Жаңалықтар

Алматыда автобустың төбесіне шығып, отшашу атқандар ұсталды

Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының мәліметінше, бұзақылық жасаған жастар анықталды.

«Төрт адам ұсталды. Әрқайсысының өз рөлі болған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі – ұялы телефон камерасына түсірген тағы екеуі – тікелей орындаушылар, олар қоғамдық көліктің төбесіне шығып, фейерверк атқан. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар», – дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабымен іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар, бұзақылардың әрекетінде ҚР ӘҚбК-нің 436-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар.

Полиция өкілі қоғамдық көлік жолаушыларына нақты қауіп төндірген жастардың мұндай келеңсіз әрекеттерінің шынайы себебін тергеу анықтайтынын атап өтті.

Автобус төбесінен секірген бұзақылардың бірі басынан жарақаттап алған.

Еске салайық, жүріп бара жатқан автобустың төбесіне шығып, фейерверк жаққандардың әрекеті әлеуметтік желіде тараған болатын.

Back to top button