__МаңыздыДенсаулық

Ем іздегенге есігіміз ашық па?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметінше 2022 жылы емдік туризм әлемдегі жетекші салалардың бірі болмақ. Көптеген ел осы бағытта да­муға күш салып жатыр, біздің елде меди­ци­­налық туризм саласын ілгерілетуге қа­тыс­ты бастамалар көтерілді.

Алайда коронавирус пандемиясы жалпы туризм мен халықаралық қатынастарға едәуір шек қойды. Еліміздегі медициналық туризмнің қазіргі ахуалы қандай?

Жалпы, медициналық туризмнің әртүрлі анық­тамалары бар. Медициналық туризм қауым­дастығының мәліметі бойынша бұл – бір елде тұратын адамдардың сапалы және қол­же­тім­ді медициналық қызмет алу үшін басқа елге са­пар шегуі. Ал Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы №211-II Заңында бұл саланың өз анықтамасы бекітілген. Оған сәйкес, медициналық туризм – тұратын жері­нен тыс жерде мамандандырылған меди­ци­налық көмекті, оның ішінде жоғары тех­но­логиялық медициналық қызметтерді алуды де­малыспен біріктіретін туризм түрі.

Яғни бұл ұғымның ауқымына ем іздеп шетелге шығу немесе кері­сін­ше шет­елден емделуге келу, бір елдің бір ай­мағынан екінші аймағына бару, ши­­пажайларда ем-дом қабылдау жа­тады.
Медициналық туризм халық­ара­лық туризмдегі жаңа бағыт ретінде әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл нарық қа­зір тез дамып жатқаны соншалық – қа­зір медициналық туризм туралы нақ­ты ресми мәліметтерді табу өте қиын.
Мысалы, түрлі дереккөздер ме­ди­ци­налық туризм нарығының әлемдік кө­лемін 10 миллиардтан 100 миллиард АҚШ долларына дейін, ал жыл сайын сая­хаттайтын медициналық турис­тер­дің санын 5 миллионнан 16 миллион адамға дейін деп бағалайды.
Жаһандық денсаулық инсти­ту­ты­ның (Global Wellness Institute) деректері бойынша 2025 жылға қарай бұл саладағы нарық көлемі 140 млрд АҚШ долларынан асады деген бол­жам бар.

