Головкиннің промоутері Муратамен болатын айқасы туралы сұхбат берді

Головкиннің промоутері Муратамен болатын айқасы туралы сұхбат берді

Головкиннің промоутері Муратамен болатын айқасы туралы сұхбат берді
ашық дереккөзі
IBF/IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер Zanfer Boxing-қа сұхбат берді. Онда ол GGG-дің WBA Super нұсқасы бойынша осы санаттағы титул иесі Риота Муратамен алдағы жекпе-жегі, сондай-ақ қазақстандық боксшының болашағы туралы айтып берді, – деп жазды Sports.kz. Головкин мен Муратаның IBF, IBO және WBA Super титулдары үшін жекпе-жегі Сайтамада (Жапония) 29 желтоқсанда өтеді. Леффлер GGG жеңіске жетсе, дивизион титулдары үшін күреске қайта кірісетініне үмітті. «Головкин мен Муратаның жұдырықтасуы – бұл тамаша. Геннадий бүкіл әлемде жұдырықтасқан, ендігі айқасын Жапонияда өткізуді армандаған. Мохаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мэйвезер және бокс тарихындағы өзге де есімдер бұл елде жекпе-жектер өткізді. Геннадий осыны тағатсыздана күтуде. Ал Муратамен жекпе-жек тамаша оқиға болмақ», – дейді промоутер. Ал журналистің «бұл Головкиннің мансабындағы маңызды айқастардың бірі ме» деген сұрағына: «Иә, әрине. Біз «Канеломен» жекпе-жектерде әлі де Геннадий жеңді деп санаймыз, бірақ екінші жекпе-жекте титулдан айырылған соң ол IBF белдігін қайтарып алды, енді WBA титулы үшін күреседі. Тағы бір күні ол WBC титулына таласатындығына үміттенемін», – деп жауап берді Том Леффлер. Еске сала кетсек, WBC нұсқасы бойынша орта дивизиондағы әлем чемпионы титулы қазіргі кезде американдық боксшы Джермалл Чарлоның иелігінде.