Жаңалықтар

Қытайда Ресейден импортталған тауарлардан коронавирус табылды

Ресеймен шекаралас аймақта орналасқан Хэйхэ қаласына (Хэйлунцзян провинциясы, Солтүстік-Шығыс Қытай) Ресейден импортталған тауарлар қаптамаларынан коронавирус үлгілері табылды. Бұл туралы қаланың Ауруды бақылау және алдын алу орталығы мәлімдеді.

ҚазАқпараттың ТАСС агенттігіне сілтеме жасап жазуынша, сенбіде Хэйхэ билігі Ресей Федерациясынан импортталған тауарлар сақталатын қалалық қоймада тексеру жүргізген. Құжатта көрсетілгендей, коронавирус ресейлік өнімнің төрт түрінің сыртқы қаптамасынан анықталған. Олар: KONTI брендінің шоколадты вафлиі (шығарылған күні 4 тамыз), KONTI печеньесі (4 тамыз), KONTI қауын дәмімен желе кәмпиттері (17 тамыз), сондай-ақ құрғақ сүт (2020 жылғы 8 қазан).

Вирус анықталған қаптамалардың нақты саны туралы хабарланбаған.

WeChat әлеуметтік желісіндегі орталықтың ресми аккаунтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, Хэйхэ билігі аталған өндіріс күні аталған өндірістің көрсетілген күні шығарылған өнімін алған азаматтарды тауарларды дереу дезинфекциялауға, сондай-ақ бұл туралы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығына хабарлауға шақырды.

Сонымен қатар, аталған тауарларды өткізу орындарында жүргізілген тексеріс кезінде коронавирусқа тест теріс нәтиже көрсетті.

Ресейдің Қытайдағы сауда өкілдігі бейсенбіде хабарлағандай, Ресей Федерациясымен шекаралас кейбір Қытай қалаларының билігі коронавирусқа байланысты өнімдер импортына жаңа шектеулер енгізді. Мәселен, 10 қарашада Хэйлунцзян провинциясындағы Суйфэньхэ шекаралас қаласының билігі «Суйфэньхэ-Пограничный» теміржол өткізу бекетінің әкімшілігінен кейбір импорттық азық-түлік өнімдерін әкелуге уақытша шектеулер енгізуді талап етті.

9 қарашадан бастап «Забайкальск-Манчжурия» шекара өткелі орналасқан Хулун-Буир қалалық округі (Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы, Қытайдың солтүстігі) да барлық бақылау-өткізу пункттері арқылы салқындатылған азық-түлік пен басқа да тасымалданатын өнімдерді импорттауды тоқтатты.

Back to top button