Шетелден ем іздегендер

2020 жылғы 1 қазандағы дерек бойын­ша, Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры шетелдік клини­ка­лармен 787 миллион теңгеге шарт жа­сас­қан. Жалпы, жыл сайын бюджет қара­жаты есебінен шетелге емделуге 100-ден астам пациент, ал шетелдік ма­мандарды тарта отырып, отандық ме­дициналық ұйымдарда емдеуге 30-дан астам пациент жіберіледі екен.
Ведомство шетелде емделуге бері­летін квота бойынша ем ала­тын­дардың ерекше санаты жоқ екенін ай­тады. Елімізде емделген, бірақ оңал­маған науқастардың барлығы шетелдік клиникада медициналық көмек ала алады.
Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры мәліметінше қа­зақ­стандықтарға бюджет есебінен шет­елге емделуге 2012 жылдан бастап жол ашылған.
Жалпы, шетелде ем алғандар ту­ра­­лы нақты статистика жоқ деуге болады, се­бебі өз қаражатына емделетіндер са­ны көп. Ал әртүрлі де­рек бойынша жыл сайын шамамен 50 мың­ға жуық қа­зақстандық шетелге ем­делуге барады екен.
Елден ем іздеп шығатындардың кө­бі Оңтүстік Корея, Түркия, Қы­­тай, Израиль, Германия сияқты мем­лекеттерге барады. Бұл туралы мәлімет Journal of Health Development ғылыми журналында жарияланған (2020 ж.).
Мысалы, Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау индустрия­сын дамыту институтының (Korea Health Industry Development Institute) дерек­теріне сәйкес жыл сайын 15 мың­нан астам қазақстандық онкология, реп­родуктология және гинекология, жүрек-қан тамырлары, эндок­ри­но­ло­гиялық және бүйрек ауруларын ем­деу, сондай-ақ пластикалық хирургия қызметін алу үшін Оңтүстік Кореяға баратын көрінеді.
Ал Түрік медициналық туризм қауымдастығының (Turkish Healthcare Travel Council) есебі бойынша жыл сайын Қазақстаннан Түркияға ра­дио­терапия, онкология, нейрохирургия, реконструктивті пластика және оңалту сияқ­ты бағыттар бойынша медици­налық қызмет алуға баратындар саны 7 мыңнан асады.
Медициналық туризм саласын­дағы әлемдік жағдай үнемі өзгеріп отырады. Егер бұрын бұл салада Батыс Еуропа мен Америка Құрама Штат­тары көш­басшы саналса, бүгінде олар­ды Оңтүс­тік Корея, Қытай, Үн­ді­стан және Оңтүс­тік-Шығыс Азия ел­дері ығыстырған.
Қазір 50-ден астам ел эконо­ми­касын да­мыту мақсатында медициналық туризм туралы Ұлттық бағ­дарлама да қабылдаған екен. Мә­селен, Германия, Израиль, Түркия, Үндістан, Сингапур, Таи­ланд сияқты елдер науқастарға жо­ғары сапалы қызмет көрсету үшін ме­дициналық инфрақұрылымының дамуына, инно­вациялық техноло­гия­лар, озық құрал-жабдықтармен қам­тыл­ған клини­калардың құрылысына мил­лиондаған қаржы құяды.
Бұл елдердің мамандары үнемі әлем­­нің мықты деген универси­тет­терінде білімін жетілдіріп отырады. Сон­дай-ақ шетелдіктерді емдейтін ем­ханалардың дәрігерлері бірнеше тіл­ді меңгерген. Өйткені медициналық қыз­меткерлердің бірнеше тілді мең­геруі біраз елдерде міндетті жұмыс­тардың біріне кіреді. Ал бізде ше?
Біздің елде медициналық туризм 2017 жылдың аяғынан бастап мемлекеттік деңгейде белсенді дами бас­таған. Ұзақ уақыт бойы кардио­хирур­гия, нейрохирургия, трансп­лан­тация, онкология және тағы басқа ба­ғыт­тар бойынша ем алу үшін өзге ел­дерге баруға мәжбүр болған науқастар қа­зір қажет емді шекара аспай ала ала­ды. Әсіресе, елордадағы әлемдік стан­дарттарға сай, жетекші орта­лық­тардың әлеуеті зор.
Тіпті, шетелдіктер үшін Қазақ­станда халықаралық талаптарға сай медициналық қызмет алуға мүм­кіндік туды.
Бірақ енді ғана қарқын ала бас­та­ған бұл саланың әлі де реттел­ме­­ген, реттелуі тиіс мәселелері көп.

Біздің қауқарымыз қандай?

Жыл сайын медици­на­лық кө­мек алу мақ­са­тын­да Қазақ­стан­ға келетін ше­телдік­тердің саны екі мың адамнан аспайды екен.
Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Рес­пуб­­ликалық электрондық ден­­саулық сақтау орта­лы­ғы­­ның дерек­теріне сәйкес, 2016 жылы респуб­ли­ка­лық медицина ұйымдарының ста­­цио­нарында емделген шет­ел­дік па­циент­тер саны
1 500 болса, 2017 жылы 1 431 адам келген. Ал 2018 жылы олар­дың саны артып, 1 682 адам­ға жет­кен. 2019 жылы елге 1 797 меди­ци­на­лық турист ке­ліпті. Бұл динамика ме­дициналық ту­ризм­ді дамытуда бір­қа­тар проб­ле­малар бар екенін көрсетеді. Ал пан­де­мия кезінде бұл көрсеткіш одан сайын төмендегені анық.
Ұлттық статистика ко­ми­тетінің 2021 жылғы мау­сымдағы дере­гіне сәйкес пан­демияға байланысты Қа­зақ­станға келген турис­тер­дің саны 90,9 пайызға азай­ған. Оның ішінде нақ­ты қан­ша адам емделу үшін кел­гені беймәлім.
Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақ­тауды дамыту орталығында Ме­ди­ци­налық туризмді дамыту бөлімі жұмыс істеген болатын. Сол бөлімнің бас ма­маны болған Диляра Ағыбаеваның сө­зінше, пандемияға байланысты бө­лімнің жұмысы тоқтаған.

