Электронды темекі ермек пе, сән бе?

Электронды темекі ермек пе, сән бе?

Электронды темекі  ермек пе, сән бе?
ашық дереккөзі
Қараша айының үшінші бейсенбісі – халықаралық темекі шегуден бас тарту күні. Айтулы дата 1977 жылдан бері аталып өтіп келе жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 миллиардтан астам адам шылым шегеді. Олар жылына 5,7 млрд дана темекі өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Ал қазір электронды темекіні тұтыну жастар мен жасөспірімдер арасында ерекше қарқын алып барады. Қоғам белсенділері электронды темекілердің адам ағзасына тигізетін кері әсері әлі толық зерттелмегенін айтады. IQOS ағылшын тілінен қазақшаға аударғанда «мен темекіні тастаймын» деген ма­ғына береді. Бұл – батареямен қуатталатын темекі өнімдерін қыздыратын құрылғы. IQOS өндірушілер жоғары температурада зиянды түтін емес, бу шығады деп сендіреді. Бұл технологияны темекі нарығына ену үшін сәтті ойлап тапқан қадам деуге бола­ды. Қазір жастар арасында темекіні осын­дай қыздыру әдісімен шегу сәнге айналған. Электронды темекі өндірушілер өз өнім­дерінің адам ағзасына зиянсыз екендігіне сендіре түсетін жарнаманың артуына бай­ланысты олардың танымалдығы артып, тұтынушылар көбейіп отыр. Ал Қырым Фе­дералды университеті ғалымдары элект­ронд­ы темекіден немесе вейптерден шыға­тын бу өкпе тінін бұзатынын дәлел­деді. Тіпті, никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде вейп сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған электронды темекінің зияны аз деген пікірді жоққа шығарады. Никотиннің адам өміріне қаупі туралы ақпаратты тарату ешқашан тоқтаған емес, алайда одан темекі шегушілер саны азаймай отыр. Дәл қазір электронды темекі шығаратындардың дәуірі жүріп тұр. 2005 жылы әлемде тек бір ғана зауыт болса, бүгінде олардың саны 460-тан асқан. Қазақстанда 2019 жылы жүргізілген «Гадс» зерттеу нәтижесі бойынша ер-азаматтар арасында темекі қолдану азайса, әйелдер мен жасөспірімдер арасында темекі қолдану көбейгенін көрсетеді. Еліміздегі әрбір бесінші жеткіншек электронды темекінің дәмін татқан. Ал тұрақты түрде тартып жүргендердің саны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі осындай дерек келтіреді. Алайда бұл бағытта нақты статистиканы жүргізудің мүмкіндігі жоқ екенін мойындап отыр. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап, кез келген сауда орнына бұл тауарды сөрелерге ашық қойып, саудалауға заңнамалық негізде тыйым салынды. Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса, 180 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Қазір дүкендерге кірсеңіз, шылымның кез келген түрі жарнамаланбайды, өнім түгел жабық тұр. Бірақ электронды темекіге келгенде аталған талап жүрмейтіні байқалады. Электронды және бір реттік темекіге әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған. Өкінішке қарай, бұл тізімде Қазақстан жоқ. Аталған мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Соңғы статистикалық дерек: жер шарында 13-15 жастағы 44 миллион жасөспірім темекіге тәуелді. Бір ескерер жайт, бұл тек классикалық темекіні тұтынып жүрген жасөспірімдердің саны. Халықаралық ұйым вейп сияқты заманауи өнімдерді тұтынатын балалардың қарасы бұл зерттеудің сыртында қалып отырғанын айтады. Сонымен қатар электронды темекіні жарнамалау үшін ірі өндірушілер әлеуметтік желіні, танымал адамдарды пайдалана бастаған. Жастарды еліктіру үшін шылымның 15 мыңнан аса дәмін ойлап тапқан. Ұлыбританиялық денсаулық сақтау қайырымдылық ұйымы таяуда шылым шегушілерді тексергенде елдегі түтінсіз темекі тартушылар екі есе көбейгенін анықтаған. Электронды шылым шегушілер 2010 жылы 9 пайыз болса, 2012 жылы 22 пайызға жеткен. Темекінің жаңа түрін қолданушылардың барлығына жуығы – бұған дейін де шылым шеккен адамдар. Олардың 40 пайызы «электрондық темекі шексек, шылымның залалды әсерінен құтыламыз» деп үміттенген. Лондондағы шылымның денсаулыққа әсерін зерттейтін орталық мамандарының айтуынша, электронды темекінің құрамында никотин ғана бар. Түтінсіз темекінің иісін шығару үшін құрамына тағы не қосқаны да жете тексерілмеген. Көптеген елде мұндай мәселені реттеп отыратын арнайы үкімет комиссиясы электрондық темекінің түрлерін қалай классификациялап, оларды стандарттық сапаға қалай келтіреміз деп ақылдасып жатыр. Азиза РАМАНҚҰЛ, пульмонолог дәрігер:

Электронды темекіге құмарлық – психологиялық тәуелділік белгісі

– Қазір электронды темекілер жастар арасында сәнде. Қалада қарасаңыз vape shop атты дүкендердің санының көбейіп жатқанын байқауға болады. Жалпы vape дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағынаны білдіреді. Құрамында глирецин, пропиленгликоль, ароматты қоспалар бар. Бұл қоспалар вэйп апараты ысыған кезде реакцияға түсіп, адамның денесінде зиянды 31 қосынды түзіледі. Ең қауіптісі диацетил деп аталады. Диацетил вэйпті қолданатын адамдардың 75 пайызының жағдайында облитерациялық бронхиолит, қалыпты өкпе тінінің дәнекер тінмен орын басуы секілді өзгерістерге ұшыратады. Не себепті жастардың арасында электронды темекіні көп пайдаланып жатыр? Себебі бағасы қолжетімді, қалада кез келген жерден алуға болады, сатып алуға заңмен шектеу жоқ. Жастардың ойынша қолында вэйпті буландырып тұрса, ол өзін сәнді сезінеді. Бұл да психикалық тәуелділік деп ойлаймын. Қазір нақты вэйп қолданғаннан кейін тыныс алуым өзгерді деген шағыммен келген науқастар жоқ, алайда жалпы кейбір тыныс алу жолдарының симптомдарының басым болуына, инфекциядан кейін дамыған болар деген күдікпен шағымданып келіп жатқан науқастар бар. Әрбір адамның денсаулығы – үлкен бақыт. Қолда бар алтынның қадірін біліп жүрген абзал.

Сандуғаш МАРАЛБАЙ