Тәуелсіздік таланттары

Тәуелсіздік таланттары

Тәуелсіздік таланттары
ашық дереккөзі

Әр халықтың даму дәуірінің бастауы бо­лады десек, Қазақстан халқы үшін ХХ ға­сырдың соңында қол жеткізген тәуел­сіздік шын мәнінде әлемдік биіктерге қол созуға даңғыл жол ашып берген мүм­кіндіктер эрасы болды. Барлық са­лада елімізден шыққан таланттар жар­қырап көріне бастады. Ең бастысы, олар Қазақстан деген мемлекеттің атынан шығып, мерейін асқақтатты және өз­дерін де танытып, әлемнің назарына ілін­ді. Бұл Қазақстан деп аталатын, та­нылуы енді басталса да, тарихи тамыры терең елдің интеллектуалдық әлеуетін паш еткен кезең еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде ел та­ланттары спортта, музыкада т.б. са­лаларда өздерін танытып келеді.

Үлкен спорттағы Қазақстан жастары

Әлемдік додаларда, оның ішінде спорт­та Қа­­­зақстанның көк байрағының жел­біреуі 1994 жылдың қысқы олимпиа­да­сы­нан бас­та­­лады. Осы жылы өткен XVII қыс­қы Оли­м­пиа­да ойындарына Қазақстан алғаш рет жеке мем­лекет ретінде қатысып, бір алтын, екі күміс медаль алуға қол жеткізді. Мі­не, содан бері Қазақстан үлкен әлемдік до­даларда, оның ішінде жазғы олимпиада ойындарында тұ­ғырдың ең биігіне көтеріліп, еліміздің Туын биік көтеріп, Әнұранын шырқатып келеді. Қазақ ұлтының өкілдері Олимпиада ойын­дарында алғашқы алтындарын во­лей­бол мен күресте алса да, тәуелсіздіктен бергі жерде негізгі жетістігіміз бокста болып тұр. Оның себебі 1963 жылы өткен GANEFO (Жаңа дамушы күштердің ойындары) ойын­дарында топ жарған атақты былғары қолғап шебері Әбдісалан Нұрмаханов пен 1980 жылы Мәскеу олимпиадасының финалында жарқырай көрінген даңқты боксшы Серік Қонақбаевтардың әсерінен болса керек. Се­бебі осы спортшылардан кейін елімізде бокс нө­мірі бірінші спорт түріне айналды. Со­лайша 1996 жылдан бері қарай (соңғы Токио олимпиадасын қоспағанда) қазақстандық боксшылар олимпиадада алтын алумен келеді. Василий Жиров (1996), Бекзат Сат­тар­ханов, Ермахан Ыбырайымов (2000), Бақтияр Артаев (2004), Бақыт Сәрсекбаев (2008), Серік Сәпиев (2012), Данияр Елеусінов (2016) се­кілді боксшылар олимпиада чемпионы бол­ды және үшеуі (Жиров, Артаев, Сәпиев) үздік боксшыларға берілетін Вэл Баркер кубо­гы­ның иесі атанды. Айта кету керек, 70 жылға жуық уақыт бойы беріліп келе жатқан шебер боксшыға берілетін бұл кубокты иеленген­дер­дің ішінде Қазақстан АҚШ-тан кейінгі орында тұр. Қазақстан тәуелсіздігінің спортшы­лары­мыз үшін берген мүмкіндігінің бірі − кәсіпқой спортпен айналысу. Бүгінде бұл салада еліміздің жас спортшылары көп­теген жетістіктерге жетіп жүр. Солардың ара­сында қазіргі кәсіпқой бокста әлемге таны­мал спортшылардың бірі − Геннадий Головкин. Шаршы алаңға ең алғашқы рет 11 жа­сында шыққан Қарағандының тумасы одан беріде таңғаларлық жетістік­терге жетті. Әуесқой бокста 2000 жылы Буда­пештте жасөспірімдер арасында, 2001 жылы Шығыс Азия ойындарында, 2002 жылы Пу­сандағы Азия ойындарында, 2003 жылы Бангкокте өткен әлем чемпионатында, 2004 жылы Пуэрто-Принсеседегі Азия чемпиона­тын­да алтыннан алқа тақты. 