Абдулла Гүл: Қазақстанның жетістігі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі
Абдулла Гүл: Қазақстанның жетістігі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл келді. Ғылыми кітапханада белгілі саясаткер университеттің оқытушы-профессорлары және студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі.
Айтулы шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Шілдебай сынды зиялы қауым өкілдері, дипломаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы тәуелсіздікке дейін басталған. Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген Түркия мемлекеті болатын. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан біз үшін тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және алдағы екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығы аясында Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдулла Гүл мырзаның университетімізге келгені айрықша мәртебе, – деді университет ректоры.
– Осындай кездесуді ұйымдастырып, жылы қабылдағандарыңыз үшін университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Қазақстан – біздің атажұртымыз. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Қазақстанның жетістіктерін біз ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Ол халық пен елдің игілігі үшін көптеген шараларды ұйымдастырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Ұлт көшбасшысының сара жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді, – деді Абдулла Гүл.
Шара соңында Абдулла Гүлге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ университет ректоры Жансейіт Түймебаев мейманды «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттады.