Nur Otan

«Nur Otan» депутаты көпбалалы анаға 5 бөлмелі үй сыйлады

«Nur Otan» депутаты Түркістан облысындағы көпбалалы анаға баспана сыйлады.

Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Қарағұр ауылының тұрғыны Мақпал Тұрсынбаева кәмелетке толмаған төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жылдар бойы ол жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болды. Өйткені оның тапқан табысы үй сатып алуға жетпейтін еді.

Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Бағлан Сүгірбаев жалғызбасты ананың жағдайын есітіп, оған бес бөлмелі жаңа жеке үйді сыйға тартты.

«Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жанға көмек қолын созу – біздің азаматтық парызымыз», – дейді халық қалаулысы.

Өз кезегінде көпбалалы ана баспаналы болсам деген арманын орындаған нұротандықтарға алғысын білдірді.

Айта кету керек, депутаттың Созақ ауданы тұрғындарына жасап жатқан игі істері бұнымен шектелмейді. Бұған дейін Бағлан Сүгірбаев 50 отбасын көмірмен қамтамасыз еткен.

Еске сала кетейік, Түркістан облысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға «Nur Otan» партиясынан 263 депутат сайланған. Жыл басынан бері облыста барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 1433 қабылдау өткізіп, тұрғындардың 3844 өтінішін қарады.

Back to top button