай дейді: «Шығыс Каролина университетінің (АҚШ) электрондық ақпарат жүйесінде әлемдік күн­тізбе мәселесін зерттейтін және тал­қы­лайтын арнайы форум бар (USA, East Carolina University Calendar Discussion List By). Есімдері әлемге танымал көптеген ғалымдар, астрономдар, програмистер сол форумға мүше. Бұл форумға күллі түркі жұртының жалғыз өкілі болып осы жолдардың авторы ғана тіркелген. Арнайы кәсіби білімі жоқ қатардағы оқырман қауым бұл мақаладағы сандар, теңдеу жүйелері мен кестелердің мәнін түсінбеуі мүмкін. Бірақ әлгі форум мү­шелері бұл есептердің нені білдіретінін бір­ден аңдайтын кәсіпқойлар. Көлденең көк аттылардың бұл фо­рум­­да ділмарсуына жол беріл­мей­ді. Ондайлар мәдениетті түрде дереу өз орнына қойы­лады немесе ендігәрі бұл форумға кір­мейтіндей етіліп масқара етіледі. Қыс­қасы, бұл форум «білімім бар» деген өзіне сенімді азаматтардың нағыз сынға түсіп, шыңдалып шы­ғатын ғылыми ортасы деп айтуға бола­ды. Тек 2014 жылғы 7 ақпан мен 30 шілде ара­сындағы осы ғалымдармен болған пікір­талас­тың өзі (әрине, ағылшын тілінде) 59 бет болыпты. Бұл жазбалардан әуелде «Бей­шара nomad-тың ұрпағы не біледі дейсің?!» деп менсінбеуден басталған сынап-мінеу­лер­дің соңы, бірте-бірте автордың жаңа­лығы мол жобаларын «мойындаумен, ма­құл­даумен» және одан кейінгі уақытта ше­шуі қиын күрделі мәселелерді ақылдасып тұрумен аяқталатынын көруге болады…». Бұл, әрине автордың да, ол зерттеп жүрген мә­селенің де тегін еместігін байқатқандай. Бірақ мақаланың алғашқы екінші бетінен әрі қарай «Тоғыс есебінің» сыр-сипаты ай­ты­лып, түсіндірмелері формулалар арқылы берілген екен. Сондықтан бала кезімде үлкендерден «Тоғыс есебі» туралы естісем де және көп жылдардан соң мына мақаладан кездестіріп елең етсем де ерекше елеп, қы­зыға қоймадым. Оған мақаладағы мәселенің күр­делілігі себеп болса керек. Алайда қа­зақтың «Ат баспаймын деген жерін, үш ба­сар, Ер татпаймын деген тұзын үш татар» де­геніндей күндердің күнінде мен бұл мә­селе­мен қайта бетпе-бет келерімді ол кезде біл­меген екем. Қазір адамдар арасындағы бай­ла­ныс­тың бірі − виртуалды байланыс қой. Әлеуметтік желі арқылы өзіміз сұхбат­тас­қы­мыз келетін адаммен достасып, қарым-қа­тынас жасай береміз. Ал Facebook әлеу­мет­тік желісінде Қалдархан ағамен дос­та­сып, ол кісінің жазбаларын оқи баста­ға­ным­да баяғы «Тоғыс есебі» туралы әңгіме тағы алдымнан шықты. Ол өзінің 30 жыл­дан аса уақытын арнаған осы түркілік сана тудырған ғажайып күнтізбе жайлы жиі жазба жазатын. Оны біреу түсінді, біреу түсін­беді – әйтеуір ол әңгімеге араласқан адам аз болды. Сосын мен ол жайында Қал­дархан ағамен сөйлесіп, баспасөз арқылы жұрттың назарын аудару керек деп шешіп, ол кісіге WhatsApp желісі арқылы хат жа­зып, өзінен «Тоғыс есебі» күнтізбесі жайлы сұх­бат алғым келетінін жаздым. (Бұл, ұмыт­пасам биылғы