18 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?

18 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?

18 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1997 жылы Вашингтонда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сапары барысында Қарашығанақ мұнай-газ кеніші жөніндегі келісімге қол қойылды. Пайда үлесінің 80%-ы Қазақстанға тиесілі болды. 1999 жылы Астана қаласы көшелерінің біріне жазушы Қошке Кемеңгерұлының есімі берілді. 1999 жылы Қарағанды облысының Ульянов елді мекенінде Бұқар жырау Қалқаманұлына ескерткіш орнатылды. 2004 жылы Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде Бүкіләлемдік философия күніне орайластырылған ХХІ ғасырдағы философиялық мәдениеттер үн қатысуы тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 2004 жылы Қазақстанның Италиядағы Елшісі Италия Президентіне сенім грамоталарын табыс етті. 2004 жылы 18-19 қарашада Минскіде (Беларусь) ТМД елдерінің Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі Үкіметаралық кеңесінің мәжілісі өтті. Оған Беларусь, Ресей, Украина, Молдова, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Грузиядан салалық министрліктердің басшылары қатысты. Мәжіліс барысында Кеңес туралы Ереженің жаңа редакциясы және іс жүзіндегі қимылдар бағдары қаралды. 2005 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік Қыздар педагагогика институтында жазушы, ғалым Немат Келімбетовтің Ежелгі дәуір әдебиеті және Үміт үзгім келмейді деген кітаптарының таныстырылымы болды. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының мүлікті ресмилендіруге байланысты кешірім жасау мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы Заңға қол қойды. 2009 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен АҚШ Әділет министрлігінің Федералдық Тергеу Бюросы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың қылмыстық құқық саласындағы құқықтық қатынастардың өзекті мәселелерін шешудегі екіжақты ынтымақтастық мүддесін тереңдетуге ықпал етеді, ұйымдасқан қылмыспен және қылмыстық іс-әрекеттерден түскен кірістерді заңдастырумен күрес төңірегінде өзара құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Меморандумда прокурорларды дайындау мен олардың кәсіби біліктілігін арттыру саласында жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ ұлттық заңнама, заң шығарушылық қызмет, сот төрелігі, тергеудің озық әдістері бойынша ақпарат алмасу қарастырылған. 2010 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы туралы шартқа қол қойылды. 2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде этникааралық тақырыпта белсенді қалам тартқан БАҚ редакцияларына гранттар тапсыру рәсімі өтті. Аталған гранттарға Хабар, Қазақстан, Мир телеарналары, Казахстанская правда, Егемен Қазақстан, Ана тілі, Қазақ әдебиеті газеттері, ҚазАқпарат ұлттық ақпарат агенттігі және тағы да бірқатар БАҚ ие болды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарымен де марапатталды. 2011 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, экономика ғылымының докторы, академик Оразалы Сәбденнің 21 томдық Экономика таңдамалы жинағы жарыққа шықты. Ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылды. Жинаққа ғалымның әр жылдары жарық көрген іргелі монографиялары, оқулықтары, мақалалары мен Елбасына, Қазақстан Үкіметіне және Парламентіне жазылған хаттары топтастырылған. 2011 жылы Мәскеуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев және Беларусь Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды. Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты бекітті. Үш елдің президенттері Жоғары экономикалық кеңестің мүшелері ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының Регламенті туралы Шешімге қол қойды. 2011 жылы Жамбыл облысында өңірдегі 7 кереметті анықтау бойынша ауқымды халықтық байқау өтті.