ЖаңалықтарТәуелсіздік – 30

16 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?

1993 жылы Германиядағы Нюрнберг қаласы экономикалық даму және маркетинг гильдиясының Үлкен алтын медалі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.

2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды.

2004 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызды қалалар, астана бюджеттері арасында жалпы сипаттағы ресми трансферттер көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2005 жылы Түркістанда тоқымалық емес мақта талшықтарын және косметикалық мақта спонждарын шығаратын зауыт іске қосылды. «Фараб» индустриялық кешені – қазір оңтүстікте жасалып жатқан мақта-мата кластері тізбегіндегі жаңа буын. Комбинат ағартылған мақта талшығын, медициналық мақта, тоқымалық емес мақта талшығын, косметикалық және гигиеналық мақта спонждарын шығаруға бейімделген. Кәсіпорын Германияның, Ұлыбританияның, Италияның, Оңтүстік Кореяның жетекші өндірісшілерінің қазіргі заманғы техникаларымен жабдықталған.

2007 жылы Алматы облысы, Сарқан қаласында аты аңызға айналған теміржолшы, Түрксібтің Шоқпар нұсқасындағы жобасының авторы мен орындаушысы Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш қойылды. Салтанатты бөлімнен кейін облыс әкімі, аты аңызға айналған теміржолшының ұрпағы және саяси қайраткерлер ескерткіш жанына жас шыршалар отырғызды.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысы Қабанбай ауданында дүниеге келген. 1890 жылы Верный қаласына оқуға кетеді. Оны үздік бітіріп, І Александр атындағы Санкт-Петербург Императорлық теміржол инженерлері институтына түседі. Саяси өмірге белсене қатыса отырып, ол туған өңірінен Ресей Мемлекеттік Думасына ІІ шақырылымның депутаты болып сайланады 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін М.Тынышбаев саяси қызметке кірісті. 1937 жылы М.Тынышбаевтың өмірі қайғылы үзілді. Ол халық жауы ретінде екі рет сотталып, одан кейін ату жазасына кесілген. 2009 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 130 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді.

2009 жылы Астанада Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан көпір толықтай іске қосылды. Көпірдің құрылысы 4 жылға созылды, оның жалпы ұзындығы 1825 метрді құрайды және онда 13 мыңнан астам металл және 8 мыңға жуық бетон құрылымдары пайдаланылған. Сондай-ақ эстакадаға 1361 діңгек қосымша қағылды. «Біздің қалада мұндай ұзындықтағы көпірлер әлі салынған жоқ және ол тәулігіне 100 мыңнан астам автокөлікті өткізуге қабілетті. Бұл көпірмен Бөгенбай даңғылы мен Уәлиханов көшелері арқылы Ақжол көшесіне, Павлодар күре жолына және Ағаш зауыты шағынауданына түсуге болады.

Эстакаданың ені 47 метр, ол 8 жолақ қозғалысқа есептелген. Ал 2009 жылдың шілдесінде эстакаданың сол жақ бөлігі іске қосылған болатын.

2009 жылы Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған пошта маркасының таныстырылымы өтті. Шараға ақынның туыстары, әріптестері ақын-жазушылар, Алматы қаласы әкімшілігінің қызметкерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті

Әбділда Тәжібаев (1909-1998) – көрнекті ақын, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген. 30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. 1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған. Оның «Өмір мен поэзия» «қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерттеулері, көптеген сын мақалалары жарияланған. «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» атты сын, эссе, прозалық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан. Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнаған.

2009 жылы Беларусьта Қазақстан студенттерінің кеңесі құрылды.

Кеңестің негізгі мақсаты – Беларусьта шоғырланған қазақстандық студенттер қауымдастығын қалыптастыру.

2011 жылы Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының жанындағы мемлекеттік алтын және бағалы металдар мұражайында «Тәуелсіздік тағылымы» атты фотожұмыстар көрмесі өтті. Көрмеде «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің фототілшісі Мұхтар Холдорбеков арнайы жүлдемен және дипломмен марапатталды.

2011 жылы Петропавлда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев – ХХІ ғасырдағы жаһандық энергетика жасау және орнықты даму стратегиясының авторы және бастамашысы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

2011 жылы Тәжікстанның Қорғантөбе қаласында Қазақ киносының күндері ашылды.

2012 жылы Астанада Ұлттық академиялық кітапханада 45 кітаптан тұратын «Жаңа заман әдебиеті» сериясының таныстырылымы болды.

2012 жылы ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы Лев Гумилевтің жүз жылдығына Астанада ескерткіш күнтізбе басылып шығарылды.

2012 жылы Астанада «Сарыарқа» велотрегінің аренасында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі ашылды. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

2015 жылы Норвегия Корольдігінде Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды.

2015 жылы Лондонда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерінің жинағы «Leadership Perspectives» кітабы жарық көрді. Кітап ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта халықаралық саясаттың өзекті проблемалары, Қазақстанды жаңғырту мен экономикалық дамыту, институционалдық реформалар секілді көптеген өзекті мәселелер туралы сөйлеген сөздері мен баяндамаларын қамтиды. Жинаққа Ұлт көшбасшысының күнделікті қызметін көрсететін 30-дан астам фотосурет енген, соның 18-і шет мемлекеттер басшыларымен кездесу кезінде түсірілген.

2016 жылы Астана қаласында Орынбор және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында Никола Тесла атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Никола Тесла – бүкіл әлемге танымал ғалым, өнертапқыш, физика, радиотехника, электротехника салаларында 700-ден астам патенттің авторы.

2016 жылы «Қазпошта» Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне арналған маркалар шығарды. Пошта маркаларына 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Олимпиада ойындарының алтын және күміс жүлдегерлері: олимпиада чемпиондары – Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин және Нижат Рахимовтың; күміс медаль иегерлері – Гүзел Манюрова, Жазира Жаппарқұл, Василий Левит, Елдос Сметов және Әділбек Ниязымбетовтің бейнесі түсірілді. Маркалар 40 мың данамен шығарылды. Номиналы – 200 теңге.

Back to top button