"Білім грантының қаржысы студенттің банк шотына аударылады" – министр пікірі

"Білім грантының қаржысы студенттің банк шотына аударылады" – министр пікірі

"Білім грантының қаржысы студенттің банк шотына аударылады" – министр пікірі
ашық дереккөзі
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантын ұтып алған студенттің арнайы банктік шотына оқу ақысына қажетті қаржыны аудару не үшін қажеттігін түсіндірді. «Мемлекет басшысының жоғары білім беруді қаржыландыру жүйесін өзгерту жөніндегі бастамасының маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтсем. Бүгінгі таңда отандық жоғары оқу орындары грант беру арқылы жан басына қаржыландыруға көшті. Бұл жүйе қазір қалай жұмыс істейді? Грант алу үшін талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. ҰБТ тапсырғаннан кейін талапкер өтініш береді, нақты мамандықты таңдап, гранттарды тағайындау конкурсына қатысады. Мәселен, егер белгілі бір мамандыққа барлығы 100 грант бөлінсе, квоталарды есепке ала отырып, ең жоғары балл жинаған 100 талапкер сараланған тізім бойынша ЖОО-да оқу үшін грант алады. Білім грантын иеленген студент жоғары оқу орнын таңдайды және ЖОО осы студентті оқыту үшін бюджеттен қаржыландыру алады», - деп жазды министр Facebook-парақшасында. Алайда, оның атап өтуінше, студент грантты жеңіп алғанына қарамастан, мемлекет тарапынан төленетін оқу ақысына қатысты рәсімге қатыспайды. Шын мәнінде, студент жоғары оқу орнындағы оқу ақысын мемлекет оның мектеп кезіндегі жақсы көрсеткіштері үшін төлейтініне мән бермей, мұны көбіне көп тегін оқу деп қабылдайды. Сәйкесінше, «тегін» оқу кезінде университетке қандай да бір талап қою қиын. Әрбір студенттің оқуы үшін мемлекет жоғары оқу орнына орта есеппен 3,5-4 миллион теңге бөледі. «Оқу ақысын төлеу алгоритмі келесідей: университеттер студенттердің тізімдері мен төлеу актілерін белгілі бір мерзімділікпен министрлікке жібереді. Министрлік студенттердің әрқайсысы үшін ақшаны жоо-ның шотына тікелей аударады. Яғни, студенттің өзі бұл үрдіске қатыспайды. Енді Мемлекет басшысы қаржыландырудың осы жүйесін өзгертуді тапсырды. Бұдан былай қаражат грантты жеңіп алған студенттің оқу ақысын өз бетінше төлеуі үшін арнайы банктік шотына (эскроу-шот) тікелей жіберіледі деп жоспарлануда. Осылайша, студент оның оқуы үшін мемлекет бөлген ақшаны көріп, қолдауды сезінеді. Сонымен бірге оқу ақысын төлеу үрдісіне қатысады», - деді Асхат Аймағамбетов. Министр қазіргі таңда студент бұрынғыдай тегін қызметтерді алушы емес, қызметтерге тапсырыс беруші болып саналатындығын баса айтады. Соған орай ол тапсырыс беруші ретінде сапалы білім беруді талап етуге құқылы. «Әрине, бұл студенттің мемлекеттік қолдау іс-шараларын қабылдауына оң әсер етеді және оның бойындағы жауапкершілікті арттырады. Миллиондаған қаражаттың оқуға жұмсалғанын көріп, студент білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілікпен қарайды. Бұл ретте студент бюджет қаражатын білім алып жатқан ЖОО-ға оқу ақысын төлеуден басқа, өзге мақсаттарға жұмсай алмайды. Бұдан басқа, бұл тетік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де жойып, бюджет қаражатының барынша ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Аталған іс-шара жоғары білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтеді деп күтілуде. Мемлекет басшысының осындай маңызды тапсырмалары бүкіл білім беру жүйесін кешенді жақсартуға бағытталғанын атап өткім келеді. Білім және ғылым министрлігі қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті жұмысты жүргізеді», - деп түйіндейді ойын министр. Айта кетейік, 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік білім грантының қаражаты студенттің есепшотына түсуі тиістігін айтқан болатын.