«Күйеуіме пышақ сұғып алдым»: кісі өлімі үшін 8 жылға сотталған әйелдің шындығы

«Күйеуіме пышақ сұғып алдым»: кісі өлімі үшін 8 жылға сотталған әйелдің шындығы

«Күйеуіме пышақ сұғып алдым»: кісі өлімі үшін 8 жылға сотталған әйелдің шындығы
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесіндегі әйелдердің басым бөлігі адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр, –деп жазды ҚазАқпарат. СҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқандардың әр бесіншісі адам өлтірген. Сондай-ақ негізінен алаяқтық, қарақшылық, есірткі тарату және ұрлық үшін сотталады. Дарья есімді әйел күйеуімен 30 жыл тұрған. Бірде үйдегі кезекті ұрыс-жанжалдың соңы төбелеске ұласып, Дарья ас бөлмесіндегі пышақты күйеуінің бүйіріне сұғып алады. Алған жарақаттан ер адам сол жерде қаза тапқан. Сотта Дарья өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Өлтіретін ойы болмағанын айтты. Күйеуімен 30 жыл бір шаңырақ астында тұрғанын, жанжалға қаза тапқанның қызғанышы себеп болғанын жеткізді. Оқиға болар күні кешке олар қайтадан ұрсысқан. Ал түнде ер адам әйеліне көңілдесімен ұстап алған жағдайда оны өлтіретінін айтқан. Таңертең жанжал жалғасып, арты төбелеске ұласқан. Зардап шегуші ас бөлмесіне барып, пышақтар салынған шкафқа ұмтылған. Артынан ілесе барған әйелі үстел үстінде тұрған пышақты алып үлгеріп, оның бүйіріне сұғып алған. Күйеуі өлгеннен кейін ұлына телефон шалып, көршісіне барып учаскелік инспекторды шақырған. Сотта Дарья Николайды өлтіргісі келмегенін, өзін қорғамақ болғанын айтты. «Біз онымен 30 жыл тұрдық. Ішімдікке құмар болды. Қаншама рет ішпе, зиян деп айттым. Бірақ оның бәрі құр бекер болды. Бұл оқиға менің туған күнімде болды. Бәрі қас-қағым сәтте болды, өзім де түсінбей қалдым. Бірден ұлыма, учаскелік инспекторға және жедел жәрдем қызметіне телефон шалдым. Алайда жедел жәрдем кешігіп жетті. Соңғы айларда онымен бірге тұру адам төзгісіз болды. Ол сөзбен қағытып, үнемі қорлық көрсетті. Қызғанышы бірінші орында тұрды. Көшеге шығып, жұртпен сөйлесуден қалдым. Шыдамым шегіне жетті. Ол өзінің қызғанышымен мені осындай жағдайға жеткізді. Қазір неге мен онымен соншама жыл тұрдым деп ойлаймын. Өмірді көрген жоқпын, ал өмір өте шықты. Өмірім қорқынышпен өтті. Өйткені ол мені тастап кетсең өлтіремін, басқамен тұрмайсың деді. Қызғанышқа себеп берген жоқпын. Оның зорлық-зомбылығына төзбеуім керек еді, сонда бәрі басқаша болар ма еді», - дейді сотталған Дарья. Дарьяның жазасын өтеп жатқанына биыл төртінші жыл. «Түскен кезде тұйықталып, өзі, отбасы жайында айтқысы келмейтін. Бойын қорқыныш билеп, мазасыз күй кешті. Алайда психологтың міндеті жазасын өтеушіге өткенді ой елегінен өткізіп, әрі қарай өмір сүруге деген құлшынысын ояту. Жұмысымыз өз нәтижесін берді. Қазір оның көңіл-күйі жақсы, болашаққа құрған жоспарлары бар. Балаларымен байланысты үзген жоқ», - дейді ЕС-164/6 мекемесінің психологы Гүлжан Сексембаева. Дарьяны бостандықта анасы, балалары, немерелері асыға күтіп отыр. «Менің кінәм бар, одан бас тартпаймын. Мені «қастықпен әдейі өлтіру» бабы бойынша 8 жылға соттады. Оның жартысын өтедім. Туған-туыстарыммен Skype және телефон арқылы хабарласып тұрамын, кездесуге келеді. Олардың барлығы мені жақсы көреді және босап шығуымды күтіп жүр», - дейді жазасын өтеуші Дарья.