наурыз айының ор­та шешінде болуы керек). Бір аптадан соң барып ол кісіден «көрейік» деген жауап келді. Сосын ұялы телефонына қоңырау соқ­тым. Өзімді таныстырып, шаруамды айт­қан соң Қалдархан аға: «Менің де сол «Түр­кістанда» жұмыс істегенімді білетін шы­ғарсың? Сол газетте жүріп талай кісіден сұхбат алсам да, өзім осы кезге дейін сұхбат беріп көрмеппін, қалай болар екен» деп күлді. Алайда мен сұрақтарымды жіберуге, ол жауап беруге келіскенімізбен сұхбаттың жарыққа шығуы кешеуілдеп, екі айға со­зылып кетті. Дегенмен сұхбатымыз сәтті шығып, Тúrkistan газетінің осы жылғы 20 ма­мыр­дағы санында жарияланды. «Төл күн­тізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды» де­ген тақырыппен шыққан сұхбатта Қал­дархан Қамбардың «Тоғыс есебі» күнтізбесіне қалай келгені, оны жаңғырту жо­лында қалай ізденгені, оны жан-жақты негіздеп Еуропа еліне қалай танытқаны бәрі сұхбатта қам­тылды. Қалдарханға «Тоғыс есебін» әкесі үй­рет­кен және жарық дүниемен қош­тасар шағында осыны терең зерттеп, ха­лыққа танытуды аманаттап кеткен. Әке ама­натының салмағын жан-жүрегімен се­зінген Қалдархан «Тоғыс есебі» атты бас­тауын көне түркілік кезеңнен алатын ұлт­тық күнтізбемізді зерттеумен шындап ай­налысып, оның жүйесін қайта жасап шық­қан. Шын мәнінде оныкі ерлік еді! Әлемде «Ай күнтізбесі», «Күн күнтіз­бесі», «Ай-Күн күнтізбесі» деген күн­тізбелер бар. Ал Қалдархан тірілтіп отыр­ған «Тоғыс есебі» − Ай-Жұлдыз» күнтіз­бесі оған дейін ешкім халықаралық күн­тізбеге енгізбеген жаңалық еді. Сұх­ба­ты­мызда ол былай дейді: «2009-2010 жылдары «Тоғыс есебі» туралы алғаш айтқанымда Англия ғалымы Карл Палмен мен Австралия ғалымы Питер Мейер менің сөзіме сенбей, «мұндай күнтізбені» іс жүзінде жасау мүм­кін емес, қателесіп отырсың деген-ді. Сосын мен «екеуіңнің біреуің Қазақстанға келің­дер, мен түсіндірейін» дедім. Еуропаның ға­лымдары ғылымды дамытуға үлес қосу үшін ештеңесін аямайды, біздегідей демеуші күтіп, ақша болмаса қалай істеймін деп қол қусырып отыра бермейді. Ұзақ уақыт хат жа­зысқаннан соң 2018 жылы күзде жасы 60-тан асып кеткен Питер Мейер Алматыға ұшып келді. Негізі ол дүниежүзі жоқ дегенді мен бар деп отырған соң, менің пікірімді теріс­теу үшін ұшып келді. «Көшпелілерде не­ғылған күнтізбе?» деген астамшылықпен мені ақымақ қылып, мақала жазғысы келген де шығар. Сөйтіп үш ай Алматыда болды, − дейді Қалдархан. − Үш ай бойғы зерттеу жұмысынан кейін Питер Мейер ақырында өзі таңғалды. «Сенің айтқаның шындық екен, мына күнтізбе мүлтіксіз жұмыс істеп тұр» деді анығына көзі жеткесін. Мен «Тоғыс есебін» қарабайыр қазақи жолмен зерттегем ғой, ал ол физиканың, астрономияның фор­­муласына салып тексергенде жұл­дыз­дық, күнтізбенің уақытты дәл беретінін дә­лелдеді. Біз «Тоғыс есебінің» неше мың жыл бұрын пайда болғанын білмейміз ғой, бірақ сонша көне бола тұра