– Пандемияға байланысты, қар­жы­ландыру бойынша қиындықтарға Ме­дициналық туризмді дамыту бөлімі жұ­мысын тоқтатты. Бұрын біз бұл ба­ғытта зерттеулер жүргізгенбіз. Бірақ қа­зір нақты мәлімет табу өте қиын, – дейді маман.

Елімізде заманауи медициналық кластердің, сонымен қатар көп­теген заманға сай жабдықталған басқа да медициналық, стоматологиялық, кос­метологиялық клиникалар мен ЭКҰ ор­талықтарының бой көтеруі Қазақ­стан­да туризмді, оның ішінде сауық­тыру туризмінің негізін берік қалауға мүмкіндік берді.
Медициналық туризм сала­сын­дағы ең басты нәрсе – меди­ци­налық ұйымдардың бәсекеге қабі­лет­тілігі. Қазір елордалық клиникалар за­манауи жабдықта емдеудің жаңа жо­ғары технологиялық әдістерін ұсы­нады. Сонымен қатар елордада көп­те­ген медициналық орталықтың JCI халықаралық аккредитациясы бар еке­нін атап өту қажет. Денсаулық сақ­таудағы сапа стандарттары саласында JCI аккредитациясы өте беделді және ол медициналық ұйымның халық­ара­лық деңгейде қабылданған Меди­цина­лық және әкімшілік стандарттарға, сон­дай-ақ пациенттердің қауіпсіздігі жө­ніндегі талаптарға сәйкестігін рас­тайды.
Қазір әлемде JCI стандарттары бойын­ша 800-ден астам ауру­хана аккредиттелген. Ал JCI-де аккре­дит­телген ұйымдар саны бойынша әлем­дік рейтингте Қазақстан 25-орында.
Баратын елді таңдау кезінде қауіп­сіздік пен саяси тұрақ­ты­лықтың маңызы зор. Бұл жағынан біз­дің ел өте қолайлы.
Оған қоса, әлемдік рейтингтер мен деректерде еліміздегі ме­ди­циналық қызмет көрсету сапасы жа­ғынан озық, бағасы жағынан тиімді деп көрсетіледі.
Мәселен, Вookimed.com (әлем­нің кез келген нүктесіндегі кли­ни­ка­ларды іріктеу және емдеуді ұйым­­дас­тыру бойынша тегін халық­аралық платформа) рейтингінде ұсы­нылған 71 халықаралық клиниканың мә­ліметтері бойынша, кей ота түрлері Нұр-Сұлтан қа­ласының клиника­ларын­да Түркияға қарағанда 4,3 есе, Гер­манияға қарағанда 5,2 есе және Израильге қарағанда 5,4 есе арзан екен.
Алайда Нұр-Сұлтан қаласындағы орта­лықтардың медицинаның мүм­кін­діктері туралы жергілікті халықтың да, шетелдіктердің де жеткілікті дәрежеде хабардар болмауы емделушілер саны­ның көбеюіне тосқауыл болып отыр.
UMC корпоративтік қорының ста­тис­тикалық деректеріне сәйкес, «Ұлт­тық ғылыми кардиохирургия ор­талы­ғы» және «Ұлттық нейрохирургия ор­талығында» 2015-2018 жылдары бар­лы­ғы 12,3 мың шетелдік медициналық турист емделген.
2017-2018 жылдары «Ұлттық ней­ро­хирургия орталығының» нейро­хи­рур­гиялық бағыттағы жалпы бөлімшесі Тәжікстан азаматтары арасында үлкен сұранысқа ие болған.
Ал «Ұлттық ғылыми кардио­хирур­гия орталығы» қызметтерін 2011-2015 жыл­дары Қырғыз Республикасы аза­маттары көп пайдаланған.
Жалпы, қазір заманауи ме­ди­ци­на­лық технологияларға қол жет­кізе ала­тын және шетелдік па­циент­терді қа­был­дауға әлеуеті бар 9 не­гізгі ме­ди­ци­налық ұйым жұмыс іс­тейді.
Медицина сарапшысы, дәрігер Қайырғали Көнеев біздің ел­дегі меди­ци­налық орталықтардың әлеуе­ті өте жо­ғары, бірақ назар ау­да­рылуы тиіс мә­селелер жоқ емес еке­нін айтады.