2004 жылғы Афина олимпиадасына 75 келі салмақта өнер көрсеткен Головкин финалда төрешілердің шешімімен ресейлік Гайдарбек Гайдар­беков­тен ұтылды деп танылды. Осыдан кейін Г.Го­ловкин кәсіпқой боксқа ауысты. Гер­манияда Universum промоутерлік ком­па­ния­сымен келісімшартқа отырған қазақстандық боксшы шаршы алаңда өзін мықты, ерекше боксшы екенін танытты. 2006 жылы кәсіпқой рингте 8 жекпе-жек­ті уақытынан бұрын жеңіспен аяқтаған Го­ловкин 2007 жылы француз Мехди Буадланы, 2008 жылдың сәуірінде канадалық Иан Гаднерді, 2008 жылы белорустық Малик Диар­раны жеңді. 2009 жылы континен­тара­лық WBO чемпионы атағы үшін бразилиялық Джона Андерсона Карвальомен шаршы алаң­да қолғап түйістіріп, оны екінші раундта но­каутқа жіберді, сондай-ақ Михаил Ма­каров­ты екінші раундта үш рет нокдаунға түсіріп, уақытынан бұрын жеңісін тойлады. Бұл кезде Головкин 3 жарым жылда 17 жекпе-жек өткізіп, оның 14-ін уақытынан бұрын аяқтаған еді. 2010 жылы Головкин ағайынды Кличко­лар­дың K2 Promotions промоутерлік компа­ниясымен келісімшартқа отырды және сол жылдың тамызында WBA версиясының уа­қыт­ша чемпиондығы үшін колумбиялық Милтоном Нуньеспен шаршы алаңға шығып, оны бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Ара­дан төрт ай өткенде тұрақты WBA әлем чем­пионы атағы панамалық Нильсон Хулио Та­пиамен ринге шығып, оны үшінші раундта нокаутпен жеңді. 2011 жылы Кассим Оум мен Лахуан Саймонды нокаутқа түсіріп, чемпион­дық атағын екі рет қорғады. Саймонмен жек­пе-жекте Головкин де IBO тұжырымы бойын­ша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2012 жылы чемпиондық атағын үшінші рет қорғау кезінде жапондық Макотто Фучига­ми­ниді үшінші раундта сұлатып салды. Бұдан кейін Г.Головкиннің АҚШ-тағы даңқ­ты жолы басталды. 2012 жылы 1 қыр­күйекте Геннадий америкалық HBO арна­сында дебют жасап, поляк Гжегож Прок­саны 5-раундта нокаутпен жеңді. 2012 жыл­дың қараша айының соңында WBA супер чемпионы Дэниел Гил Геннадий Головкинмен кездесуден бас тартқаны үшін титулынан айырылды, ал Геннадий WBA тұжырымы бойын­ша чемпион атанды. Одан кейін 2013 жыл­дың 13 қаңтарында америкалық Габирэл Роосадоны, 30 наурызында жапондық Но­бухиро Исиданы, 29 маусымда британдық Мэт­тью Маклинді, 2 қарашада америкалық Кёр­тис Стивенсті (соңғысынан басқасын но­каутпен) жеңіп, Головкин сол жылы сал­мағына қарамай жылдың үздік боксшысы атан­ды. Сондай-ақ бұдан кейінгі уақыттарда гана­лық Осуману Адаманы (1.02.2014), авст­ра­лиялық Дэниял Гилді (26.06.2014), мек­си­калық Марко Антонио Рубионы (18.10.2014), бри­­­­тандық Мартин Мюррейді (21.02.2015), аме­рикалық кіші Вилли Монроны (16.05.2015) ізді-ізінен жеңіп шықты. Сөйтіп Головкин 2010 жылы иеленген WBA тұжыры­мы бойынша әлем чемпионы атағын 13 рет сәтті қорғады. 2015 жылдың 17 қазанында Головкин мен IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы канадалық Давид Лемье арасында біріктірілген жекпе-жек өтіп, жерлесіміз тағы бір чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Ал 2016 жылдың 23 сәуірінде Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы титу­лы­на міндетті үміткер болған америкалық боксшы Доминик Уэйдті 2-раундта нокаутқа түсірсе, 2016 жылдың 18 мамырында Голов­кин­мен жекпе-жекке шыққысы келмеген мек­сикалық Сауль Альварес WBC тұжырымы бойынша әлем титулынан бас тартып, Голов­кин осы нұсқа бойынша да чемпион ата­ғына ие болды. Одан соң британдық Келл Брукты (10.09.2016), АҚШ-тық Дэниел Джейкобсты (18.03.2017) жеңген Геннадий Головкин 2017 жылдың 16 қыркүйегінде мексикалық Сауль Альвареспен алғашқы жекпе-жегін өткізіп, судиялар екеуіне тең ұпай берді. Боксшылар жекпе-жектен соң екеуі де реваншқа келісім берді. Одан соң америкалық Ванес Мар­ти­ро­сян­ды нокаутпен жеңген (05.05.2018) Голов­кин 2018 жылдың 15 қыркүйегінде Саул Ка­нелло Альвареспен екінші жекпе-жегін өт­кізді, өкінішке қарай судьялар жеңісті Альвареске беріп, жерлесіміз барлық бел­беуінен айырылып қалды. Дегенмен одан бері де Головкин канадалық Стивом Роллсты (08.06.2019), ресейлік Сергей Деревянченконы (05.10.2019) жеңіп орта салмақтағы IBFжәне IBO тұжырымдары бойынша чемпион болды. Ал 2020 жылдың 19 желтоқсанында польша­лық Камил Шереметомен жекпе жек өтікізіп чемпиондық атағын 21 рет қорғаған боксшы ретінде бұл бойынша рекорд жасады. Қазір кә­сі­би бокста 41 кездесу өткізіп соның 36-сын­да нокаутпен жеңген (бір тең, бір жеңілісі бар) IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеу иесі Г.Головкин осы жылдың 29 желтоқсанында Жапониядан сол елдің спортшысы, кәсіпқой бокста 16 кездесу өткізіп, соның 13-інде нокаутпен жеңіс­ке жеткен Риото Муратамен шаршы алаң­ға шығуға дайындық үстінде. Солайша, рингке шыққанда үстінен қазақы шапанын тастамайтын Генна­дий Головкин тәуелсіздік дәуірінде еліміздің атын шығарған, күллі әлемге танытқан даңқты спортшыға айналды. Бүгінде соның әсерімен кәсіби бокс рингіне шығып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген боксшыларымыз көп. Марат Мәзімбаев, Бейбіт Шүменов, Қа­нат Ислам, Батыр Жүкембаев, Жанқош Тұра­ров, Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ах­метов, Данияр Елеусінов, Иван Дычко секілді спортшыларымыз кәсіпқой бокс алаңында өздерін танытып жатыр. Сол сияқты ережесіз жекпе-жек кәсіби спортында ағайынды Ардақ, Бейбіт Назаровтар, Қуат Хамитов, Ар­ман Оспанов, Арман Әшімов секілді жігіттер танылса, АҚШ-тағы ең беделді аралас жекпе-жек ұйымы UFC алаңында өздерін танытып жүрген Шавкат Рахманов пен Жалғас Жұ­мағұлов­тар алғашқы жеңістеріне қол жет­кізіп, елді танытып жатыр. Бізде бұрын спортшыларымыз нәтиже көрсете алмаған кейбір спорт түрлері тәуелсіздіктен кейін дамыды деп айтуға бо­лады. Мәселен, мәнерлеп сырғанау. Спорттың бұл