Жаңалықтар

Қызылордада Қорқыт Ата әуежайы кеңейтіліп, жаңа терминал салынады

Қызылордада Қорқыт Ата әуежайына жаңа терминал салынады. Бұл мақсатта Қызылорда облысының әкімдігі Болат Өтемұратов қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісімнің мақсаты – заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, жолаушылар ағымын өткізу қабілетін кеңейтетін жаңа заманауи әуежай терминалының құрылысы.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құрылысы аяқталғаннан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алатынын айтты, бұл жолаушылар ағымын екі есе арттырады.

Қор жобаны толығымен қаржыландыруды көздеп отыр. 2022 жылы құрылысы басталады деп жоспарланған жаңа терминал 3,9 гектар аумақта орналасады. Құрылыс аяқталған соң терминал Қызылорда облысы әкімдігінің басқаруына беріледі.

Аймақ басшысының айтуынша, әуежайды кеңейту – көптен бері талқыланып келе жатқан өзекті мәселе.

«Жаңа әуежай құрылысының құны жоғары. Сондықтан біз қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, жаңа терминал салу – ең қолайлы шешім болады деп санаймыз. Меморандум аясындағы Болат Өтемұратов Қорының қаржылық қолдауы бұл стратегиялық маңызды жобаны тез әрі уақтылы жүзеге асыруға көмектеседі», – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әуежайды «Ашық аспан» режиміне қосу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Биылғы желтоқсан айынан бастап «NordwindAirlines» Авиакомпаниясы тарапынан «Санкт-Петербург – Қызылорда – Санкт-Петербург» бағыты бойынша аптасына 1 рейс ашады деп жоспарлануда.

Back to top button