Жаңалықтар

Гүлжан Қарағұсова көшбасшылық дәріс оқыды

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор, белгілі экономист Гүлжан Қарағұсова «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасы» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

 

Жиынды білім ордасының академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Фатима Жақыпова ашып, қарашаңырақ түлектерінің үкіметте, мемлекеттік органдарда, ел экономикасының түрлі салаларында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның жарқын өкілі ретінде Гүлжан Жанпейісқызын таныстырып, жемісті қызмет жолына шолу жасады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына тікелей атсалысқан тұлғаның ел экономикасына қосқан елеулі үлесіне ерекше тоқталды.

Спикер өз кезегінде үлкен ҚазҰУ ұжымында ұзақ жылдар еңбек еткенін тілге тиек етті. Оқуды бітірген соң, Саяси экономика кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарып, кейін Экономикалық теория негіздері кафедрасының профессоры болған кездерді еске алды. Көрнекті қайраткер ҚазҰУ берген білімнің көптеген мүмкіндіктерге жол ашқанын айтып, ел игілігі жолындағы аса жауапты қызметтерді абыроймен атқаруға да негіз болғанын жеткізді. Терең білім мен тәлімді тәрбиені ұштастыра білген ұлағатты ұстаздар еңбегіне бас иді.

Гүлжан Қарағұсова 1994 жылдан ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президентінің Экономикалық кеңесшілер кеңесінің басшысы, Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV, V, VI сайланымдарының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде жауапты қызметтер атқарды.

Ол – «Налоги: сущность и практика использования» (1994); «Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане» (1996, в соавт.); «Что нужно знать о ценных бумагах: вопросы и ответы» (1996) кітаптарының авторы.

Экономист-ғалым дәрісте тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзі куә болған тарихи оқиғаларды баяндады. Нарықтық экономика құрудың алғашқы қадамдары, бағалы қағаздар әлемінің өзгерістері, салық саясаты, мемлекеттің заңдық негізін құру барысы жөнінде мол мағлұмат берді. Болашақ мамандарға, ең алдымен, мәселені сыни тұрғыдан талдаудың маңыздылығын тәптіштеді. Дұрыс әрі көп сұрақ қоя білу ізденіске, шешімге әкелетінін нұсқады.

Мемлекеттік тағдырлы шешімдер мен құжаттарды қабылдау барысындағы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі мен батылдығын жастарға үлгі етті. Елбасының тамаша есте сақтау қабілеті және әрқашан үйренуге ашық адамгершілік, көшбасшылық қасиеттерінің ерен бастамаларға жол ашқанын атап көрсетті.

 

«Негізі жоспарлау болып табылатын әлеуметтік аспектісі бар экономиканың болашағы зор. Ол әрбір жеке азаматтың жағдайын қамтамасыз етеді. Ал әрбір азамат – біздің мемлекетіміздің мүшесі», – деп, мемлекет ісінде жоспарлаудың артықшылығына назар аударды.

Сөз соңында профессор университетте біліммен қатар, жақсы тәрбие берудің өзектілігіне оралды. Қазіргі заман жастар үшін адами, отбасылық құндылықтарды ішкі тірек еткен адам болып қалу міндеті тұрғанын баса айтты.

Сондай-ақ кездесуде қатысушылар әлеуметтік саясат, пандемиядан кейінгі әлемдік экономикалық жағдай төңірегінде сұрақтар қойып, пікір алмасты.

 

whatsapp image 2021 11 19 at 10.46.13 1

Іс-шара соңында оқу орнының проректоры Фатима Жақыпова университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен қадірменді қонаққа ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби» Алтын медалін табыстады. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» ғылыми атағын ұсынып, мол тәжірибесі және білімімен бөліскені үшін алғыс білдірді.

Back to top button