Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Поэзия − заманақырды алыстататын өнер

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Поэзия − заманақырды алыстататын өнер

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Поэзия − заманақырды алыстататын өнер
ашық дереккөзі

Сөз өнері бар өнердің анасы екеніне талас жоқ. Себебі бар ғылымды игеруге ой мен тіл керек. Алайда «өзі болып, төркінін танымай ке­тетіндердің» қай-қайсысы да әдебиетке мұр­нын шүйіруге дайын. Бірақ оған бола көркемдік әле­мінің қылы қисайған емес. Сондықтан ара-тұра әдебиеттің өз адамымен сұхбаттасып тұр­масақ сөз өнерінің неден құлдырап, немен алы­сып жатқанын сезбей де қалуымыз бек мүм­кін.

Қазақ жұрты тірі ғана емес, ірі ақын екеніне шек кел­тірмейтін Мейірхан Ақдәулетұлымен бүгінгі әде­биет жайында әңгімелескенде бүгінгі сөз құдіретін құр­меттейтін халайықтың ойында жүр-ау деп бол­жаған санаулы сұрақтарымызды алға тостық. − Ақынмен сұхбаттасқанда әңгі­ме­нің негізгі желісі поэзия болса, оны бә­рі түсінер деп ойлаймын. Ендеше әң­­­гіменің әлқиссасы өлең болғанда, біз­дің халықтың жырқұмарлығы ба­сым екеніне тоқталмай кете алмаспыз. Айтыңызшы, «Қазақ – ақын халық» деп шектен тыс дабырайтамыз деп ақын­дық­тың қадірін тым түсіріп, халық үшін «шөп те, шөңге де өлең» халіне жет­кіздік. Бүгінде ұйқас техникасы мен буын санауды өлермендікпен игеріп алған жазғыштардан шынайы поэзияны арашалап алудың мүмкіндігі бар ма? − Шынайы поэзияға араша түсудің қа­жеті жоқ. Ол өзін-өзі қорғайды. Өзінің ерек­ше болмысымен, жылдар өткен сайын жаң­ғыру, адамға жақындай түсу қабілетімен. Ал «шөп те өлең, шөңге де өлеңге» келсек, ол қай кезеңде де болған, бола да беретін шы­ғар. Себебі халықтың бір аты – тобыр жә­не сол тобырыңыздың өзі өз деңгейі, түсі­нік-түйсігі бойынша әрқилы, ал нағыз асыл сөзді автордың өзіндей деңгейде ұғатын кісі − жалпы, аз. Атақты ақындарға қол соғып отырған мың кісілік залда с­о­ларды терең түсіне отырып қостайтын жұрт­тың саны әрі дегенде он, он бес кісіден аспауы бек мүмкін. Бұл – бұрын да солай бол­ған, бола бермек те. Себебі белгілі – біреу ұқсын-ұқпасын, өлеңді әйтеуір тыңдап қол соқса, тағы біреудің өзіне шақ деңгейі бар, оқы­ғаны көп, енді біреуге «Аэропорт. Кез­десу мен қоштасу, мүмкін емес достасу – шы­ғарып салшы-ы!» дегеннің өзі шедевр бо­лып көрінуі мүмкін... Бұл – талғам, ал «тал­ғам туралы таласпас болар» деген әлде­біреудің «ғылыми тұжырымы» тағы бар... Қысқасы, бәрі келіп өлеңді тыңдау­шы­ның, жалпы әдебиетті бағалау­шының деңгейінің құлдырап, бәкенесіп қалуына келіп тіреледі. Оны – сол деңгейді кім тәрбиелемек? Ақын. Ақындар. Өте сауат­ты сын. Жақсы мен жаманды айыра бі­лер­лік сана қажет. Меніңше, шынайы поэзия дегеніңіз «пәленшекеңдер жабылып жүріп әпе­ретін» сыйлыққа, т.б. қолдауларға және т.т. қыртымбайларға бағынбайтын, шыны­мен «нағыз аспани қазына». Сол қазына мәнжубас тобырды да сәл-пәл тәрбиелеуі мүмкін. Рас нәрсе біреу ғана – біз құлдырауды ерек­ше «құлшыныспен» бастап кет­тік. − Шынын айту керек, тәуелсіздіктен кейін әдебиетімізде бұрынғы жазыл­ғандардың көбінің уақыт сынынан өтпей қалғанын көрдік. Классик деген ақын-жазушыларымыздың көп шы­ғармасы кезеңдік саясат талабына сай жазылғаны белгілі болып қалды. Ал жаңа дәуірдегі әдебиет әлі күнге толық­қанды өз дәстүрін жасай алмай жатыр. Бұл іркіліс (тоқырау демей-ақ қояйық) қанша уақытқа созылар екен? − Уақыттың сынынан, тереңірек қара­сақ, ештеңе де өтпейді: тозбайтын, жоғал­май­тын, ұмытылмайтын ешнәрсе жоқ, се­бебі біздің өзіміз өткіншіміз, ал миллион­да­ған жылдар бойы жасап келе жатқан адам­затта кім болмады, не істелмеді − бәрі де болды. Омар Хайәмнің «мына қыш құмы­ра­ның бастапқы балшығында қаншама ару­дың көздері жатыр» дейтіні содан. Ал біздің бергі әдебиетіміздің тез айнып, ар­зандап қалуының себебі – әу бастан жа­сан­дылыққа, жалған пікірлер мен идеал­дарға сенгендігімізден, солардың қолшоқ­парына айналып, сенбегендерді қырып тастауға ессіздікпен кірісіп кеткендігімізден. Әрине, бәрі емес, бірақ басым көпшілігі. Бі­рақ адал әдебиет коммунистік идеоло­гия­ны қанша алдарқатқанымен, шамасы жет­кенше әдебиет болып қала берді, ал жас­ан­дылық әлі сол күйінде деуге де болады: за­ман өзгеріп жатқан жоқ, рас, жаңару бар әдебиетте, бірақ сол әдебиетіңіздің өзі де ру­хани қортыққа айналып барады. Мұның болашағын болжау өте қиын. − Қалай десек те, анау Ақтамберді, Шалкиізден бүгінге дейінгі аралықта қа­зақ поэзиясы деген поэзия қалып­тасты. Өзінің дәстүрі бар үлкен өнерге айналды. Бірақ солай бола тұрса да, қа­зақ өлеңі өз ерекшелігімен әлемге та­ныла алмады. Оған не себеп? Біздің не­гізінен ұйқасқа негізделген поэзия­мыз ерекшелігі өзге тілге аударылуға қиын ба немесе әлемдік поэзиямен салыстырғанда ой мен пікірге кемшін бе? – Біріншіден, қазақ аударма саласына аса мән берген жоқ, бірақ ең озық деген әде­биетіміздің өзі басқа тілдерге адам ая­ғандай деңгейде аударылып келеді. Өзгесін айтпағанда, орыс тілінде шыққан Мұқағали мен Төлегенді оқысаңыз, өзіңіз ұяласыз, өзгесіне не жорық? Ал қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылған аудармалар арасында бірер ғана болмаса, аударма жоқ деуге бола­ды. Жұрт мұны орыс тілінде оқып алады да, қа­зақтілді бейшаралыққа назар аудара қой­майды. Ал шынында, аударма ісі дегеніңіз − ұлы өнер­дің бірі, ал қазекең үшін ақша табудың жо­лы ғана. Қалғаны белгілі. Рас, өте сәтті аудар­малар бар, бірақ аз. Мәселен, Светқали Нұр­жанның Артур Рембоны аударғаны ори­гиналға (әрине, орысшасына!) өте жақын, ол, сірә, «осыны өзіме сіңіріп алайын» деген ниетпен аударған сияқты, сосын... ол ірі ақындардың бірі ғой. Әлемдік поэзия біздің әдебиетті үлкен ықыласпен қабылдар еді, оны фран­цузға, арабқа, шүршітке және т.б. жет­кізіп беретін аудармашы жоқ, ал осы өнер бізде тек ақша табудың ғана көзі болып отыр. Ал қазақ өлеңінің құдіреті сіздер мақ­тап, еліктеп жүрген француз, ағылшын не­месе жапон поэзиясынан артық болмаса, кем емес. Сайып келгенде, бәрі аударма ісі­нің жоққа жақын тұрғанына тіреледі. − Тәуелсіздіктен кейінгі жастар поэ­зия­сында ізденістер жетерлік. Кейбірі дәстүрлі өлеңнен бойын аулақ салып, вер­либр жазып жүр. Әрине, олардың ара­сында еркін өлеңнің шын бол­мы­сын танитындар да, әйтеуір ұйқаспаған өлең­нің бәрі верлибр болады-ау деген түсінікпен жазып жүргендер де жоқ емес. Қалай ойлайсыз, бұл барыста ұлт­тық (дәстүрлі) поэзиямыз әлсіреп, еу­ропаның классикалық музыкасы се­кілді біртектілікке ұрынып, өлең өне­рі­міздегі ұлттық болмыс жойылып кет­пей ме? − Қазақта дарынды жастар, шүкір, бар­шы­лық. Бірақ олар қашанда аздық етіп оты­рады. Бұл − заңдылық. Ал өлеңші көп, өте көп. Дарындылар солардың қалың нө­пірінің астында қалып, әлдебір «әдеби ав­торитетке», «түбі бір ағайынына», т.