Жаңалықтар

Байбек Елбасының Nur Otan партиясы Төрағасы өкілеттігін тапсыруына қатысты пікір білдірді

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыған байланысты пікір білдірді. 

«Билеуші партияның Төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсыру – бұл заңдылық, қазақстандық билік транзитіне толықтай сәйкес келетін шешім.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Nur Otan» құрылғаннан бастап оның басы-қасында. Ұзақ уақыт партияның басқарушы және маңызды шешімдер қабылдаушы органы – Саяси Кеңес Бюросының мүшесі болып табылады.

2019 жылы Президент лауазымына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы осы «Nur Otan»-нан ұсынылды. Соңғы парламент сайлауында партия Мемлекет басшысы өзі жария еткен сайлауалды бағдарламамен айқын жеңіске жетті. Сол берілген уәделерді орындау – билеуші партияның қазіргі уақыттағы басты міндеті.

Елбасы атап өткендей, қазір «Nur Otan» қоғамды Президентіміздің Мемлекеттік бағдары төңірегіне топтастыруы қажет.

Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған  билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам.

Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін», – деді Б.Байбек.

Back to top button