Таразда 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 80 жылдығына арналған сыр-сұхбат өтті

Таразда 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 80 жылдығына арналған сыр-сұхбат өтті

Таразда  8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 80 жылдығына арналған сыр-сұхбат өтті
ашық дереккөзі
Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында орналасқан Даңқ залында екінші Дүниежүзілік соғыста Москваны неміс-фашистерінен қорғауға қатысқан Алматыда жасақталған 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 80 жылдығына орай Б.Момышұлының "Москва үшін шайқас" кітабы бойынша дөңгелек үстелде сыр-сұхбат болып өтті. Әйгілі 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы– Алматыда жасақталған әскери құрама (1941). Тұңғыш командирі – И.В. Панфилов. Алғашында 316-атқыштар дивизиясы болып жасақталып, Мәскеу түбінде көрсеткен ерен ерлігі үшін 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы аталды. Құрамы Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстары мен Кырғызстан тұрғындарынан жасақталды. 1941 жылы 17 тамызда Солтүстік-Батыс майданға жіберілді. Алғаш ұрысқа 6 қазанда Батыс майданның генералы К.К.Рокоссовский басқарған 16-армиясы құрамында Мәскеу қорғанысының шешуші учаскелерінің бірі - Волоколамск бағытында кірді. Мәскеуді қорғаудағы теңдессіз ерлігі үшін дивизия 1941 жылы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталып, 18 қарашада Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы деген атақ алды. 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі И.В. Панфилов есімі берілді. Дивизия 1941 жылы 15 желтоксанда 16-армияның құрамынан Ставканың резервіне (16-30 желтоқсан) өтті. Оның командирі болып генерал-майор И.М.Чистяков тағайындалды. 1942 жылы16 наурызда Солтүстік-Батыс, Калинин майдандарында көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен марапатталды. 1942-43 жылы Ловать өзенінде Холм қаласы түбінде қорғаныс ұрыстарын, 1944 жылдың басында 2-Прибалтика майданында Пушкин таулары мен Новосокольники түбінде шабуыл ұрыстарын жүргізді. Режица (Резекне) қаласын азат еткені үшін «Режицалық» құрметті атағы берілді, Риганы босатуға атсалысқаны үшін 2-дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. 1945 жылдың көктемінде жаудыц 350 мыңдық Курляндия тобын талқандау операциясына қатысты. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде дивизияның 36 адамы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде Б.Момышұлы (1990 жылы берілді), В.Клочков, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, И.Курганский, И.Шапшаев, А.Қосаев, М.Сеңгірбаев, А.Крючков, Я.Бондаренко, т.б. бар. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлік табандылық пен ерліктің, Отанға шексіз берілгендіктің үлгісі ретінде тарихта қалды. Мыңдаған жауынгер мен командирлер, саяси қызметкерлер орден, медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін дивизия моторландырылған атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. 1954 жылы дивизияның жауынгерлік даңқ мұражайы ашылды. Бұл дивизия құрамында қандастарымыздың ерлігі әлемге белгілі болды. Батырларымыздың ерлігін өскелең ұрпақ жадында тағы бір рет жаңғырту үшін өткізілген іс-шараға «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлері, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-3 курс студенттері мен дайындық курсының тыңдаушылары және Тараз қаласы Б. Момышұлы атындағы 45-гимназияның ұжымы қатысты. М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті "Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Нвйзабаев "Москва үшін шайқас" повесі — әскери-патриоттық шығарма" деген тақырыпта баяндама жасады. Іс-шараны орталықтың жетекшісі Жібек Өтеш жүргізді. М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Т. Мұқашев, 45-гимназияның мұғалімі А. Амангелдиева және тағы басқалар дивизия мен Б. Момышұлының шығармасы жайлы пікірлерін ортаға салды. Университет студенттері мен гимназия оқушылары сыр-сұхбатқа белсене қатысты.