Жаңалықтар

Бас бостандығынан айырылуы мүмкін: Өскеменде аю атқан браконьер ұсталды

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары өңір аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында «Браконьер» жедел алдын алу шарасын жүргізуде.

Шара барысында полиция қызметкерлері Тарханка ауылының маңында мылтықпен аю атып өлтірген Өскемен қаласының 51 жастағы тұрғынын ұстады. Етті өзіне қалдырған күдікті аюдың табанын сатып жібермек болған.

«Бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабына (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын мөлшері анықталуда. Күдікті 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Жедел алдын алу шарасы басталғалы бері барлығы 360-тан астам рейд өткізіліп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 605 фактісі тіркелді. Сонымен қатар 10 браконьер ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Back to top button