Жаңалықтар

Бүгін Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні

Бүгін Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні және ҚР қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Төл валютамызды дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен еді.

Содан кейін қазақ валютасын салған суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.

«Теңге» сөзі – түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталарының атынан пайда болған. Осылайша теңге атауының қайта оралуы – XIII ғасырда өз монеталары соғыла бастаған еліміздің Отырар мен Тараз сияқты ірі қаласының дәстүрін жалғастырды, – деп жазды ҚазАқпарат.

1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.

1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне және әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Бұл жайында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еске алған еді: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»…

1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.

2006 жылы 15 қарашада 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар жаңа дизайнда жарыққа шықты.

Қазіргі уақытта банкноттар Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Теңгенің алғашқы банкноттарында Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Абай, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр хан, Абылай хан, әл-Фараби сынды белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгедегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталды, дизайндары өзгертілді.

Қазақстан теңгесі өз тарихында үш жыл қатарынан «Үздік банкнот» атағын алған валюта ретінде тарихта қалды. Жыл сайын халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын анықтайды. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкнотына берген болатын. Келесі жылы да ҚР Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді.

Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы берілген. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Сондай-ақ, теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта – 1 рубль – 5,96 теңге, 1 АҚШ доллары – 429,59 теңге.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

Back to top button