__МаңыздыАтажұрт

Квота аясында грантқа түсетін қандастар саны азайып барады – Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е. Л. Тоғжановтың назарына

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы тарихи шешіме биыл 30-жыл толды. 1991 жылдан бері 1,5 млн-нан астам қандасымыз Ата жұртымен табысып, Тарихи Отанының дамуына еңбек етуде. Ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығы аясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырды.

Шетелде тұратын этникалық қандастарымыздың Қазақстанда білім алуы 1994 жылдан бастау алады. Ол кезде қандастарымыздың Қазақстанда тегін білім алуға арналған мемлекеттік квота 2% құрады. 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен мемлекеттік квота 4% – ға дейін өсті.

Бірақ бүгінгі таңда, оқуға түсуге ниет білдіргендердің саны көп  болуына қарамастан, студент атанып, квота аясында грантқа түскендер саны жылдан жылға азаюда.

Оның негізгі себептері:

Шетелдегі қандастарымыз үшін Қазақстанның білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі немесе болмауы;

Шетелдегі қандастар арасында қазақ тілін үйренуге тиісті оқу-әдістемелік базаның болмауы;

Этникалық қандастарымыз үшін Ұлттық Бірыңғай Тест емтихандарын тапсыру қиындығы. Өйткені, қазақстандық білім беру бағдарламасымен 11 жыл оқыған талапкер, Қазақстанда ешқашан оқымаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен қандастарымыз тең дәрежеде тест тапсырады.

2019 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандар саны –  2000 адам, 863 адам оқуға түсті.

2021 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандар саны – 2478 адам болса, небәрі 796-сы ғана оқуға түсті.

Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары шетелдегі қандастарымызға арналған жаңа білім беру концепциясын қарастыруды және қандастарымыздың елге оралып, тегін білім алуына қатысты келесі ұсыныстарды енгіземіз:

Біріншіден, этникалық қандастарымыз үшін халықаралық емтихандармен сәйкестендіре алатын ҰБТ-ның баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажет. Сонымен қатар, дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынамыз.

Екіншіден, этникалық қандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен доктарантураға жеке квота бөлуді қарастыруды ұсынамыз. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаларға қандастарымыз барлық шетел азаматтарымен бірдей дәрежеде қатысады.

Үшіншіден, Қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тарту бағдарламасын енгізу қажет.

Төртіншіден, Шетелдегі этникалық қандастар арасынан педагогтар мен ғылыми қайраткерлер қауымдастығын құру. «Абай институты» қазақ тілін оқытуға бағытталған интернет портал жұмысын күшейту, Конфуций, Гете мәдени ұйымдары тәжірибесінде одан әрі дамыту. Онлайн форматта қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, балалар әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ қауымының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, әмбебап кітаптар әзірлеу. Qazaq TV-де қазақ тілін оқытудың телевизиялық бағдарламасын іске қосу (120 елдің аудиториясы). Шетелдік жоғары оқу орындарында «Қазақ тілі» бөлімдері бар факультеттерге қаржылық, гуманитарлық және әдістемелік қолдау танытуды ұсынамыз.

Бесіншіден, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қазақ мектептері сақталған Өзбекстанда – 370 мектепке, Моңғолияға – 43 мектепке әдістемелік және ғылыми қолдау көрсету қажет. Бұл мектептердегі мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды қолға алу өзекті. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағында қазақ тілін оқыту мүмкіндіктерін қарастыруға байланысты білім беру ұйымдарымен жұмысты күшейтуді ұсынамыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА 

Back to top button