Қайырғали Көнеев,

медицина сарапшысы:

Шетелдіктерді тегін емдеу мәселесін қайта қарау керек

– Медициналық туризм саласы пандемиядан кейін жалпы әлем бойынша тұралап қалды деп айтуға болады. Ал негізінен бұл салада біздің елдің потенциалы өте жоғары деп ойлаймын. Жоғары сапалы технологиялармен қамтылуы жағынан, сапа жағынан алсақ та солай. Орталық Азия бойынша медициналық туризм бағытында Қазақстанның әлеуеті жоғары.
Бірақ бізде нормативті-құқықтық база бойынша көп мәселенің бір қайнауы ішінде. Мысалы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстанға жұмыс істеуге, оқуға және тағы да басқа мақсатта келген кез келген шетелдіктің өзі де, отбасы да тегін ем ала алады. Яғни олар қордағы ақшаға емделеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, себебі 4 миллион, 5 миллион тұратын дәрілер бар, оның барлығы тегін қарастырылады.
Бұл туралы шетелдіктер әлі хабардар бола қойған жоқ, дегенмен пандемия аяқталған соң, бұл туралы біліп алса, бұл біздің елдің бюджетіне үлкен салмақ болады. Бұған денсаулық сақтау жүйесі шыдас бермейді. Яғни үкіметі тегін бере алмайтын, өздері сатып ала алмайтын елдердің азаматтарына бізге келіп, азаматтық алмай-ақ МӘМС-ке тіркеліп, сол арқылы тегін көмек алуға жол ашық.
Мұның дұрыс емес екенін, бұлай болмайтынын талай рет айтып, мәселе де көтерген едік. Әлемде ешбір мемлекетте мұндай мүмкіндік таппайсыз. Тіпті, Рсейде осы сияқты норма жоқ. Мәселен, сіз Ресейге барып білім алсаңыз, жаман айтпай, жақсы жоқ, сол жақта жазатайым оқиғаға ұшырасаңыз, бәрі ақылы болады, шетелдіктерді тегін емдемейді. Осы мәселені назарға алу керек.

Әкім ТҰРСЫН,
медицина сарапшысы,
QMed ұлттық инновациялық медицина палатасының директоры:

Дамыған елдермен салыстыруға әлі ерте

– Бұл сала карантинге дейін жақсы дамып келе жатқан болатын. Ал қазіргі ахуалды 5 балдық жүйемен алғанда, 3 балға бағалар едім, бірақ Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына емделу үшін келіп жатқан шетелдіктер аз емес. Онкология, кардиохирургия, нейрохирургия салаларында әлемдік деңгей бойынша сұраныстағы мамандар да бар.
Еліміздегі медициналық орталықтар Орталық Азия бойынша алдыңғы қатарда. Оған қоса жеке клиникалар да көбейді. Дегенмен Алматыдағы кей орталықтарға реконструкция қажет.
Бірақ дамыған елдермен салыстыруға келе бермейтінін ашып айтқан жөн. Бізде, әсіресе қызмет көрсету саласы ақсап тұр. Оны дамыту үшін инвесторлар тартуды қолға алу керек. Үлкен медициналық университет ашсақ, оның ағылшын тілінде сапалы білім бере алатын әлеуеті болса Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерден студенттер көп келер еді. Солардың базасында үлкен университет клиникасын жасақтауға болады.

Қорыта айтқанда, еліміздің емдік туризм саласындағы әлеуеті зор. Бірақ әлемдік стандарттарға сай орталықтардың тек елордаға ғана шоғырланып қалмауын ескерген жөн.
Жалпы, медициналық туризмді дамыту арқылы ел бюджетіне қаражат әкелуден бөлек, бәсекеге қабілеттілік пен медициналық қызметтердің сапасын арттыруға деген үміт зор.

Back to top button