Балқы Базар жыраудың туғанына - 180 жыл

Балқы Базар жыраудың туғанына - 180 жыл

Балқы Базар жыраудың туғанына - 180 жыл
ашық дереккөзі

Әр халықтың әлемдік өнер мен мәдениетіне қосатын өз ұлттық құндылықтары бар. Қазақ халқының жыршы-жыраулық өнері де өзге ел салт- дәстүрлерінен ерекшелейтін баға жетпес қазынасы десек артық айтқандық емес. Қызылқұм өңірінде жыршылық, жыраулық өнерді бойына дарытқан, алқымы алтын, көмейі күміс көрнекті өкілдерінің бірі – Балқы Базар жырау Оңдасұлы.

Балқы Базар жырау 1841-1911 жылдар аралығында өмір сүрген ғибратты ғұмыр иесі. Он бес жасында «Бала жырау» атанған жыр жампозының бейіті - Жалпақтауда. Өткен жылы қазан айында жыраудың басына бюст орнатылып, баба бейіті айналасы абаттандырылды.  width= Өз дәуірінде ел аузындағы жыр-терме, дастан-толғауларды жырлап, сазды әуен, сырлы мұңмен ел жайын, өлке тарихын, елеулі азаматтар атын жырға қосты. 20 қараша күні Балқы Базар шығармаларын насихаттау мақсатында аудандық мәдениет үйінде Тамды ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен терме-толғау байқауы өтті.
Өнер бәйгесіне аудан әкімінің орынбасары Н.Бекназаров құттықтау сөзін сөйлеп, «Жыраулардың жампозы» атанған Балқы базардың шығармаларын дәріптеу, өз тұсында аңызға айналған шешеннің толғауы мен термелері, жырлаған дастандарының тәрбиелік мәні зор», - деген ойымен бөлісті.
Базар жырау Оңдасұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткізілген сайысқа 50 өнерпаз ішінен іріктелген 14 оқушы сынға түсті. Әділқазылар алқасы мүшелері, жергілікті жырау-термеші Ж.Жүсіпов, аудандық мәдениет үйі меңгерушісі Ж.Өтемұратова қатысушылардың өнерін бағалады. Жыр жарысының соңғы нәтижесі бойынша Жарашаруа елді мекенінде орналасқан №7 мектеп оқушысы Ш.Егембергенова ІІІ дәрежелі диплом және  ұялы телефонмен, Керегетау ауылындағы №9 мектеп оқушысы Н.Қадыров ІІ дәрежелі диплом және планшетпен, Ажырықты елді-мекенінің №6 мектеп оқушысы М.Жандуллаева жүлделі І орынға лайық деп табылып, І дәрежелі диплом мен аудан әкімі сыйлаған ноутбукпен марапатталды.  width= Сайысты қорытындылай келе әділқазылар алқасының мүшесі жергілікті жыршы Ж.Жүсіпов өскелең ұрпақтың  бұдан да биік белестерден көрініп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, жыршылық, жыраулық өнер арқылы ұлттық мәдениеттен өзіндік орын табуына тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.  

Гүлжазира Айтбаева,

Гүлдана Нарынбетова,

Өзбекстан Республикасы,

Науаи облысы, Тамды ауданы