24 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

24 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

24 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1992 жылы 24 қарашада Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің атауы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті болып өзгертілді. 2008 жылы «Нұр Медиа» ЖШС құрылды, оған апта сайын таралатын «Страна и мир», «Дала мен қала», «Айқын», «Литер», «Нұр Астана», «Известия-Казахстан», «Түркiстан» және «Қазақстан теміржолшысы» секілді газеттер мен танымал «Астана» телеарнасы, «NS» пен «Деловая волна» радиостанциялары кірді. 2010 жылы Орынборда 1917-1920 жылдары Алаш Орда алғашқы қазақ үкіметінің отырысы, І және ІІ Жалпықазақ съездері өткен, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан, оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов тұрған үйлерде мемориалдық тақталардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемориалдық тақталар Қазақстан Премьер-Министрі К. Мәсімовтің бастамасымен және ресейлік биліктің қолдауымен орнатылды. 2010 жылы Жапонияның Нагоя қаласында Қазақстан Республикасының құрметті консулдығының ашылу салтанаты болып өтті. 2010 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективаларына қол жеткізу, өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын іздестіру мақсатын көздейтін Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігінің қарым-қатынастары тарихында қазақстандық делегацияның алғашқы сапары өтті. 2011 жылы АҚШ-тың «Public Broadcasting Service» (PBS) жалпыұлттық телевизиялық арнасы бойынша әрқайсысы 30 минуттан тұратын үш шағын сериядан тұратын «This is America Қазақстанға келеді» деректі фильмі көрсетілді. Фильм Қазақстанның саяси-экономикалық дамуы, Қазақстан-Америка әріптестігін нығайту тақырыптарын, сондай-ақ елдің тарихын, мәдени мұрасын, дәстүрі мен өнерін, этностық әралуандығын қамтиды. 2014 жылы Алматы облысы Бесағаш кентінде аты аңызға айналған спортшы, Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрікке ескерткіш орнатылды. Мұстафа Өзтүрік – Қазақстанда таэквондо федерациясының негізін қалаушы, спорттың сайыпқыран саңлағы. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ топырағына алғаш табаны тиген Мұстафа бір топ шәкіртімен шағын спорт сайысында өнер көрсетсе, қазір республикада таэквондо жекпе-жегімен жиырма мыңға тарта жас шұғылданады. Бүгінде әр аймақ, облыстарда таэквондо мектептері ашылған. Өрімдей қазақтың қыз-жігіттері Мұстафаны пір тұтады. 2015 жылы қазақ жазушысы Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романы түрік тілінде жарық көрді.Түрік тілінде «Arasat Meydanı» деген атпен жарық көрген романда 1930-1934 жылдары елімізде болған қасірет мазмұндалған. 2015 жылы Таразда жаңа мешіт ашылды. Оның қасбеті ашылған Құран түрінде салынған. Қаланың орталық бөлігінде, «Қарахан кесенесі» ежелгі тарихи ескерткішінің маңында салынған мешіт Қазақ хандығының 550 жылдығына әзірлік барысында құрылған «Қарахан аллеясы» сәулеттік кешенімен сәтті үйлесім тапты. Ғимараттың қасбеттік бөлігін сәулетшілер бірегей ашылған Құран кітабы түрінде айшықтаған. 2016 жылы Санкт-Петербургта қазақтың көрнекті қоғам және саяси қайраткері, Алашорда үкіметінің басшысы, Ресейдің Тұңғыш Мемлекеттік Думасының депутаты (1906 ж.) Әлихан Бөкейхановтың бюстін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясына тарту ету салтанаты болды. Бюст Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне қойылды. Мүсінді жасаған – Өмірзақ Шаңов. 2016 жылы павлодарлық Қайырбай Әшенов Мәскеуде өткен үшсайыстан әлем чемпионатында алтын, күміс және қола медальдарды жеңіп алды. Жеке және командалық есепте үздік атану үшін бұл жарысқа 26 елден келген 1200 спортшы қатысқан. 2017 жылы Финляндияның астанасы Хельсинкіде QazFinnTec жасыл технологиялар бойынша қазақ-фин орталығы ашылды. Жекелеген фин компанияларының, ҚР-ның Хельсинкідегі Елшілігінің қолдауымен экономикалық дипломатия аясында құрылған орталық фин технологиясын пайдалана отырып, Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жалпы, мәселе жаңартылған энергия көздерін пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды биогазға айналдыру, ақпа суларды тазарту мен өзгеде салаларды қамтып отыр. 2017 жылы қазақстандық оқушы алғаш рет АҚШ-тың National Honor Society – Ұлттық құрмет қоғамының мүшесі атанды. Бұл Америкада үздік оқушыларды біріктіретін мектеп ұйымы. Нью-Джерси штатындағы 12-сынып оқушысы Дана Бижанова бұл құрметке оқудағы жетістіктері, көшбасшылық қасиеттері және волонтерлік қызметі үшін лайықты деп танылды. 2018 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы түрік, қырғыз және әзербайжан тілдеріне аударылды. 2019 жылы Атырау қаласында Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығы ашылды. Бұл заманауи білім беру орталығы жас ұрпаққа қажетті кәсіби білім алуға және еліміздің игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік береді. Жоба авторлары атап өткендей, мұндай орталықтар ТМД елдерінде тек Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен «Иннополис» университетінде орналасқан. Бірақ Атыраудағы орталық заманауи технологиямен жабдықталу тұрғысынан әлдеқайда басым түседі.