т. сүйе­ніп сыйлықтан сыйлық қоймайтын пысық­тар­дың дәурені жүріп тұр. Әдебиет беделінің төмендей беруі содан. Мен, мәселен, келесі сый­лықтарды кім алатынына дейін біліп оты­рамын. Бұл да «қазақбайский» заңды­лық. Алсын, ақша керек қой... Ал дарынды ағайын, ерте ме, кеш пе, ақыры танылады, ұлттың меншігіне айналады. Ал енді «верлибрің» мен хайкуіңе кел­сек, оның түбі божырап, авторы көз жұмған соң Президент сарайының атын берсең де, санадан, ұғымнан аласталып, өліп бітеді. Жаман жері − сауаты кемдеу «қалың оқырман» өзінің «ақындарына» сен­гендіктен, өткен ғасырлардағы бей- шара дең­гейде қала беруі мүмкін. Сол жаман... Қазіргі «ұзаққа созылған науқастың» − әдебиетті қараусыз қалдырудың ақыры сонымен бітуі мүмкін... − Өзгеше ойлауға ерік бермейтін заман­да тірлік кешіп, өнердегі рухани азаттықты аң­сап келген талай қалам­герлер өткен ға­сыр­дың 80-жылдарының екінші жарты­сы­нан бері қарай тың ізденіс соқпағына түсіп, соны соқпаққа жетелейтін шығармалар жаз­ды. Сол аз топтың ішінде өзіңіз де бар­сыз. Адам жан дүниесінің терең түкпір­лерін­дегі сырды қозғап рухани тұрғыда ұлт ретіндегі шеккен қасіретіміздің мәнін ұқты­ратын «жаңа Мейірхан» поэ­зия­сының пайда болуына не себеп? Таза шығарма­шы­лық тұрғыдағы ізденіс нәтижесі ме әлде бас­қалай себеп бар ма? − Өзім жайлы айтпаймын − өзімнің «кере­мет» екеніме сеніп алып, қазіргі кейбір қортықтардың қатарына қосылуым бек мүмкін. Менің өлең жазатыным рас, соны бірақ ешкімге бұлдаған емеспін. Мен хал­қым емес, өзім үшін, көңілім қобалжыған кез­дерде жазам өлеңді. Ұнаса, оқысын жұрт. Ұна­маса, оны өзі біледі. − Жаһандану заманында өткеннің кө­зіндей талай құндылықтар күйреп, қадірін жоғалта бастады. Оның бірі әде­биет шығар деп ойлаймын. Бүгінде дү­ниенің бар «қызығы» алақандай гад­жеттерге сыйған заманда көп ойл­дануды, ықшам нәрселерді тұтынуға дайын тұратын жұртқа сөз өнері қы­зықсыз нәрсеге айналып барады. Енді бір елу не жүз жылда қазақ әдебиеті қан­дай күй кешеді деп болжар едіңіз? − Керісінше. Қазір есті Еуропа «әдеби, мә­дени жын-шайтаннан арылу» үшін әлем әде­биетінің классикалық үлгілеріне қайта ора­ла бастады. Бұл − ақырзаманды өз қо­лымен, пиғыл-ниетімен жақындатып кел­ген адамзаттың өз қатесін түсініп, тәубаға келуінің басы шығар. «Әу баста Сөз болған, Сөз Құдайда еді, Сөз Құдай еді» дейді Иса пайғамбардың Інжі­лі. Сол Сөзге, сол Құдайға қайтып ора­лу­ға тырысу, мүмкін, адамзаттың жаңа, жа­сам­паз дәуіріне қайта оралуына әсер етер. Оны бірақ бір Алла біледі. P.S. Кім де болса өзі өмірін арнаған саланың кемшілігіне жаны күйіп, қателіктеріне қиналмай тұрмайды. Ал Мейірхан ағамыздың сұхбаттан тыс айтқан кей пікірлеріне құлақ қойғанда оның шындық екенін ұғып қана қоймай, сіз де ақынмен бірге көңіліңіз құлазиды. «...Қазақ әдебиеті қашанда аз ғана жанкештілердің арқасында өмір сүріп келеді ғой, бір көбіне интеллектуалдық жағынан ақсайды. Ең жаманы, бір әдебиетте жүріп бір-бірін оқымайтындар көп. Осыдан келіп неге өсу жоқ деудің өзі ыңғайсыз» дейді ағамыз. Не деуге болады? Заманды аласапыран қылып, адами түсініктегі жақсылық атаулының қадірін кетіргендердің кесірі әдебиетке де, оның оқырмандарына да тиді. Бірақ ұлт өзі үшін әрдайым күрестен бас тартпаса, оның жан тазалығын сақтайтын әдебиет те өмір сүре берері хақ.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