ата-бабамыз ой­лап тапқан күнтізбенің бүгінгі электрон­дық есептеулерде дәл шыққанына таңдай қақ­қан Питер Мейер Алматыдан Еуро­па­дағы Карл Палменге «Қалдарханның айтып жүргені рас екен» деп хат жолдап, мәселені түсіндірді. «Көшпелілердің күнтізбесі мықты екен, тіпті Григориан күнтізбесінен де қолайлы. Дүниежүзіне насихаттауға тұра­тын дүние» деп «Тоғыс есебі» туралы «Қа­зақтардың көшпелілер күнтізбесі − қыс­қаша сипаттама», «Ежелгі қазақ көш­пелілерінің күнтізбесі» деген екі ғылыми ма­қала жазды. Кетерінде «сен осыны зерт­темегеніңде ешкімнің көзіне түспей, ұмы­тылып кететін еді» деп ризашылығын біл­діріп кетті». Міне осыдан кейін Қалдархан «Тоғыс есебі» туралы жазылған «Қазақтың ұлттық күнтізбесі» атты кітабын мем­лекет­тік тапсырыспен шығаруға талпынып көре­ді, бірақ оны қабылдап алған баспалар мем­тапсырысқа өткізе алмайды, бәлкім кітап­тың маңызын түсінбеген соң қызық­паған да шығар. Дегенмен ол аталған кіта­бының қазақша, орысша, ағылшынша вариантын АҚШ-тың academia.edu веб-сай­тына орналастырып, авторлық құқық алды.  width= Бірақ Қалдарханның арманы тек бұл емес еді. Ол «...Осы түркілік жыл са­нау­ды әлемдік өркениетке түбінде бір ел кір­гізеді. Ол қазақ не түрік, өзбек не қырғыз, әзербайжан не түркімен болуы мүмкін. Кім кір­гізсе де күнтізбе соның атымен аталады, аты тарихта мәңгі қалады. Ол анық. Айта­лық, католиктердің осы уақытқа дейінгі 266 Папасының ішінде аты ең жиі аталатыны − Григорий. Неге? Өйткені ол бүгінгі Гри­гориан күнтізбесін енгізіп кеткен тұлға. Одан бұрын Юлий күнтізбесін кіргізген Юлий Цезарьдың да императорлар ара­сында аты жиі аталады. Демек, қазақ мем­лекеті де әлем тарихында аты жиі аталуын қаласа түркілік күнтізбені өз халқының, ата-бабаларының мұрасы ретінде әлем на­зарына ұсынып, іс жүзінде қолданысқа ен­гізудің амалын табуы керек. Бұл – аса маңызды шаруа. Егер осыны біз қолға алып жүзе­ге асырсақ, әлемде күнтізбелер туралы айт­қанда түркілік күнтізбеге «Қазақ күн­тізбесі» деп сілтеме жасауға мәжбүр болады» деген еді ол өзінің еңбегі жайында тебірене сөйлеп. Ендеше біз неге осыны ойламаймыз?.. Әрине, елдің бәрі түйсіксіз болуы мүм­кін емес, қолдайтындар табыл­май тұрмайды. Қалдарханға да табылған... Тúrkistan газетінде Қалдархан екеу­міз­дің сұхбатымыз жарияланған соң арадан бір күн өткенде ұялы теле­фо­ныма хабарласқан бір жас жігіт өзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­ба­сары, қоғам және мемлекет қайраткері Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің көмекшісі Марат­пын» деп таныстырып, М.