Бопай ханым ізімен

Бопай ханым ізімен

Бопай ханым ізімен
ашық дереккөзі
  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Фолиант» баспасының «Алтын тамыр» сериясымен «Бопай ханым» тарихи туындысы жарық көрді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың сүйікті жары, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, дипломат Бопай ханым туралы тарихи романның авторы - қоғам қайраткері, жазушы Мәди Айымбетов. Билік тізгінін бекем ұстап, басқа елдермен терезесі тең қарым-қатынас орнатып, балаларын ел басқару ісіне баули білген Бопай Сүйіндікқызының өмір жолына арналған туындыда қазақ халқын жаугершілік амалымен өзіне тәуелді етуге тырысқан орыс империясының билігіне қарсы тұрған хан ордасының әскери-саяси өмірі шебер суреттеледі. Басты кейіпкер Бопай ханымның бейнесі әр қырынан көрініс тауып, ел бірлігін сақтап қалу жолындағы арпалысы баяндалады. Бопай хан тағы мұрагерлерінің анасы ғана емес, Әбілқайыр ханның кеңесшісі әрі сенімді тірегі бола білді. Қазақ хандығының ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын мәселелерді шешуде Бопайдың өзі жиналыстарда дуалы, от ауызды, орақ тілді ділмар шешендермен, дала заңының білгірлерімен тең дәрежеде сөз сөйледі. Қазақстан тарихын терең зерттеген А.И. Левшин ғылыми еңбектерінде Бопай ханымның жеке мөрі болғандығы аталып, ханым жайлы «Бопай өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті» деп жазады. Туынды авторы Мәди Айымбетов романды жазу барысында түрлі тарихи еңбектерді, архивтік материалдарды, ғалымдардың туындыларын, халық арасындағы аңыз-естеліктерді негізге алғанын атап өтеді. 4-5 жылға жуық дерек жинаған жазушы Бопайдың портреттік бейнесін жасаған Джон Кэстльдің күнделігін, И.В. Ерофееваның «1675-1821 жылдардағы қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы» (Қазақ билеушілерінің хаттары) атты жинағын, т.б. зерттеулерді ой елегінен өткізе отырып, тарихи тұлғаның бейнесін ашуда пайдаланған. Тарихын тәуелсіздік тұсынан бастау алатын «Фолиант» баспасы биыл еліміздегі қоғамдық ой-сана мен пікірді дамыту, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, ұлттық тарихымызды жаңғырту жолында бірнеше жобаларды қолға алды. Қазақ оқырмандарын әлем әдебиетінің бестселлер кітаптарымен таныстыру мақсатында баспадан соңғы айларда Стивен Кингтің «Сол», «Жасыл миль», Луиза Мэй Олкоттың «Кішкентай ханымдар», Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр», Ахмет Үміттің «Ыстамбұл естеліктері», Виктор Гюгоның «Аласталғандар», Александр Дюманың «Үш Ноян», Герман Мелвиллдің «Моби Дик немесе Ақ кит» туындылары қазақ тілінде жарық көргенін атап өтеміз.