түрінен бізде алғаш рет халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен даңқты спортшы Денис Тен (1993-2018) болды. Қыс­қа ғұмырында жасындай жарқ етіп көрінген Денис Тен халықаралық аренада мәнерлеп сыр­ғанаудан Қазақстанды жай таныстырып қана қоймай, үлкен жетістіктерге жетті. Жеке сыр­ғанауда 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы олим­пиада ойындарында қола, мәнерлеп сыр­ғанаудан 2013 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында күміс, 2015 жылы Шанхайда өткен әлем чемпионатында қола медаль иесі атанса, 2015 жылы Сеулде өткен төрт құрлық чемпионаты мен 2017 жылы Алматыда өткен 28-универсиадада алтын, сондай-ақ 2011 жылы Астана мен Алматыда өт­кен 7-қысқы Азия ойындарында алтыннан ал­қа тағып, таланты әлемнің назарына ілін­ген спортшыға айналған еді... Денис Теннен кейін мәнерлеп сыр­ға­науда жарқ етіп көрініп даңққа бө­лен­ген қазақ қызы Элизабет Тұрсынбаева бол­ды. 2000 жылдың 14 ақпанында Мәскеуде Байтақ Тұрсынбаев пен Падишахан Сұлта­на­лиеваның отбасында дүниеге келген Элиза­бетті ата-анасы ағасы Тимурмен бірге жас кезінен спортқа баулыған-ды. Алғашқы ірі жеңісі − 2011 жылы Германияның Дортмунд қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық турнирде 12 елден келген 46 спортшымен бәсекеге түсіп, қола жүлдеге ие болып, жасөспірімдердің 2013-2014 жылғы маусымға арналған әлемдік Гран-Приінің бес кезеңінің қорытындысы бойынша алғашқы үштіктің құрамына енуі болды. 2013 жылы Элизабет Мәскеу қаласы бірін­шілігінде алтын медаль алған соң ата-ана­сы ойласа келе, қыздарын бұдан былай жа­рысқа Қазақстан атынан қатыстыруға ше­шім қабылдайды. Сөйтіп әкесінің туған елі, атамекені атынан әлемдік жарыстарға қатыс­қан Элизабет Тұрсынбаева көптеген жетіс­тік­­­терге жетті. 2018 жылы Финляндияның Эспоо қала­сында өткен Finlandia Trophy Espoo халық­ара­лық турнирінде екінші орын алды. Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы Төрт құрлық чемпионаты 2019 жыл­дың 5-10 ақпаны аралығында Анахайм­да­ғы (АҚШ) Honda Center аренасында өтті. Аме­рика, Азия, Африка және Океания елде­рінің конькишілері ерлер мен әйелдер ара­сындағы жекелей, жұптық коньки тебу және мұзда би билеу бойынша жеңімпаздарды анық­тады. Осында жеке мәнерлеп сырғанау бойынша Элизабет Тұрсынбаева күміс ме­дальдің иегері болса, 2019 жылғы 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында универсиадада жеке сырғанаудан тағы да күміс алқа тақты. Элизабет Тұрсынбаеваның ең үлкен жетістігі – 2019 жылдың 18-24 наурыз аралығында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында әлемдік даңқа бөленуі. Сол жарыста ересектер арасында тұңғыш рет төрттік сальхов қимылын орындап ерекше өнер көрсеткен қазақ қызының бұл жетістігін әлемдік спорт тарихына алтын әріппен жа­зылған жетістік болды. Үлкен спорт маман­дары «Мәңгілікке секіру» деп бағалаған бұл рекорд арқылы Элизабет Қазақстанды мә­нерлеп сырғанау спорты дамыған елдердің қатарына қосты. Сөйтіп бұл спорт түрінен Қа­зақстан жүлделі орын алған әлемдегі сегіз мемлекеттің біріне айналды. Спорт дегенде шахмат секілді ақыл-ой спор­ты да Қазақстан тәуелсіздік ал­ған­нан бергі жерде қарыштап дамыды десе бо­лады. Мәселен, елорда тумасы Дәрмен Сәдуақасов тәуелсіздік жылдарында шах­мат­та еліміздің атын шығарған ойыншы болды десек, артық айтпаспыз. Шахматтан 20 жасқа дейін­гі жасөспірімдер арасында чемпион бо­лып, халықаралық гроссмейстер дәреже­сіне ие болды. АҚШ, Индонезия, Югославия, Испания, Латвия, Дания, Украина т.б. елдерде өткен турнирлердің жеңімпазы, бес рет (2001, 2003, 2004, 2006, 2007) Қазақстан чем­пионы атанған. Халықаралық дәрежедегі же­тіс­тіктерін айтар болсақ, 2003 жылы атақ­ты КСРО және Виктор Корчнойды 5-3 ес­е­бімен, 2004 жылы шахматтан әлемнің экс-чемпионы Анатолием Карповты 4,5-3,5 есе­бі­мен ұтты. 2011 жылдан бері ҚР Шахмат фе­дерациясының вице-президенті ретінде елімізде шахматты дамытуға зор үлес қосып келеді. Кейінгі дәуірде қазақ қыздарының арасында мықты шахматшы қыздар кө­бейіп келеді. Олардың арасында, әрине, Жансая Әбдімәліктің аты ерекше танымал. Алғаш рет 8 жасында шахматтан Алматы қала­сының чемпионы болған қыз 2010 жылы Түркияда өз қатарларының арасында чем­пион атанды. 2011 жылы Польшада оқу­шы­лар арасындағы ең күшті шахматшы ретінде «Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) шебері» атағын алды. Осы секілді көптеген жетістіктердің иесі Жансая Әбдімәлікке 2017 жылдың наурыз айында ФИДЕ президенттік кеңесі ерлер халық­аралық шахмат шебері атағын беріп, ол бұл атаққа қол жеткізген Қазақстандағы бірінші шахматшы қыз болды. Сол жылдың жазында Жансая бірінші халықаралық гроссмейстер нормасын орындап, күзде Тарвизиода (Ита­лия) өткен жарыста 20 жасқа дейінгі қыздар арасында чемпион болды. 2018 жыл­дың наурызында халықаралық гроссмейс­терінің екінші нормасын орындаса, 2021 жылы Гиб­рал­тарда өткен ФИДЕ-нің әйелдер арасын­дағы Гран-Приін жеңіп алып, Халықаралық гроссмейстер атағына ие болды. Тағы бір даңқты шахматшы қыз Ди­нара Сәдуақасованың да жетістіктері мол. 16 жасында халықаралық гроссмейстер атағын алған ол шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. 2018 жылдың мамырындағы ФИДЕ-нің көрсетуі бойынша ол әлемдік шахматшылардың ТОП-15 рейтингіне кірген. Ал кейінгі кезде әйелдер арасындағы әлемдік шахмат додаларында көрініп жүрген тағы бір талантты шахматшы қыз Бибісара Асаубаева да көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атақ­тары жөнінде айтсақ, Б.Асаубаева − ФИДЕ-нің әйелдер арасындағы шебері (2011), ФИДЕ ерлер арасындағы шебері (2017), ФИДЕ-нің әйелдер арасындағы гроссмейстері (2019). ФИДЕ-нің халықаралық шебері (2020). 4 жасынан бастап шахматпен шұғылданған 17 жастағы қыз үшін бұл үлкен жетістік екені анық. Қазақстанның спортшы жастарының тәуелсіз еліміздің атын шығарудағы ең­бектері орасан зор.

