Қазақ көші – Тәуелсіздіктің айрықша жетістігі

Қазақ көші – Тәуелсіздіктің айрықша жетістігі

Қазақ көші – Тәуелсіздіктің айрықша жетістігі
ашық дереккөзі

Қазақ елі Тәуелсіздік алғанының 30 жылдығы қарсаңында осы кезеңде атқарылған істерді ой елегінен өткізіп, оң бағасын беру маңызды. Осындай шаруалардың ішінде ең абыройлы да келелісінің бірі шетте тарыдай шашылған қандастарды тарихи Отанына қайтару болды десе қателеспейміз. Бәлкім, Тәуелсіздіктің берген ерекше жетістігі де қазақтың ата-баба жерінде бас қосуға мүмкіндіктің туындағаны. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен 1991 жылдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінен Алаштың баласы Қазақстанға орала бастады.

Елбасының аталмыш Үндеуін баянды ету мақсатында осыдан дәл 30 жыл бұрын 1991 жылдың 18 қарашасында ол кезде әлі Қазақ ССР Үкіметінің «Қазақ ұлтының өкілдерінің шекарадан өту тәртібі жайлы» №711 қаулысы қабылданды. Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Иммиграция туралы», «Тұрғындардың миграциясы туралы», басқа да заңдарда тиісті мәселелер заман талабына сай жетілдіріліп, нақтылана түсті. Содан бері елімізге сырттан 1,8 миллионға жуық этникалық қазақ оралды – бұл Қазақстан халқының шамамен 10 пайызы. Олардың барлығы мүмкіндігінше қажетті мемлекеттік көмекпен қамтамасыз етілді. Осылайша тарихи әділдіктің орнауына даңғыл жол ашылды. Сонымен қатар қазақтың қайта табысумен байланысты үрдіс еліміздегі өте күрделі демографиялық ахуалды түзетуге, қазақтың санын өсіруге зор әсерін тигізді. Атап айтқанда, 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы қазақтың саны небары 39 пайыз болса, қазірде бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен. Бірақ мәселе санда ғана емес, сапаға да байланысты. Атамекенінен көптеген жылдар бойы сырт жүрсе де, өзінің ұлттық мәдениеті мен болмысын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған қандастарымыздың Қазақстанға оралуымен ұлттық нақыштағы дәстүріміз, өнеріміз, қазақ мәдениетінің кейбір ұмыт бола бастаған тұстары жанданып, толыға түсті. Қазақ тілінің қолданылу аясы да кеңейді. Мұнымен қатар шалғайдан қайтқан бауырлар Қазақстанда ғылым мен білімнің дамуына, экономикалық өркендеуіне, жалпы мемлекеттің нығаюына серпін берді. Қазір Миграция және демография агенттігінің мәліметтері бойынша дүниежүзіндегі қазақ ұлтының өкілдері шамамен 13 миллион адам. Олардың үштен бірі әртүрлі жағдайларға байланысты Қазақстаннан тысқары жерлерде өмір сүріп жатыр. Соның ішінде шамамен 2 миллион қандас тарихи Отанына қайтуды ойлайды. Осындай диаспоралар әлемнің 40 елінде тіркелген. Олардың көпшілігі Қытайда (1,3 миллион), Өзбекстанда — (1 миллион) және Ресейде (900 мың) өмір сүріп жатыр. Әзірше тарихи Отанға қоныс аударушылардың ішінде саны жағынан бірінші орында  Өзбекстаннан келген қандастар болса (60,5%), екінші орында – Монғолияан келгендер (13,3%), үшінші орында – Қытайдан (10,3%), төртінші орында – Түрікменстаннан (7,8%) және бесінші орында  Ресейден келген қазақтар. Сондықтан Үкімет тарапынан Қазақ көшінің толастамауы мақсатында істер жалғасын тауып келеді. Соның ішінде рәсімдеу мен құжаттандыру шарттарын мейлінше жеңілдету, әлеуметтік жәрдем беру, тұрғын үймен қамту, мамандандыру және жұмысқа орналастыру, толып жатқан басқа да мәселелерді оңтайлы шешу қажет.  Мұнымен бірге отандастарды демографиялық азаюшылыққа ұшыраған өңірлерде қоныстандыру мен қазақтандыру саясатын жүргізу – өзекті міндет. Сондықтан елге оралған отандастарымызды бауырмалдылықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңісті болып кетуіне қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Күн тәртібінде тұрған кезекті іс – шетелде қалып отырған Алаш ұрпағымен байланыстарды нығайту ерекше мәнге ие. Бұл тұрғыда да кешенді шаруалар мемлекет тарапынан қабылдануда. Соның ішінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдаламасында «шеттегі қандастардың мәдени, рухани, тілдік, ақпараттық қажеттіліктерін өтеу мақсатында Абай орталықтары ашылады, «Отандастар» қорының, Дүниежүзі қазақтарының қаумыдастығының, сондай-ақ Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарының мүмкіндіктері кеңінен қолданылады» деп көрсетілген. 2021 жылғы мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Миграцияны реттеу бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу жайлы» заңға қол қойды. Оған сәйкес қайтып келген қандастар үшін барынша ыңғайлы жағдай қалыптастыру, оларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу, еңбек миграциясының ұтымды жүйесін құру секілді мәселелер қарастырылған. Әрине, тиісті шешімдерді қабылдау барысында қандастардың өздері алға тартқан ұсыныстар мен уәждер назарға алынып ескерілді. Мәселен, соңғы уақытқа шейін қандас мәртебесін алу үшін азамат басқа елдің аумағында тұратынын айғақтауы талап етілген болатын. Алайда көпшілік жағдайда, әсіресе 1991 жылдан кейін туылғандар үшін аталған құжаттарды тапсыру қиындық туғызып, талайды әбігерге салды. Қазірде соңғы түзетулер негізінде бұл кедергі алынып тасталды да, енді қандас атану үшін Қазақстан азаматы болмағаны жеткілікті. Тағы бір мысал. Бұрынғы заң бойынша көшіп келген ағайын тұрақты тіркеу мен азаматтыққа бөлек-бөлек екі рет құжат өткізсе, бұдан былай жаңа тәртіптерге сай екеуін бір мезгілде тапсыратын болады. Мұның бәрі қандастарымыздың тез құжаттануына жол ашады. Ұлы көштің басталуы, барысы және жалғасын табуы, атамекенге қайтуды ниет еткен шеттегі әрбір қазақ баласына осындай мүмкіндікті беру –егеменді Қазақ мемлекетінің міндеті. Сондықтан бұл ауқымды іске ел басшылығы ерекше мән беріп отыр. Мұның бір айқын көрінісі – осы күндері өткен Ұлттық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген бастамасы. Оған сәйкес жоғарыда сөз болған және қандастарды Отанға қайтару жайлы тұңғыш құжат – Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданған 18 қарашаны  Ұлттық көші-қон күні ретінде ұлықтау ұсынылды. Тиісті күн ресми күнтізбеге енгізіліп жатса, елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің жарқын нышаны болары хақ.  

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы