Жаңалықтар

Байбек: Жыл сайын кемінде 15 анимациялық фильмді қазақшалауға қолдау көрсету көзделіп отыр

ашық дереккөзі

Байбек: Жыл сайын кемінде 15 анимациялық фильмді қазақшалауға қолдау көрсету көзделіп отыр

Елордада «Nur Otan» партиясының қолдауымен Walt Disney Pictures студиясының «Энканто» анимациялық фильмінің премьера алдындағы көрсетілімі болды. Бұл – «Болашақ» қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасы бойынша ең жоғары стандарттар бойынша қазақ тіліне дубляждалып отырған 38-ші кинокартина. «Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, шетелдік фильмдерді бюджеттен тыс қаражат есебінен мемлекеттік тілге дубляждау – болашақтықтар іске асырған әлемдегі бірден бір жеке бастама. 2011 жылдан бері жобаға 22 демеуші компания қолдау көрсетті, ал барлық 38 фильмді дубляждаудың жалпы құны 1,5 млрд теңгеден астам болды. 2011 жылы біздің «Өзіңнен баста» атты жобамызды еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде балалар үшін қазақ тілінде 70 сағаттан астам сапалы контент жасадық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту қарсаңында біз қазақстандықтарға соңғы жобамыз – «Энканто» атты фильмді ықыласпен тарту етеміз. Осы жылдар аралығында бізге қолдау көрсеткен барлық актерлерге, режиссерлерге, әріптестер мен демеушілерге тағы да үлкен алғысымды білдіремін, - деді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, болашақтықтардың бастамасы «Nur Otan» партясының қолдауымен жалғасын тауып, мемлекеттік тілде сапалы мультимедиалық контент жасау жөніндегі ұлттық саясаттың бір бөлігіне айналады. Барша ұлт өкілдерінің өзіндік болмыс-бітімін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту «Nur Otan» партиясының стратегиялық басымдығы болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы аясында «Кинематография туралы» Заңға өзгерістер енгізу жоспарланған. Кинотеатрларда қазақ тіліндегі контентті көруге теңдей мүмкіндік беру мақсатында жыл сайын кемінде 15 анимациялық фильм мен отбасылық тамашалауға арналған фильмнің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отыр, – деді ол.