Қазақстанның музыкасында әлемге танылған таланттар көп

Қазақ елі бұрыннан ән мен күйге кенелген ел. Оны халық әндері мен ха­лық композиторларының ғажайып туын­дылары айқын танытады. Сондықтан болар қай заманда да қазақтан мықты әншілер көп шыққан. Дегенмен ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жарқырап көрінген талантты жас­тардың жөні бөлек. Олар қазақ өнерін әлемге паш етіп, керемет танытып жатыр. Бүгінгі қазақ әні дегенде әлемнің есіне бірден Димаш Құдайбергеннің есімі түсері анық. Себебі ол қазір әлемдік ән өне­рін­де дара жанған жарық жұлдыз. Димаштың танымалдылығы сондай, ол туралы қазақ түгілі әлемге бірдеңе деп айтудың өзі артық сияқты. Көптеген конкурстардың лауреты деген атақтың өзі қазір Димаштың брендке айналған атының қасында түк емес. Оның әндерін әлемнің барлық елі тыңдайды, оны даусының өте жоғары диапазоны мен сұлу тембріне таңданбайтын адам жоқ. Оның айтқан әр жаңа әні әлемде қызу қабылданады. Әлемнің барлық жерінде оның өнеріне табынушылар клубы бар. Тіпті, Чили, Польша сияқты елдерде тәулік бойы Димаштың әндерін беріп тұратын арнайы радиолар бар. Оның аты планетааралық ғарыш кемесімен Марсқа жіберілген, оны атына гүлдің жаңа сорты қойылған. Айта берсең оған берілген марапаттар мен сыйлықтар тым көп. Ең бас­тысы не, ең бастысы Димаш әлемге өз ұлтын, ұлтының тілі мен музыкасын бұрын-соңды болмаған дәрежеде танытты. Қайсы елге барса да, табынушылары оны қазақша ән айтып қарсы алады, тіпті кейбір елдерде ол барған кезде әуежайда қазақша хабарлама жа­сап қарсы алады. Бұл тәуелсіз қазақ елі үшін ғаламат жетістік. Осының бәріне себеп­ші болып отырған Димаш феномені еліміз бен ұлтымыздың мерейін көтерер құдірет деп қана тануға болар. Бүгінде Димаштың ізіне еріп шыққан талантты қазақ жастары көп. Халық­аралық ән додаларында топ жарған Әмре, Рухия Байдүкенова, Айри, Дәнелия Төлешова, Ержан Максим секілді әншілерге қарап бүгінгі ән өнерінде Димаш көтеріп кеткен деңгейді көре аламыз. Тәуелсіздік дәуірі кезінде шыққан еліміздің жастары арасында талантты композиторлар бар. Соның ең көрнектісі − Рахат-би Әбдісағин. Осыдан 22 жыл бұрын Алматыда туған музыка әлемінің вундеркинді таңғажайып талантқа ие қазақ баласы. Пиа­нист, музыкант, композитор. Қазақ, орыс, ағыл­шын, итальян, испан тілдерін меңгерген. 10 жасында музыка жаза бастаған ол көптеген беделді халықаралық байқаудың лауреаты, П.Чайковский атындағы халық­аралық байқау лауреаттары қауымдасты­ғының мүшесі. 14 жасынан бастап Грац қаласындағы (Аустрия) Impuls заманауи музыканың композиторлары мен орын­даушылары халықаралық академиясының тұрақты қатысушысы. International Summer Academy 2015 стипендиаты (Аустрия). Елі­міздің және шетелдің көптеген белгілі ком­позиторларынан дәріс алған ол 2017 жылдың күзінде Италияның екі бірдей жоғары оқу орнының докторантурасына түсіп, Халық­аралық іріктеу қорытындысы бойынша, ол композициядан Санта-Сесилия ұлттық ака­демиясының (Рим, Италия) жоғары оқыту бағдарламасына, аты аңызға айналған ком­позитор Иван Феделенің сыныбына қа­был­данды. Сонымен бірге оқуға қабылдану емти­ханын үздік тапсырып, Чезаре Поллини консерваториясының студенті болды және белгілі маэстро Константин Богиноның фортепиано сыныбына қабылданды. 2018 жылы ол Джузеппе Верди консерватория­сы­ның (Милан, Италия) докторантурасына композициядан жаңа музыка маэстросы Алес­сандро Сольбиатидің сыныбына қабыл­данды. Рахат-Би Әбдісағинның музыкалары Еуропа, Азия, Америка елдерінде де тұрақты орындалып келеді. Оның шығар­маларының әлемдік премьералары Прага, Париж, Лондон, Вена, Лос-Анджелес, Берлин, Бей­жің, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәскеу, Каир, Александрия, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда өткен. Көбіне симфониялық шығармаларындағы негізгі фортепиано партияларын өзі ойнайды. Сондықтан оны шетелдік сыншылар «нағыз қазақ ғажайыбы, қолының күші ерекше, мінезі өр шебер пианиношы» деп бағалайды. Рахат биге әлемнің барлық жерінде құрмет көрсетіліп келеді. Мәселен, ол Ре­сейдің Клин қаласындағы жұмыс каби­нетінде П.Чайковскийдің жеке роялінде ой­нау құрметіне ие болған санаулы өнерпаздың бірі. Ең кереметі, қазақ баласының шығар­малары әлемдік ұлы композиторлар Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі авторларға дейінгі әлемдік классика шедеврлері жи­нас­тырылған Оңтүстік Иллинойс университеті (АҚШ) Discography оркестрінің фортепиа­ноға арналған шығармалардың бүкіләлемдік қорына енген. Рахат-Бидің партитуралары Ресейдің жоғары дәрежелі музыкалық «Ком­позитор» баспасы мен Германия Verlag für Neue Musik Berlin атты танымал баспасында басылып шыққан. Түйіп айтқанда, Рахат-Бидің де шығармашылық жетістігі қазақ өне­рінде бұрын-соңды болмаған мақтаныш. Бүгінгі электронды музыка дамыған заманда оның да тыңдаушылары көп екені анық. Түрлі аспаптардың даусын пай­далана отырып, компьютерлік өңдеу арқылы ремикстер жазатын диджей-музыканттар біздің елімізге жат емес. Солардың арасында бір ғана ремиксімен жарып шығып, күллі әлемге танылған Иманбек Зейкеновтің орны бөлек. Павлодар облысының Ақсу қаласында теміржолшы болып жұмыс істейтін Иманбектің америкалық рэпер Карлос Сент-Джонның (лақап аты Saint Jhn) 2016 жылы шығарған Roses синглына жазған ремиксы қысқа уақыттың ішінде әлемге танымал болып ол YouTube желісінде бірнеше арнаға қойы­лып, алды 200 миллионнан артық көрілім жинады. 2020 жылдың қарашасында Иманбек жасаған Roses ремиксы» АҚШ-тағы ең жоғары дәрежелі музыкалық Грэмми сыйлығына «Үздік ремикс» ретінде ұсыны­лып, 2021 жылдың 14 наурызында сол номи­нация бойынша Иманбек жеңіске жетті. Сөйтіп ол Қазақстан ғана емес, бұрынғы КСРО елдерінен классикалық емес музыка но­минациясы бойынша Грэмми алған алғаш­қы музыкант болды. Бұл да біздің елдің жас­тары үшін өте үлкен жетістіктің бірі болды. Сөзімізді тұжырсақ, тәуелсіздік дәуірінде ел жастарының жеткен жетістіктері біздің таланттарға өте бай екенімізді таныта алды. Талан­ты көп ел − ең мықты ел! Соның алдың­ғы қатарында Қазақстан да бар деп мақта­ныш­пен айтуға болады.