Жаңалықтар

«Комсомольская правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы қайтыс болды

«Комсомольская правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы Виктор Кияница 57 жасында қайтыс болды. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы ақпаратты растады. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасы жазды.

Виктор Кияница – «Алтын жұлдыз» конкурсының лауреаты, Мемлекет басшысының қызметін жан-жақты түсіндіргені және жария еткені үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері (2019), Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі.

Кияница Виктор Витальевич 1964 жылы 4 шілдеде Алматыда дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Өзінің журналистік қызметін «Комсомольская правда» газетінің тілшісі болып бастаған. 90-жылдардың басында Қазақстан және Орта Азия бойынша «Московские новости» газетінің, кейін Қазақстандағы «Огонек» журналының тілшісі болды. 1997-1998 жылдары Gala-TV телекомпаниясының шеф-редакторы қызметін атқарды, 1998 жылы «Хабар» агенттігінің «Жеті күн» бағдарламасының жетекшісі болды.

1998-1999 жылдары Кияница премьер-министрдің баспасөз қызметін, содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Білім беру қорының қоғамдық байланыстар орталығының баспасөз қызметін басқарды (2000-2001).

«Мұнай және газ көлігі» ЖАҚ қоғаммен байланыс департаментін басқарды (2001-2002).

2002-2003 жылдары Қазақстандағы «Комсомольская правда» ЖШС бас директоры болды. Содан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінде біраз үзіліспен жұмыс істеді.

2005 жылы «Страна и мир» газетінің бас редакторы болды (2005). Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесшісі болды.

Оның соңғы лауазымы «Комсомольская правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы еді.

Back to top button