Құл-Мұ­хам­медтің біздің сұхбатымызда айтылған кітап­пен танысқысы келетінін айтты. Мен Қал­дарханның нөмірін бердім. Қалдархан сұрат­қан азаматқа өз кітабының ПДФ-вер­сиясын жіберіпті. Маған хабарласып, «мы­нау бір тосын жаңалық болды, ол кісілердің назарына түскен нәрсе далада қалмайды ғой, еңбегімнің бағы жанайын деген шығар» деп қуана сөйлеп тұрды. «Осыдан кітап шы­ғатын болса, бірінші бетіне «осы кітаптың жа­рық көруіне себепші болған Ахмет Өмір­зақ ініме алғыс айтамын» деп жазып қоя­мын» деді күліп. Көкемнің көлдей көңіліне ри­за болған мен «Кітабыңда атым тұрмай-ақ қойсын, бастысы билікте жүрген аза­мат­тардың көзіне түсіп, жолы болса, сол да же­теді емес пе?» деп автормен бірге қуан­дым. Сөйтіп арадан бірнеше күн өткенде сұхбат басылған газеттің екі дана­сын алып, Алматыдағы Мұратбаев көше­сін­де тұратын Қалдархан Қамбармен тұңғыш рет жүздесіп, дастарқанынан дәм татып, бұрын­нан таныс адамдай емен-жарқын әңгі­мелестік. Қайтарда мені Мұратбаев пен Тө­ле би көшесінің қиылысындағы аял­да­маға шығарып салып, «уақытым болғанда ке­ліп тұруымды» өтініп, қимай қоштасып қал­ды. Ал мен ол кезде бұл біздің алғашқы да соңғы қоштасуымыз екенін, әрине, біл­медім... ...Кейде әлдебір датаны «қаралы күн» деп жа­тамыз ғой, сондай күннің бірі биылғы шіл­денің 29-ы болса керек. Сол күні белгілі қа­зақ театр режиссері Болат Атабаев пен та­лантты жас жазушы Аягүл Мантай дүние са­лып еді. Бүкіл сайттар, әлеуметтік желілер күңіренген көңіл айтуға толды. Ал дәл сол кү­ні Қалдархан Қамбардың да дүние сал­ғанын көпшілік білмей қалды. Тек ол тура­лы белгілі журналист Бақытжан Қосбармақ қана Facebook-тегі парақшасында жазды. Со­ны естіген кезімде 2020 жылдың 25 қара­ша­сында Қалдарханның өзінің Facebook-тегі парақшасына жазған мына сөздері есі­ме түсті: «Егер 30-40 жыл бойы қазақ хал­қының болашағы үшін шұқшиып, осы дү­ниелерді жасамасам, мен де көптің бірі бо­лып, мұңсыз-қамсыз жүре берер едім. Бірақ мына дүниелердің бәрі әлі қағазға түсіп біткен жоқ, көп ойлар мен идеялар миым­да жүр. Өліп кетсем бітті емес пе, бәрі де қара жердің астында көміліп қала береді. Ба­ғасы жоқ осы дүниелерді қайталап зерт­тейтін келесі Қалдархан енді туыла ма, туыл­май ма, оны бір Алла біледі»... Мына аласапыран заманда әркім-ақ бірдеңеден сескенеді. Ал өміріңнің қа­пияда үзілуінен қауіптену тегін емес. Қа­лай десек те, ол осындай сөз айтты, бірақ со­ған періштелер «әумин» дегеніне таңмын. Оның әлі берері көп еді ғой, өзі көз майын тауы­сып өмірінің жартысынан көбін арна­ған ісінің соңғы нүктесін қойып, әлемге танылып, өзі үшін ғана емес, тұтас ұлтының атын шығарар мерейлі сәттердің куәсі болу­ға хақысы бар еді. Бірақ тағдыр оған жаз­бады... Дегенмен Қалдархандай жампоз ту­дыру арқылы Құдай сақтаған төл күн­тізбемізді әлемдік құндылықтар қатарына қосу енді біздің міндет. Ұлттық игілік жолында 36 жыл тер тө­гіп, ұлт мерейін көтерер үлкен бір шаруа­ны тындырып барып, туған топырағы Шәуілдірде мәңгілік тыным тапқан Қал­дар­хан Қамбар халқы алдындағы азаматтық пары­зын өтеп кеткен жан, енді оның атын ұлық­тау тірілердің парызы болса керек.