Бәс тігетіндер букмекерлік кеңселерге тәуелді болып барады

Бәс тігетіндер букмекерлік кеңселерге тәуелді болып барады

Бәс тігетіндер букмекерлік кеңселерге тәуелді болып барады
ашық дереккөзі
Бұған дейін қазақ жұртына букмекерлік кеңсе деген түсінік жат болатын. Алайда бүгінгі күні бұл ұғым жасқа да, жасамысқа да таңсық емес. Компьютер мен ойын автоматтарына жіпсіз байланып, букмекерлік кеңселерде бәс тігуді күнделікті әдетке айналдырған жандардың көбейгені алаңдаушылық тудыратындай жағдай. Бір кездері елімізде казинолардың есігіне қара құлып салынғанда, құмар ойындарға тосқауыл болар деп үміттенгенбіз. Бірақ бүгінде казинолардың орнын букмекерлік кеңселер басты. Әйгілі Билл Гейтс «әр үстелде және әр үйде – компьютер» идеясын жүзеге асырғаннан кейін «жастардың уақытын ұрлап жатырмын» деп ақ ұрған көрінеді. Оның қатты өкінетін де жайы бар. Өйткені бүгінде бар уақытын компьютерлік ойындарға арнап, букмекерлік кеңселерде бәс тігуден жалықпайтын жандардың қоғамы қалыптасқан сынды. Ойынханалардың орнын басқан букмекер кеңселері қоғамға өз қаупін туғызып отырғанын жасырудың қажеті жоқ. Арнайы залдарға барып, спортпен айналысқаннан гөрі букмекерлік кеңселерде спортшылардың бағы мен бабы үшін қалтасындағы қаражатын бәске қоятынына етіміз үйреніп кеткелі қашан. 2000 жылдың бас кезінде еліміздің кез келген жерінде ойын автоматтары ешбір кедергісіз жұмыс істеді. Кейін «Ойын бизнесі туралы» жаңа Заң қабылданып, аталмыш сала біраз ретке келгендей болған. Бірақ бүгінгі күні ойынханалардың орнын басқан букмекер кеңселерінің саны күрт арта бастады. Букмекер кеңселеріне бәс тігу арқылы тез баюға деген құмарлық ең әуелі кірісі төмен адамдарды, әсіресе, жастарды баурап алуда. Психологтардың айтуынша, әлемде құмар ойындарына деген тәуелділік есірткіге тәуелділік секілді тез белең алады екен. Ал тәуелділікке ұшыраған адам бүкіл шаруасын тастайды, есіл-дерті ойында ғана болып, еркінен айырылады. Сонымен қатар, мамандар букмекерлік кеңселерге тәуелді болған жандар сәтсіздікке ұрынған сәтте өз-өзіне қол жұмсауға, қарызын төлеу үшін отбасының, ата-анасының дүние-мүлкін сатуға дейін барып, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсуі мүмкін екендігін де айтады. 2014 жылы елімізде 13 казино, 8 ойын автоматы залы, 37 букмекер кеңсесі, 2500-ге жуық ставка қабылдау пункттері тіркелген екен. Ал бүгінде олардың саны артпаса кемімегені анық. Ресми деректерге жүгінсек, казино мен ойын автоматтарының нарығы шамамен жылына 150 миллиард теңгені, яғни, 810 миллион долларды құрайды. Бұл қыруар қаражат. Сарапшылар сол қаражаттың басым бөлігі қылмыстық жолмен алынатынын айтады. Сонымен қатар, осы саладағы қылмыстар саны да жыл өткен сайын көбейе түсуде. Мәселен, қаржы полициясы 2010 жылы – 34 қылмысты ашса, 2013 жылы ойын бизнесі саласындағы қылмыстар саны 500-ден асқан. 2012-2013 жылдары 78 жасырын казино мен 208 ойын автоматтары қызметінің жолы кесілген, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 5 есеге артық.

Бәс тігу – құмар ойын ба?

