«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматыда телевизия ардагерлерінің бюстін ашты

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматыда телевизия ардагерлерінің бюстін ашты

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматыда телевизия ардагерлерінің бюстін ашты
ашық дереккөзі

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы филиалында Қазақ телевизиясының қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев және Шерхан Мұртазаның бюсті ашылды. Сонымен бірге ғимарат қабырғасына Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы радиохабарлар және теледидар жөніндегі комитетінің тұңғыш төрағасы болған Қанапия Мұстафинннің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

 width= Аталған бастама қазақ телевизиясын басқарып, дамуына, телеөнердің қанат жаюына тың серпін берген тұлғалардың өмір жолы мен еңбегін насихаттауға бағытталған. Жиынға Кенжеболат Шалабаевтың қызы Гүлмира Шалабаева,  жиені Ербол Аймашев, Камал Смайыловтың қарындасы Ғайнижамал Әбілдина, ұлы Сәлім Смайылов, қызы Зайра Смайылова, Шерхан Мұртазаның ұлы Батылжан Мұртаза мен қызы Алма Мұртаза, жиені Мәлік Отарбай, Сағат Әшімбаевтың інісі Бақберген Әшімбаев  қатысты.
 width= «Ең алдымен, ескерткіш белгі орнату арқылы өткенімізге тағзым етіп, ардагерлерімізге құрметімізді білдіргіміз келді. Екіншіден, осы аталған телевизия ардагерлерінің жолын жалғастырушы буын ретінде уақыт алдындағы борышымыз деп білдік. Ескерткіш-бюстті дәл осы филиал ғимаратынан  ашу осында келетін жас жеткіншектер, болашақ мамандар, қатарымызда қызметте жүрген жас әріптестеріміз Қазақ телевизиясының басында тұрған тұлғаларымыз туралы көріп-біліп жүрсе деген ниеттен туындап отыр», - деді жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Сонымен бірге телевизия қайраткерлерінің еңбегін қайта жаңғырту мақсатында «Алтын қор» сайты жұмысын бастайтынын мәлімдеді.
«Бүгінде Корпорацияның «Алтын қорында» сақталған 110 мыңнан астам бейне және аудиотаспаның ішінде осы тұлғаларымыздың кезінде өздері ашқан, жүргізген, экранға шығаруға атсалысқан бірнеше хабарлары сақталған. Сол кездері ашылған «Айтыс», «Тамаша», «Терме», «Асыл мұра», «Бес ғасыр жырлайды», Сағат Әшімбаевтың «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз», Шерхан Мұртазаның «Ұлт және сана» бағдарламалары бар. «Алтын қордағы» осы сияқты ең құнды деген хабарларды арнайы «Алтын қор» сайтын ашып, жинақтауды бастадық. Бүгінде 1940 жылдардан бергі 1000-нан астам бейне жүктелді. Бұл жұмыстар жылдарға жалғасады», - деді Ләззат Танысбай.
 width= Жиынға қатысқан телевизия ардагерлері Құсман Игісінов, Намазалы Омашев, Марат Сандықбаев, Жүрсін Ерман, Фатима Бегембаева, Гүлмәрия Барманбекова, Қайнар Олжай шараның ұрпақтар сабақтастығын жалғаудағы маңыздылығын атап өтті.
 width= «Телевизия тарландарына өзі қызмет атқарған мекемесінде ескерткіш қойып, құрметтеу үрдісі жанданып жатқанына қуаныштымын. 2002 жылы радио майталманы  Әнуарбек Байжанбаевқа қоладан мүсін құйылған болатын. Қазақ телевизиясының 60 жылық тойында Совет Масғұтовқа ескерткіш қойылды. Көптің көкейінде жүрген Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза да бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұлғалар.  Бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет - жас ұрпақ үшін өнегелі, ғибратты іс, халықтың көзі мен құлағы болған Қазақ телевизиясы мен радиосы үшін көрсетілген құрмет  деп білеміз», - деді өз сөзінде телевизия ардагері Құсман Игісінов.