Жаңалықтар

Қой бағуға шығып, жоғалып кеткен бала аман-есен табылды

Қызылорда облысында мал бағуға шығып, бір күннен бері хабарсыз кеткен 12 жасар бала аман-есен табылды.

Оқиға кеше Қазалы ауданына қарасты Ажар елдімекенінде тіркелді. 2009 жылғы бала сол күні 9.00 шамасында елдімекеннің кезекпен бағылатын қойын жаюға шыққан. Алдында 200-ге тарта қой болған. Шығыс беткейдегі 10-15 шақырымда орналасқан «Үшағаш» деген мал жайылымдық жерге қарай бағыт алған. Содан бір күн бойы хабарсыз кеткен.

Жоғалған бала бүгін ауыл маңындағы Қаңбақшал учаскесінен аман-есен табылды. Бұл жөнінде аудан әкімдігі хабарлады.

«Бұл оқиға аудан әкімдігінің тікелей бақылауында болды. Оқиға орнына аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары барды. Іздеу жұмысына 10-нан астам автокөлік пайдаланылды. Аудандық полиция бөлімі, Жанқожа батыр атындағы шекара бекеті, аудандық төтенше жағдайлар, аудандық білім бөлімдері, Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері мен Кәукей ауылының еріктілері, жергілікті тұрғындар іздеуге қатысты. Барлығы 50-ге жуық адам аталған шараға жұмылдырылды», – деп хабарлады Қазалы ауданы әкімдігінен.

Мәлім болғандай, бала түнгі уақытта қойлардың арасын паналап жатқан. Өткен тәулікте өңірде қар жауып, ауа райы күрт суытып кетті.

Back to top button