Бәс тігу ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған. Алғашында «бәс» тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тігілген. Кейінірек бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылды. Ал ХХ ғасырдан бастап спорттың кез келген түріне бәс тігілетін болды. Бәс тігу бизнесі елімізге негізі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында келді. Мамандар бізге бұл кәсіптің Ресейден келгенін айтады. Негізінен, букмекерлік кеңселердің әлемдік спортта алар орны ерекше. Әлем біріншілігі, Олимпиада ойындары секілді дүбірлі додаларда букмекерлік кеңселердің берген болжамдары мен бағалары есепке алынып отырады.  Тіпті, әлемдік спортта букмекерлік кеңселерге қатысты дау-дамайлар да орын алған. Теннис, футбол, бокс секілді спорт түрлерінде букмекерлер белгілі деген спортшылармен жымысқы әрекеттер арқылы келісімге келіп, спорттық ойындардың тағдырына тікелей араласып отырады деген деректер де бар. Бәс тігу де құмар ойындарға жатады. Мұндай ойын түрін француз Пьер Олер ойлап тапқан. Букмекерлік кеңселер Еуропа елдерінде аса көп емес. Мәселен, бәс тігуге тек Англияда ғана ресми түрде рұқсат етілген. Еуропа елдері букмекерлік ойындар тиімді болса, ендігі әр үйден бір букмекерлік кеңсе ашар еді. Бірақ дамыған батыс елдерінде бұл ойындарға қатаң тыйым салынған. Өйткені букмекерлік кеңсе – казиноның бір түрі. Мұнда да сол ақша тігіледі, алайда жеңімпаздың кім екенін ешкім де дөп басып айта алмайды. Ал біздің елде бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің 180-нен астам филиалы жұмыс істейді. Онымен қоймай, «Зенит», «Betcity», «Гол+Пас», «Tennisi», «MegaBet», «Profit» деген кеңселердің де бөлімшелері аз емес. Демек, букмекерлік кеңселерден түсетін пайда мол. Әйтпесе, мұндай ойындарды ұйымдастырушылар сонша тер төкпес еді. Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, бұл клубтар 70-30 немесе 80-20 шартымен жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – келушілерге күндік табыстың 20 немесе 30 пайызы ғана жеңіске беріледі. Ал келушілерге қойылатын басты талап – кем дегенде 500 теңге бәс тігу. Букмекерлік кеңселерге кіру үшін жасыңның 21-ге толуы да міндетті. Қазақстан Республикасы «Ойын бизнесі туралы» Заңының 15-бабында көрсетілгендей, букмекерлік кеңселердің 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Алайда заңды белден басқандар туралы ақпаратты да естіп жатамыз. Өйткені мұны ұдайы бақылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан, мұндай орындарда сан түрлі заң бұзушылықтардың орын алып жатқаны анық. Футбол мен кәсіпқой боксшылардың ірі ойындары кезінде букмекерлік кеңселер адамға толы болатын көрінеді. Мұндай кездерде букмекерлер ірі жеңілістің алдын алу үшін түрлі жымысқы әрекеттерге барады. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселерде спорттан өзге мемлекетте орын алып жатқан түрлі оқиғаларға да бәс тігіп, бағыңды сынауға болады. Тіпті, ғаламтор арқылы ойнауға да жағдай қарастырылған. Бірнеше жыл бұрын букмекерлік кеңселерді жабу туралы мәселе Парламентте  көтеріліп, қызу талқыға түскені белгілі. Мәжіліс депутаттары букмекерлік кеңселердің күрт артуын қауіп санап, бұларды құмар ойындар қатарына жатқызуды, тіпті Белоруссиядағыдай букмекерлердің қызметіне тыйым салу туралы ұсыныс білдірген. Сол кездегі депутат Рауан Шаекин: «Бұрын казино мен ойын автоматтарына уланғандар қазір осы кеңселерден шықпайтын болды. Міне, осыларды құрту керек. Өйткені  қазіргі букмекерлік кеңселер құмар ойындар алаңына айналып барады. Бұл – азарт ойындарының бүркеншік көрінісі», – деген еді. Сонымен қатар, бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бәстесуге құмартқандардың қалтасын қаққан сауықты құрту емес, керісінше, оны заңдастырып, ойын қызығына батқандардың ұтылған ақшасын қазынаға құю қажет деген пікірін айтқаны да белгілі. Қалай дегенмен де, бәс тігуде белсенділік танытатын жандардың букмекерлік ойындарға деген әуестігі басылар түрі көрінбейді. Бүгінгі күні талайлар букмекерлік кеңсені жағалап жүргенін көзіміз көріп, құлағымыз естуде. Бәс тігуді құмар ойын деп санамайтындардың қатарында жасөспірімдер де, орта жастан асқан аға буын өкілдері де бар. Букмекерлік кеңселерде қызмет ететін мамандардың сөзіне сенсек, мұнда 14 пен 60 жас аралығындағы азаматтар жиі бас сұғады екен. Тіпті, 30-дан асқан келіншектер де кездесетін көрінеді. Осындай ойындардың кесірінен қолындағы ақшасын, басындағы баспанасын бәйгеге салып, отбасының шырқын бұзу бүгінгі қоғамның кеспірсіз келбетіне айналып барады.

