Жаңалықтар

Елордада Мұқағали Мақатаев атында зал ашылады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақыны, Алаш жұрты үшін мәртебесі биік ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залының ашылу салтанаты өтеді. Іс-шара15 қараша күні сағ. 15.00 де басталады. Бұл жөнінде Ұлттық академиялық кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев; ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова; мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы Мырзатай Жолдасбеков; ақын, Қазақстан жазушылар одағының басқарама төрағасы Ұлықбек Есдәулет; филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметов; фольклоршы ғалым, Қазақстан Ұлттық  Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сынды қоғам қайраткерлері мен шығармашыл жастар қатысады.

Ғасыр ақыны, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залының ашылуындағы негізгі мақсат қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі М.Мақатаевтың мол мұрасын насихаттау, оқырмандарды әдебиетті сүюге және өлең құдіретін бағалай білуге баулу,  қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау, жастардың өз бойындағы талантын ашуға, ғылыми ізденіске бейімделуге, тұлға болып қалыптасуына жол ашар тағылымды-танымдық орта қалыптастыру.

Мұқағалидің «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек»(1972 ж.), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің»(1975 ж.), «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!»(1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали  Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды.

Back to top button