Жаңалықтар

19 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

2006 жылы 19-21 қарашада Кувейтте жоғары білім мәселелеріне арналған Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) жанындағы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) ІІІ сессиясы өтті.

Оған 56 мұсылман мемлекетінің өкілдері қатысты. Жиналыс мақсаты – оларды әлемдегі неғұрлым атақты ЖОО тізіміне енгізу мақсатымен ИКҰ-ға мүше елдердің үздік 20 университетін анықтау. Үздік оқу орындары қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де енді.

2010 жылы Немат Келімбетовтің неміс тіліне аударылған «Үміт үзгім келмейді» атты романы Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапатына ие болды. Туынды қытай және түрік тілдеріне де аударылды.

2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып университет инфрақұрылымы деректерін (data center) өңдейтін және сақтайтын орталықты іске қосты.

2012 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық студенттік кеңес құрылды.

2014 жылы Мадридте ГУЛАГ жүйесінің лагерінде жазасын өтеген испандықтар туралы «Olvidados de Karaganda» деректі фильмі көрсетілді.

2015 жылы елорданың «Астана» халықаралық әуежайында тұңғыш бизнес-авиация терминалының ашылу рәсімі өтті. Үш мың шаршы метрге жуық алаңда орналасқан жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Терминал ғимаратында конференц-зал, келіссөздер өткізуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, 30 орындық көлік тұрағы бар. Бизнес-авиация терминалында чартерлік рейстерге қызмет көрсетіледі.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет Одивелаше (Португалия) қаласында өткен парадзюдо бойынша Әлем чемпионатында алтын медаль алды. Алтыннан алқа таққан Олжас Оразалыұлы. Чемпионатқа әлемнің 42 елінен 267 дзюдошы қатысты.

2019 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) Монако қаласындағы штаб-пәтерде өткен отырысында Азия жеңіл атлетика қауымдастығы спортшылары комиссиясының мүшелігіне қабылданды.

Back to top button