Оңай олжа орға жықпасын...

Ақша жүрген жерде қулық-сұмдықтың да болатыны заңдылық. Спорттың кейбір түрлерінде букмекерлер өз қалағандарын жасау үшін жымысқы әрекеттерге барады. Бірте-бірте букмекерлік кеңселер адамдарды алдаудың орталығына айналуда. Мәселен, өткен жылы табысын жасырып, салық төлеуден жалтарумен аты шыққан «Олимп» букмекерлік кеңсесі алматылық жігіттің 12 миллиондай теңгесін қайтармай әуреге салған. Букмекерлер өздері қабылдап алған бәсті мойындамай қойған. Ал ақшасын даулаған жігіт соттасса да ештеңе өндіре алмады. Асланбек Жамалов теннис ойынына үш мәрте ақша тігіп, жалпы қорытындысы 11 миллион 800 мың теңге ұтып алған. Алайда достарымен бірге арқа-жарқа қуанған көңілі көпке ұзамай су сепкендей басылды. «Олимптің» қаржылық қитұрқылығына қатысты бұл бірінші жәйт емес. Букмекерлік кеңсе 2014 жылы да 400-ден аса кассасының кірісін жасырып, мемлекетке 300 миллион теңге салық төлеуден жалтарған болатын. Ал Ақтөбеде компания ақшасын букмекер кеңсесіне ұттырып жіберген қала тұрғыны полицейлерге тоналғаны туралы жалған ақпарат берген. Ол қаладағы орталық стадион маңында тұрып, полицияға қоңырау шалады. «Кешкілік 102 нөміріне 22 жастағы қала тұрғыны телефон шалды. Ол өзін белгісіз адамдардың ұрып-соққанын және ақшасын ашық түрде тартып алғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен жол-патрульдік қызметтің жасақтары барды. Жүргізілген жедел тергеу іс-шаралары нәтижесінде бұл азаматтың полицияға жалған хабарлама бергендігі анықталды», – дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Алмат Иманғалиев. Айта кетейік, тергеу кезінде оның қаладағы жеке компаниялардың бірінде жұмыс істейтіні, серіктестіктің қаржысын букмекер кеңсесінде ұттырып алғаны белгілі болды. «Құмар ойынға салынған жас жігіт осылайша тығырықтан шығар жол іздеген. Оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру» бабымен іс қозғалды. 22 жастағы жігітке 63 мың теңге айыппұл салынды», – дейді А.Иманғалиев. Букмекерлік кеңселерге бас сұққандарын ерсі көрмейтіндерге мамандар бұл құмар ойындардың қатарына жататын кәсіп дейді. Ал құмар ойындарды ойнау асыл дініміз бойынша харам саналады. Бәс тіккен адам өз пайдасын ғана ойлайды және ұтқан жағдайда ол ақша жеңіл жолмен табылған ақша болмақ. Ал адал жолмен, маңдай тер, табан ақымен келмеген ақша қашанда харам. Соңғы уақытта еліміздің шаһарларында букмекерлік кеңселерге бәс тігуді, тіпті, мұны интернет арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беру арқылы жарнаманы жарқыратуды әдетке айналдырып алғандаймыз. Осының әсерінен қалтасының жұқалығына қарамастан бәс тігуден бас тартпайтындардың қатары көбейді. Тіпті, отбасының тыныштығын бұзып, дүние-мүлкін де букмекерлік кеңселердің құлқынына жіберіп жатқандарға тоқтау салу қолдан келмей отыр. Әрбір азамат бәс тігудің құмар ойын екенін, ал құмар ойынның қарапайым жұрттың қалтасын жұқартатынын есте сақтағаны абзал. Оның үстіне, бір рет бәс тіккен адам тәуелділік ауруына шалдығады. Мұны психолог мамандар да растайды. Қалай десек те, букмекерлік кеңселердің жұмысына түпкілікті тосқауыл қою мүмкін емес. Бірақ әр нәрсенің шегі болатындығын естен шығармағанымыз жөн болар еді.