Жаңалықтар

15 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1991 жылы 15 қарашада Ақмола қаласында Қазақ музыкалық драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды.

Театрдың ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Ж.Омаров болды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», М.Әуезовтің «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ж.Мольердің «Скапенің айласы», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш», Б.Ұзақовтың «Үміт», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн», т.б. спектакльдері бар. Театрға 1993 жылы Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді.

1993 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы айналымға енгізілді. «Теңге» – ортағасырдағы түркілердің күміс ақшаларының атауы. Қазақстанда ұлттық валютаны енгізуге қатысты ақша бірлігінің атауын «теңге» деп белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауық Тәкежанов ұсынған.

2013 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, еңбек сіңірген спорт шебері Виктор Сайко есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Гір көтеру спортынан әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарында В. Сайко 20 алтын медаль жеңіп алды, екі мәрте Әлем, Еуропа, Азия және Еуразия рекордтарын орнатты. Ірі халықаралық жарыстарда 55 алтын медаль жеңіп алған.

2016 жылы ҚР Ұлттық банкі 5 мың теңгелік мерекелік күміс монета шығарды. Монетада «Қазақ елі» монументі мен ұлттық киім киген түрлі ұлттардың өкілдері бейнеленген. Монета шығып келе жатқан күннің бейнесімен безендірілген. Оның салмағы 777,5 грамм.

2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, Эритреядан санкцияларды алып тастау туралы қарарды қолдады. 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали мен Эритреяға қатысты санкциялар жөніндегі комитетін басқарды.

2019 жылы Ресейдің Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші», деп жазылған.

Back to top button